Енді әп-сәтте несие ала алмайсыз

Қыр 4, 2025

Бүгінде тұрғындардың барлығы дерлік қаржы қажет бола қалған жағдайда банктің мобильді қосымшасы арқылы аз уақыт аралығында несие алуды әдетке айналдырған. Кей банктер тіпті бір минуттың ішінде несие сомасын клиенттің шотына аударып жатады. Бірақ алдағы уақытта бұлай болмайды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Атап айтқанда, несие алуға өтініш берген соң банктің жауабын бірнеше сағаттан бір тәулікке дейін күтуге тура келеді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Атап айтқанда, несие туралы шартқа қол қойғаннан кейін банк қаражатты бірден аудармайды. Сол уақыт аралығында қарыз алушыға тағы да ойлануға мүмкіндік беріледі. Яғни несиеден бас тарта алады. Бұл ретте егер несие сомасы 1 млн теңгеден асса өтініш 24 сағат қаралуы мүмкін. Ал банктен алуды қалайтын қарыз сомасы 600 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін болса, 8 сағаттан соң мақұлдауға қатысты жауап беріледі.

Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, мұндай шара клиенттер алаяқтардың құрбаны болмас үшін қабылданып отыр. Яғни, 8 және 24 сағат аралығында тиісті тексерістің барлығы жасалып, алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің алдын алудың амалдары қарастырылады. Сол сияқты қарыз алушы алаяқтардың ықпалында болса, есін жиып, бәрін ойланып, несие алудан бас тартуға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, банк карталарын қолданудың тәртібі өзгермек. Бұдан былай банкомат арқылы қолма-қол ақшаны карта иесінің өзі ғана шешіп ала алады. Яғни, ерлі-зайыптылар, басқа да жақын туыстар бір-бірінің банк картасын пайдалана алмайды.

— Бұл бірінші кезекте дропперлермен күрес үшін керек. Себебі банк карталары көп жағдайда алаяқтық жолмен түскен қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылып жатады. Жалпы, әр адам өз банк картасын ғана қолданғаны дұрыс. Сол арқылы тәртіп те қалыптасады, — дейді М.Әбілқасымова.

Бұл ретте бір банктен бір адамның атына 10 картадан артық карта ресімдеуге болмайды. Осындай жаңа шектеу де енгізілді. Белгілі болғандай, бұған дейін кей банктерде бір клинетке 200-ден астам карта беріліп, сол арқылы дропперлердің «дәурені» жүріп тұрған. Ал енді көп карта ұстайтындардың «сұр» тізімі түзілді. Олар жіті тексеріліп, мақсатсыз қолданылса бұғатталатын болады.