Жанармай бағасы енді шектелмейді

Ақп 6, 2025

Бұл тұрғындарға қалай әсер етеді?

Ақпан айынан бастап облыстағы жанар-жағармай бекеттерінде баға өзгерді. Энергетика министрлігі мұнай өнімдерінің сатылымын мемлекеттік реттеу-
ден бас тартқан соң бензин, газ сататын станциялар да өздеріне тиімді бағаны белгілей бастады. Ал мұның барлығы сайып келгенде қарапайым тұрғынның қалтасына салмақ салатыны белгілі. Сонымен, жергілікті нарықтағы жағдай қалай өзгерді? Саралап көрейік.

Баға неге өзгерді?

Қаңтар айында қоғамның қызу талқысына салынған мәселелердің бірі – жанар-жағармайға осыдан бірнеше жыл бұрын енгізілген шекті бағалардың алынып тасталуы. Яғни, бұған дейін Энергетика министрлігі бензин мен сұйытылған газды сатуға болатын ең жоғары соманы белгілеп беріп, одан қымбатқа сатқан кәсіпкерлерді жауапқа тартса, енді нарықты бұлай қатаң бақылауға ала алмайды. Себебі шекті баға деген ұғым болмайды. Сәйкесінше, еркін нарықтағы жағдайда бекеттерге өздеріне тиімді бағаны белгілейтін мүмкіндік берілді.

Құзырлы министрлік мұндай өзгерісті әлемдік нарықтағы жағдаймен байланыстырып, түсіндірді. Қазақстанда ТМД елдері арасындағы ең арзан бензин сатылғандықтан, отандық өнім шет мемлекеттерге «сұр» схемамен, заңсыз жолдармен шығарылып жатқан көрінеді. Жағдайды реттеп, елімізде жанар-жағармай тапшылығын тудырмас үшін өз елімізде өндірілетін мұнай өнімінің бағасын сырттағы мемлекеттермен сәл де болсын теңестіруіміз керек. Министрліктің ұстанымы – осындай.

Елімізде шекті баға жүйесі жұмыс істеп тұрған тұста АИ-80 маркалы жанармайдың бір литрі 89 теңгеден, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің литрі 205 теңгеден, дизель отынының бағасы 295 теңгеден аспауы тиіс еді. Салыстырмалы түрде қарасақ, тұтынушылар арасында зор сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің литрі Ресейде 288 теңге, Қырғызстанда 385 теңге, Өзбекстанда 489 теңге тұрады. Яғни, баға айырмашылығы 40 пайыздан 138 пайызға дейін жетеді.

Жақында ғана жарияланған Numbeo мәліметтері де Қазақстандағы бензиннің өзге елдермен салыстырғанда арзан екенін айғақтайды. Біздің ел орташа айлыққа сатып алуға болатын жанармай көлемі бойынша әлемде 32-орын алды. Яғни, бір қазақстандық жалақысына орта есеппен 1,1 мың литр бензин сатып ала алады. Тағы да салыстырар болсақ, Ресейде орташа айлыққа 980,4 литр, Әзербайжанда 704,2 литр, Өзбекстанда 481,1 литр, Арменияда 456,8 литр алуға болады.

Ал жанар-жағармайдың бағасы бойынша Қазақстан әлемдегі ең арзан бензин сатылатын мемлекеттердің рейтингінде 6-орыннан көрінді. Отандық нарықта жанармайдың бір литрінің бағасы 0,48 АҚШ долларын құрайды. Шекті бағаны алып тастаған соң біздің елдегі баға да олармен шамалас болуы бек мүмкін. Мұны Энергетика министрлігі Алмасадам Сәтқалиевтің өзі алға тартты.

— Таза нарық механизміне салар болсақ, жанар-жағармайдың бағасы көршілес елдермен, оның ішінде Ресеймен теңесуі керек екені түсінікті. Мәселен, қазір бізде АИ-92 маркалы жанармайдың литрі 205 теңге болса, Ресейде 290-300 теңге тұрады. Үкімет осындай тәуекелдің барын ескеріп, бағаны ұстап тұру үшін тиісті шараларды қабылдайды. Нормативтік және әкімшілік шаралар да қарастырылады, — деді ведомство басшысы.

Ал энергетика саласындағы сарапшы Олжас Байділдиннің болжамынша, алдағы уақытта АИ-92 маркалы жанармайдың литрі 320 теңге, АИ-95 бензині 350 теңге, дизель отыны 370 теңге болуы бек мүмкін.

— Сұйытылған газдың литрі 170-180 теңгеге жетуі ықтимал, себебі оның өндірістік өзіндік құнының өзі – 100 теңге. Бұл – тасымалдау, сақтау, бөлшек сауда жағдайын есепке алмағандағы сома. Өңірлерде белгіленген қазіргі баға тіпті көтерме сауданың бағасын жаппайды. Сондықтан мұнай өнімдері бағасының өсуіне дайын болуымыз керек, — деп пайымдайды сарапшы.

