Ерте өтегеннің айыбы жоқ

Қыр 4, 2025

Бүгінде несиесі жоқ адам кемде-кем екенін жиі айтамыз. Бірі ай сайынғы төлемнің өзін әупірімдеп жүріп өтесе, енді бірі жүктемені азайту үшін мерзімінен бұрын жартылай немесе толығымен өтеуге тырысып жатады. Бұған дейін соңғылары банктен алған қарызды ертерек қайтарғаны үшін айыппұл төлейтін еді. Енді мұндай талап алынып тасталды.

Бүгінгі таңда банктерден қарыз алушылардың түр-түрі бар. Кейбірі ай сайынғы төлемді асықпай-аптықпай, шама-шарқына қарай өтесе, енді бірі несиені ертерек өтеуге тырысады. Жұмыс орнынан сыйақы берілсе, басқа да артық табыс түссе, тым құрығанда қарызды жартылай өтеп, берешек көлемін азайтуды ойластырады. Айталық, 2,5 млн теңгені бес жылға алар болсаңыз, ай сайын орта есеппен 80 мың теңге көлемінде өтеуіңіз керек. Ал мұндай жүктемені азайту үшін жартылай немесе толық төлеуге мүмкіндік қарастырылған. Бұл тұста несиені жартылай өтеген кезде ай сайынғы төлемді немесе үстемеақы көлемін азайтуға болады. Ескерер бір жайт, артық ақшаңызды мерзімді азайтуға жұмсар болсаңыз, әлдеқайда көп ұтасыз. Яғни, үстемақы соншалық көп есептелмейді. Егер қалтадағы қаржы көлемі жетіп тұрса, несиені толығымен өтеген тиімді, әрине.

Бұған дейін осындай жолдар арқылы қарыздық жүктемесін азайтуды қалаған тұрғындар үшін банк айыппұл салып келді. Себебі, өздері де қаржылық тұрғыдан ұтылғысы келмейді. Сондықтан жартылай немесе толығымен берешектен құтылуды көздеген жандар қосымша қаражат төлеуге мәжбүр болатын-ды. Сондай жандардың бірі – Алмаз есімді павлодарлық азамат.

— Жасыратыны жоқ, қазіргі күні халықтың басым бөлігі тойды несие алып жасайды. Мен де былтыр ата-анама салмақ салмайын деп отау құрар үйлену тойымның алдында банктен 3 млн теңге көлемінде несие алдым. Шашу ретінде жиналған ақшаны сол несиені өтеуге жұмсаймын деп жоспарладым. Сөйтіп, тойдан түскен қаражатты банкке апарып, несиемді жабайын дегенімде менеджер 100 мың теңгеден астам сома айыппұл төлеуім тиіс екенін айтты. Келісімшарт жасаған тұста мұндай ескерту болғаны есімде жоқ. Кейін белгілі болғандай, ақшалай несиені бір жылға жетер-жетпес уақытта толығымен өтегенім үшін тағы да қарыз болады екенмін. Амал жоқ, айтқан айыппұлды төледім. Бірақ, меніңше, бұл әсте дұрыс емес. Біз банктен алғанымызды қайтаруға асыққанымыз үшін жазықты болмауымыз керек, — дейді ол.

Екінші деңгейлі банктердің бірінен автонесие алған Самат Амантаев та осындай тығырыққа тірелген. Айтуынша, отбасындағы жағдайға байланысты салоннан алған су жаңа көлігін 9 айдан соң сатуға тура келген. Оны кепілдіктен алып шығу үшін алдымен несиені толығымен өтеу керек. Қалған қарыз қаражатты өтеу үшін банкке барғанында ол да айыппұл барын білген. Бұл жолы банк несие сомасының 1 пайызын талап етіпті. Өзі қол қойған келісімшартта бұл тармақ атап көрсетілгендіктен, ол да айыппұлдан жалтара алмады.

Иә, екінші деңгейлі банктерден несие алған кей тұтынушылардың осылай қосымша шығын шығарып жататыны бар. Бұған іштей қарсылық танытқанымен, борышкер болғандықтан банктің шарттарына келісуге тура келген еді. Енді мұндай ауыртпалық болмайды. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті жаңашылдық енгізілді. Соған сәйкес, қыркүйек айынан бастап банктер айыппұл сала алмайтын болды. Клиент несиені ішінара немесе толық көлемде қай уақытта, қанша сомаға өтесе де – өз еркі.

— Қаржылық ұйымдар мерзімінен бұрын өтеу тәртібін заңнама аясында белгілейді. Осы орайда мерзімінен бұрын өтеуге жататын ең аз соманы, өтініш беру уақытын анықтап, жаңа кестені реттеп береді. Бұған дейін берешекті белгіленген кестеден ерте қайтаратын азаматтарға қатысты айыппұл салу тәртібін де анық көрсетіп келді. Соған сәйкес, егер азамат несиені бір жылға дейінгі уақытқа алып, бірақ оны жарты жыл ішінде толығымен төлейтін болса, айыппұл арқалаған еді. Несие бір жылдан көп уақытқа ресімделіп, тұрғын оны бір жылға жетер-жетпес кезеңде өтесе де айыппұл төлеуге міндеттелген еді. Енді бұлай болмайды. 31 тамыз күні жаңа норма енгізілді. Соған сәйкес, несиені мерзімінен бұрын өтеген заңды тұлғаларға ғана айыппұл салынады. Ал жеке тұлғалар қалаған уақытында несиесін жаба алады, — делінген агенттік мәлімдемесінде.

Яғни, банктен алған несиені жартылай өтеу, мерзімінен бұрын төлеу енді қосымша қаржылай салмақ салмауы тиіс. Сөйтіп, қарыз алушылар үстемеақыны үнемдеп, артық пайыз төлемей, берешегінен еш алаңсыз құтыла алады. Атап өтерлігі, бұл жаңашылдық қыркүйек айынан бастап ресімделетін несиелерге ғана қатысты болмақ. Ал бұған дейін жасалған келісімшарттарда айыппұл төлеу тетігі қарастырылса, тұтынушы бұл тармақты қайта қарау үшін банкке өтініш бере алады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.