Бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын қада-ғалау — Ермекбай Сәбиғановтың басты міндеттерінің бірі. Аймақтың мемлекеттік органдарынан түсетін төлем тапсырмаларын мұқият тексеріп, қазынадан қарастырылған әр теңгенің әу баста белгіленген бағыты бойынша ғана кәдеге жаратылуын бақылайды. Мүлт кеткендер болса, кері қайтарып, есеп-қисаптың заңға сай ретке келтірілуін талап етеді.
Біздің кейіпкеріміздің дәл осы қаржы жүйесіне келуіне тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі әсер етіпті. 1965 жылы Ақсу қаласының ГРЭС кентінде дүние келіп, осындағы онжылдықты тәмамдайды. Қарағандының политехникалық институтында оқып, инженер-металлург мамандығын алып шығады. Жолдамамен 1990 жылы Павлодар трактор зауытына жас маман болып келеді. Мұнда инженер-технолог ретінде алты жыл еңбек етеді.
— Еңбек жолымның басталған шағы елімізде ірі кәсіпорындардың іргесі сөгіліп, бірінен соң бірінің жұмысы тоқтап жатқан кезбен тұспа-тұс келді. Еңбекақы уақытылы берілмей, тапсырыс жоқ. Ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болдық. Осындай жағдайларға куә, қаржы саласында еңбек ететін әпкелерім екінші мамандық игеріп, осы салаға бетбұруыма кеңес берді. Жұмыс істеп жүріп, Алматы институтын сырттай экономист-есепші мамандығы бойынша бітірдім, — дейді Ермекбай Ақашұлы.
Содан елімізде қазынашылық басқармалар құрыла бастайды. 1994 жылы Алматыда қазынашылық комитет, араға жыл салып әр облыста басқармалардың іргесі қаланады. Ермекбай Сәбиғанов 1996 жылы жаңадан құрылған Павлодар облыстық қазынашылық басқармасына (кейін департаментке ауысты) бас маман болып орналасады. Мұнда төлем шоттарын бақылап, оларды қабылдау, дұрыс рәсімдеу талаптарын меңгереді. Төлемнің мақсаты дұрыс көрсетілуіне де қырағылық танытуды үйренеді. Жаңа салаға келгенде жас маманға айналасындағы аға буын айтарлықтай қамқорлық көрсетіп, бағыт берген. Айтуынша, сол кездегі департамент басшысы болған Ілияс Нұрпейісов ұжымды ұйыстыра білген. Бөлім басшылары жас жігітті жетелеп, жөн көрсеткен. Осылайша, жаңа мекеменің жұмысына кірісіп кетеді. Табанды еңбек етеді. Көп
жылғы тәжірибесі, жұмысына жауап-кершілігі ескеріліп, қазіргі таңда департаменттегі жауапты бөлімдердің бірі – қолма-қол ақшаны бақылау шоттары бойынша төлемдерді өткізу бөліміне басшылық етеді. Біраз жыл мекемеге басшылық етіп келе жатқан Марат Жұмабаев та мекеменің ісін ілгерілетуге күш салып келе жатқанын атап өтті.
— Мемлекеттік мекемелерден түскен төлем тапсырмаларын тексеріп, бақылау жүргіземіз. Қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалаймыз. Тұрғындардың уақытылы жалақы алуын, салықтың қазынаға дер кезінде аударылуын бақылаймыз. Кез келген салада бюджет қаржысына сатып алуға, құрылыс, жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне қаржылық қадағалау да біздің тараптан жүргізіледі. Барлық шарттарды тіркейміз. Қаржының мақсатты жұмсалмауы анықталса, бірден ол операцияларды тоқта-тамыз, — дейді Ермекбай Ақашұлы.
Отыз жылға жуық қазынашылық жүйеде еңбек ететін Ермекбай Сәбиғанов салада жыл сайын оң өзгеріс орын алатынын айтады. Яғни, ақпараттық жүйені жаңғыртуға мән беріледі. Ал оның бәрі түпкі жұмысқа оң әсер етеді.
— Бұрын мекемелер бізге төлем тапсырмаларын қағаз түрінде әкелетін. Оны қабылдауға бір күн, ары қарай қарауға тағы екі күн кетеді. Қате болса, түзетуге кері қайтарылады. Оны түзетіп, басшыға қол қойғызып, қайтадан әкелуге бірнеше күн жұмсалады. Уақыт жағынан ұтылып жүрдік. 2002 жылдан бастап кезең-кезеңімен электрондық нұсқаға көшірілді. 2005 жылы толық көшіп үлгердік. Қазір төлем тапсырмалары күнбе-күн тексеріледі. Сәйкесінше, жауапты мекемелер қателік болса, электронды жүйеде бірден түзетіп, бізге жөнелте алады, — дейді қаржыгер азамат.
Қаржы жүйесінде жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Әсіресе, үлкен сандарға есеп-қисап жүргізгенде мұқият болу қажет. Заңнама талаптарын жетік білу маңызды, дейді ол. Есепке жүйрік болуы, шапшаң ойлай алуы да керек-ақ. Білікті маман кейбір мекемелер әу баста бюджет қаржысын дұрыс жоспарламаудан зардап шегеді. Дұрыс жоспар болмаған соң қаржыны игере алмау қаупі туындайды. Бұл мемлекеттік қызметте үлкен олқылық саналады. Соған жол бермеуге кеңес беріп отыратын көрінеді.
Ермекбай Ақашұлының жұбайы да қаржы саласында еңбек етеді. Екеуі үш бала өсіріп-тәрбиелеп отыр. Үйдің үлкендері бүгінде Астанада Назарбаев университетінде білім алуда. Бірі IT саласын меңгеріп жатса, екіншісі ядролық физика бағытында білім алуда. Үйдің кенжесі үшінші сыныпта оқиды. Осылайша, кейіпкеріміз жұбайымен бірге аймағымыздың қаржы жүйесіне өзіндік үлесін қосуда.
Г.МАҒЖАН.