Айтпақшы, 1 ақпаннан бастап өңірлерде сұйытылған газдың бағасы да жаңарды. Бұған дейін біздің өңірде оның литрі ары кетсе 81 теңге болса, енді 102 теңгеге дейін жетеді. Облыс орталығынан 200 шақырымнан шалғайда орналасқан елді мекендердегі баға 107 теңге болады.

Тұрғындардың қалтасына салмақ салады

Қарапайым халық жанар-жағармай бекеттеріндегі жаңа бағаны бірден байқады. Айталық, бұған дейін сұйытылған газдың бір литрі 79-80 теңге болса, бүгінде кейбір газ құю станцияларында 99-102 теңгеге дейін көтерілді.

— Бұған дейін бір барғанда 20-30 литр газ алып, ол шамамен бір аптаға жететінді. Литрі 79 теңге болғанда 1600 теңгеге алатын едім. Ал қазір литрі 102 теңге тұрады. Яғни, аптасына шамамен 2100 теңгеге аламын. Айырмашылық – 500 теңге. Бір қарағанда аз болып көрінгенімен, бұрынғымен салыстырғанда бір айда 2 мың теңге артық төлейтін болып отырмын. Бәлкім, одан да көп шығатын шығар. Шекті бағаның өзгергені сол еді, станциялар бірден бағаны 20-23 теңгеге өсірді. Бұл да — газбен қатынайтын көлік иелері үшін аз сома емес, — дейді облыс орталығының тұрғыны Ақылбек Құрмашев.

Газбен салыстырғанда АИ-92 маркалы жанармайдың бағасы қатты қымбаттай қойған жоқ. Десе де, кейбір станциялар 3-5 теңге қосып үлгерді. Айталық, бұған дейін «Pegas» желісінде бензиннің литрі 201, кейін 203 теңге болса, бүгінде 205 теңгеден сатылуда. Сол сияқты «Монолит» станциялары бағаны бірден 205 теңге деп белгіледі. «Helios» әзірше 203 теңгеге өткізуде. Өзге жанар-жағармай бекеттеріндегі жағдай да осындай.

— Мемлекеттік реттеуді алып тастау туралы әңгіменің қозғалғаны сол еді, жанар-жағармай бекеттері біртіндеп бағаны көтере бастады. 205 теңге тек бастамасы сияқты. Министрлік өкілдерінің өзі жазғы уақытта бір литр жанармайдың бағасы 280-290 теңге болуы мүмкін деген болжам жасады. Бірақ бағаның апта сайын не ай сайын өсетінін нақты айта алмады. Олардың уәжі де түсінікті. Шынымен, біздің бензин басқа елдерге қарағанда арзан болғандықтан түрлі заңсыз жолмен шетел асып жатқан болар. Алайда бұдан неге қарапайым халық жапа шегуі керек? Меніңше, «сұр» схемалардың жолын кесу үшін шекараны мықтап бақылауға алып, шетелдіктерге сатуға қатысты нақты ережелер енгізіп, талапты күшейту керек. Әйтпегенде, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда жанармай арзан екен деп іргемізде тұрған Павлодар мұнай өңдеу зауытының өнімін қымбатқа алуымызға тура келетін түрі бар. Менің ойымша, бұл – қисынға келмейтін дүние. Өз өңірімізде бензин шығарыла тұра, оны өзге елдің тұтынушыларымен бірдей бағаға сатып алу дұрыс емес. Сондықтан бұрынғы шекті бағаны қайтарған жөн, — дейді павлодарлық тағы бір жүргізуші Серік Байболатов.

Тауар, қызмет түрінің барлығы жанар-жағармай бағасына келіп тірелетіндіктен, олардың да бағасы біртіндеп арта бастады. Алғашқылардың бірі болып такси жүргізушілері қызмет ақысын көтерді. Редакциямызға хабарласқан Ақтоғай ауданының тұрғыны Болат Ахметов бұған дейін аудан орталығына таксимен жету үшін 2500 теңге төлесе, енді бағасы 3 мың теңге болып белгіленгенін айтты. Тіпті, сәлемдеме салып жіберудің өзі 1500 теңгеден 2 мың теңгеге дейін қымбаттаған көрінеді.

Иә, осы сияқты алдағы уақытта күнделікті азық-түлік, өзге тауарлар мен қызмет көрсету түрлерінің бағасы өсуі ғажап емес. Бастысы, құзырлы министрлік бұған дейін уәде еткендей, жанармай бағасының күрт өсуіне жол бермесе болғаны. Әйтпегенде, шынымен «белді бекем бууға» тура келетін түрі бар. Жанар-жағармай нарығындағы кез келген өзгеріс тек көлік тізгіндеген тұрғындарға емес, жалпы жұртшылыққа салқынын тигізбей қоймайды. Сол себепті бұрынғыдай бағаны тізгіндеу болмаса да қатаң қадағалаудың қарастырылуы жөн сыңайлы.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.