Осыдан бірнеше жыл бұрын ел тұрғындарына зейнетақы қорындағы жинақ қаражаттың жасқа байланысты белгіленген шекті көлемінен асқан сомасын шешіп алуға мүмкіндік берілген еді. Бұл шек қазіргіден анағұрлым төмен болған тұста тұрғындар ай сайын жалақысынан бөліп, жинап жүрген қаржысының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, ем алу сынды маңызды бағыттарға жұмсады.

Жоғарыда аталған мақсаттарға ақша аударар кезде салымшының алдында екі таңдау тұрады: алған соманың
10 пайызын салық ретінде бірден төлеу немесе зейнетке шыққан соң есептесу. Кейбірі жеке табыс салығы ретінде ұсталатын көлемнің сол сәтте алынғанын қалайды. Айталық, 750 мың теңге аударар болса,
75 мың теңге бірден мемлекет «қалтасына» салық ретінде түседі. Енді бірі бұл соманы кейінге шегереді. Бұл жолды таңдаса, 75 мың теңге зейнетке шыққан соң ұсталып қалатын еді.

Бірақ бұлай болмайтын болды. Келесі жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, зейнетақы шотынан аударылған алымдарға салық салынбайды. Яғни, кейінге шегерілген міндетті төлем азаматтың жинақ шотына қайтадан аударылады. Алдағы уақытта да зейнетақы шотындағы артылған соманы пайдаланар болсаңыз, оған салық салынбайды. Ал сол мезетте бірден салық ретінде төлеу нұсқасын таңдаған азаматтарға ақшасы қайтарылмайды.

– Қазіргі қолданыстағы Салық кодексіне сүйенсек, БЖЗҚ-дан аударылатын зейнетақы төлемдері табыс болып саналады әрі оған 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығы салынады. Бұл мәселенің әлеуметтік маңызы барын ескере келе, оған қоса халықаралық тәжірибені назарға ала отырып, зейнетақы шотынан пайдаланылған қаражатқа салық салмау ұйғарылды. Бұл жаңашылдық келесі жылы қолдаысқа енгізіледі. Одан мемлекетке шамамен 4,1 млрд теңге түспей қалуы мүмкін, – дейді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.

Сонымен қатар, министр орынбасары көлік салығына қатысты өзгерісті атап өтті. Айтуынша, ескі автокөлікке салынатын салық екі есе азаяды. Бұл норма да жаңа Салық кодексінде қарастырылған.

– Енді көлік құралдары бойынша барлық жеке тұлға үшін көлік салығының мөлшерлемелері төмендейтін болады. Егер автокөліктің қолданылу мерзімі 10 жылдан асса, онда салық ставкасы 30 пайызға азаяды. Егер 20 жылдан асса, екі есе, яғни 50% пайызға қысқарады, – деді вице-министр.

Сонымен қатар, жалпы салықтар мен бюджетке аударылатын міндетті төлемдер кемінде 20 пайызға азаймақ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.