Бүгінгі таңда сауда орындарының, маркетплейстердің басым бөлігі тауарды тек қолма-қол ақшаға емес, несие мен бөліп төлеу арқылы да ұсынады. Енді мұндай жағдайда бірден екі баға қатар көрсетілуі ықтимал.
Отандық сауда орындарына жаңа міндет қойылуы мүмкін. Анығын айтқанда, құзырлы органдар саудагерлер тауардың қолма-қол ақшаға және бөліп төлеу, несие ресімдеуге алған кезде бағасы қалай болатынын ашық көрсетуі тиіс екенін айтады.
— Сауда желілері тауарлық банктер арқылы тауарлық несие мен бөліп төлеу тетігін ұсынатынын көріп жүрміз. Бұл ретте артық үстемеақы қосылмауы үшін сауда сөресінде екі баға қатар көрсетілуі керек деп есептейміз. Қарыз алушы бұл тауарды несиеге алған кезде қандай сома көлемінде артық төлем жасайтынын білуі тиіс. Егер қолма-қол ақшаға алса – бір баға, бөліп төлеуді ресімдесе бір баға болғаны дұрыс, — деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Ұлттық банк, Сауда министрлігімен бірлесіп, жіті қаралмақ.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.