Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын ескі көліктерді жаппай утилизациялау басталған-ды. Әбден ескірген, жүруге жарамайтын техникаларды тапсырып, есесіне аз-кем қаражат алуға мүмкіндік болды. Кейін бұл жүйе өз жұмысын тоқтатып, тозығы жеткен көліктер әркімнің ауласы мен гаражда жинала бастады. Енді мемлекет бұл бағдарламаны қайта қолға алып, отандық автонарықты тазартуға ниетті. Бұл жолғы жаңашылдық қандай? Талаптар өзгерді ме? Саралап көрейік.
Алдымен көліктерді утилизация-лаудың тарихына көз жүгіртсек. Ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы 2016 жылы бастау алған болатын. Сол тұста «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» ЖШС (ӨКМ) әр өңірде филиалын ашып, техникаларды өтем-
ақыға айырбастай бастады. Көліктер екі санатқа бөлінді: толық жиынтықтағы және жүрмейтін көліктер. Алғашқы санат бойынша белгіленген техникалар 150 мың теңгеге баға-ланса, жүруге жарамайтын көліктер үшін 48 мың теңге төленді. Мұндай бағдарлама жылдар бойы жарам-
сыз болып тұрған техникалардың иелеріне майдай жақты.
Алайда 2021 жылы бағдарлама өз жұмысын тоқтатты. Араға уақыт салып, автомобильдерді жаңа бағалар бойынша сатып алу уәде етіл-генімен, бұл жоспар жүзеге аспады. Бұған Қаңтар оқиғасы, жоғарыда аталған «Өндірушілердің кеңейтілген міндет-темелері» кәсіпорнындағы сан түрлі былық себеп болды. Сол тұста Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтан бастап компанияның басшылығына дейін бюджет қаражатын жымқырғаны үшін істі болды. Олар өтемақы ретінде төленуі тиіс ақыны өз қалталарына басып, жеке басының қамы үшін пайдаланған.
Осындай шулы іс жүргізіліп жатқан тұста оператордың құзыреттілігі толы-ғымен мемлекетке өтті. Өз кезегінде мемлекет утилизациялау ісін «Жасыл даму» акционерлік қоғамына тапсырды. Бұл компания барлық міндеттемелерді қабылдап алып, сотқа дейінгі тергеу ісінің аяқталғанын күткенге дейін тағы бірнеше жыл өтті.
Ал таяуда сең қозғалды. Жыл соңына қарай утилизацияға көліктерді қабылдау ісі қайта жанданбақ. Бұл туралы Экология министрлігі мәлімдеді. Аталған ведомство «Жасыл даму» компаниясымен бірлесіп, жаңа ережелерді әзірледі. Соған сәйкес, көлікті тасымалдаушыға сату немесе қабылдау пунк-тіне өз бетімен тапсыру мүмкіндігі болады. Ол үшін «Жасыл даму» АҚ порталында өтінім беріп, 15 күн ішінде қабылдау орнына жеткізуі керек. Бұл ретте сайтта көлікті тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің бағасы да ұсынылады. Тұрғын өз қалауы бойынша сол жеткізушілердің қызметін пайдалана алады. Егер бағасы көңілінен шықпаса, көлікті қабылдау пунктіне өзі апаруы керек.
Ал көлікті тапсырған соң иесіне отандық көлікті сатып алуға жеңілдік сертификаты немесе соған тең ақшалай сома беріледі. Сертификаттың бағасы да белгіленді.
Жоспар бойынша, көліктерді қабылдау желтоқсанның ортасында басталады. Алдымен мамандар қара металл өңдеушілерден техниканы утилизацияға өткізу бойынша өтінім жинап, базаға тіркеп, кәсіпкердің қажет жабдықтары бар-жоғын тексереді. Содан кейін ғана көлік иелерінен өтінім қабылдау басталады.
Әзірше белгілісі осы ғана. Қайта өңдеуге жіберілетін көлікке қойылатын талаптар, өтінімді беру жолдары, техниканы қабылдау пункттерінің мекенжайы әзірше беймәлім. Экология министрлігі бұл мәліметтерді алдағы уақытта жариялауға уәде берді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.