Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелері аясында мемлекеттік қызметтерді алуы үшін бірыңғай жиынтық төлем аударып келді. Ол осы санаттағы тұрғындарға берілген жеңілдік еді. Енді төлемнің аталған түрін қолдану мерзімі аяқталмақ.

Бірыңғай жиынтық төлем бастапқыда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін қарастырылған. Егер олар тек жеке тұлғаларға қызмет көрсетсе және олардың кірісінің сомасы жылына 4 миллион теңгеден аспаса осы жүйені пайдалана алады. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, былтыр облыс бойынша 14,5 мың адам бірыңғай жиынтық төлем аясында 105 млн теңге жеке табыс салығын төледі. Осы жылдың жеті айында өзін-өзі жұмыспен қамтыған 15 мың азаматтан 53 млн теңге салық түсті.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай жеңілдетілген салық түрінің тоқтатылатын күні таяу. 2019 жылы қолға алынған уақытша жүйе жыл соңына қарай аяқталмақ. Бұған басты себеп – жеке тұлғалардың кірістерін декларациялауға кезең-кезеңмен көшу. Сол кезде азаматтар кірістің көлемін көрсетуі керек. Бұған дейін кәсіпкерлік қызметті тіркемеген өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар енді кәсіпкер болуды немесе жалдамалы қызметкер болуды таңдауы керек.

Бұл ретте жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда тиісті салық режиміне сәйкес міндетті төлемдер жасайды.

Бюджетке төлемі алынған кірістен 1 пайызды құрайды, бұл — жеке табыс салығының мөлшерлемесі. Жеңілдікті санаттарға жатпайтын кәсіпкердің әлеуметтік төлемдерінің ең төменгі сомасы 14 350 теңге екенін де атап өткен жөн. Тарқатып айтсақ, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары 7000 теңге болады. БЖЗҚ жеке шотқа есептеледі және оның зейнетақы жинақтарын қалыптастырады. Әлеуметтік ауда­рымдар — 2450 теңге. Олар да әрбір тұлғаға есептеледі және әлеуметтік аударымдарды анықтайды. Мысалы, мүгедектік бойынша төлемдер, бала күтімі бойынша демалысқа шығу және МӘСҚ басқа да төлемдері қарастырылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар – 4900 теңге. Бұл — қажет жағдайда медициналық мекемеге жүгіну үшін қажет төлем. Осылайша, әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 14 350 теңге көлемінде болады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.