«Жасыл салық» жағдайды жақсарта ала ма?

Шіл 17, 2025

Елімізде бүгінде тұрмыстық қатты қалдық көлемі күн санап артып келеді. Жыл сайын 4,5 млн тонна қалдық шығарылады. Оның 80 пайызы – коммуналдық қалдықтар. Қалғаны өнеркәсіппен және экономиканың өзге секторларымен байланысты. Олардың тек 26 пайызы елімізде қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Өзгелері тау-төбе болып үйіліп жатыр, қоршаған ортаға зиянын келтіруде. Сондықтан, Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды реттеудің, басқарудың жаңа заң жобасын түзу өзектілігі туындауда. Оған қоса, экологиялық емес қаптамаларға «жасыл салық» салу ұсынылып отыр. Бұл салықтың жаңа түрі елдегі ахуалды жақсарта ала ма? Қалдық көлемін кемітуге күші жете ме? Жалпы, мәселені шешудің тағы қандай жолдары бар? Осы сұрақтарға «Алаң» айдарында жауап іздеп көрдік.

Ажар САҒАНДЫҚОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Елімізде қалдықтарды басқару туралы жекелеген заңнама әзірлеудің кезегі келді. Мұнда басқару құзыреті, жауапкершілігі, стандарттары, инфрақұрылымына қойылатын талаптар, мемлекеттік ынталандыру тетіктері жүйелендірілуі қажет деп санаймын. Қаптамадағы тауар өндірушілер мен импортерлар экологиялық алым төлеуге міндеттелуі керек. Одан түскен қаражат қаптамалық қалдықтарды жинауға, сұрыптауға және қайта өңдеуге жұмсалады. Осылайша, барынша зияны аз және қайта өңдеуі жеңілірек қаптамалар шығаруды қаржылық ынталандыруға мүмкіндік туады.

Негізі, Қазақстанда алғашқы қадамдар бұған дейін де жасалған. Нақтысы, қаптамаға, автомобиль шиналарына, аккумуляторлар мен техникаға экологиялық алым енгізілген. Ал қаржы «Оператор РОП» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына түсіп отырды. Бұл ұйым 2022 жылы жойылғаннан кейін функциялар «Жасыл Даму»-ға көшті. Бүгінде қаптамаларға алым бар. Бірақ қаптамалардың түріне қарай сараланбаған, бірыңғай тариф қойылған. Қайта өңдеу бағыты ынталандырылмаған, қаржының бір бөлігі тікелей қайта өңдеуге бағытталмауда. Міне, сондықтан, «жасыл салық» енгізуді ұсынып отырмыз. Ол жай ғана алым емес, нағыз экологиялық құралға айналады. Мұнда сараланған мөлшерлемелер енгізіледі. Демек, қайта өңдеуі қиынырақ болатындарға салық мөлшерлемесі жоғарырақ болады. Сәйкесінше, биологиялық түрде ыдырай алатын немесе өңдеуге келетін қораптарға минималды мөлшерлеме тағайындалады. Сондай-ақ, заңнамаға сай жиналатын қаражаттың мақсатты жұмсалуы қатаң қадағаланады. Қалдықты қайта өңдеуді жаңғыртуға, субсидиялауға, қоқысты сұрыптау ісіне бағытталады. Болашақта, тіпті қайта өңдеуге жарамайтын қаптамаларды пайдалануға тыйым немесе шектеу қою көзделуде.

Танат КҮЛЕНОВ, «Гофротара» зауытының сату бөлімінің басшысы:

— Экология, қоршаған орта тазалығы — бәрімізге ортақ мәселе. Біз бен сіздің денсаулығымыз үшін қажет қадамдар екенін ешкім жоққа шығармайды. Еліміздің азаматы ретінде қолдар едім. Біздің кәсіпорын бүгінде тамақ өнеркәсібін экологиялық қаптамамен қамтамасыз етіп отыр. Өнімімізді бірнеше рет қайта өңдеп, кәдеге жарата беруге болады. Қоршаған ортаға да зияны жоқ.

Алайда, экологиялық емес қаптамалар қолданатын кәсіпкерлерді де ойлау керек деп санаймын. Олар бастапқыда өндірісін белгілі бір қаптамаға лайықтап жабдықтайды. Енді жаңа қаптамаға көшу уақыт алады. Бүгінде полиэтилен пакеттер картоннан әлдеқайда арзан. Сәйкесінше, экологиялық емес қаптамаларға салық енгізілсе, ол түптеп келгенде тауардың өзіндік құнына кері әсер етеді. Мұны да биліктегілер ескеруі керек деп санаймын. Ал экологиялық емес қаптама үшін салық жоғары болса, бұл да кәсіпкерлерге соққы болуы мүмкін. Ұсыныс кәсіпкерлер қауымымен әлі де жан-жақты талқыланатыны сөзсіз. Бәлкім, ынталандыру тетіктерін қарастырып, кәсіпкерлердің экологиялық қаптамаларға кезең-кезеңмен көшуіне жағдай жасаған жөн болар.

Шынар ҚОСЫБАЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Күнделікті тұрмыста қазіргі таңда полиэтилен пакет, пластикалық бөтелкедегі сусындарды кеңінен тұтынамыз. Сатылымда көптеп тұрады. Ыңғайлы болған соң ала береміз. Босаған бөтелкені, жарамсыз болған пакеттерді қоқысқа тастаймыз. Біз жалғыз емеспіз, айналамызда қаншама адам осылай қолданып жүр. Ал егер «жасыл» салық шығарылып, экологиялық тұрғыдан тиімді қаптамалар қолдануға көппен бірге көшсек, тек қуанар едік. Себебі, дәрігерлер де бүгінде пластикалық бөтелкеге құйылған судың өзі денсаулыққа зиян болып кететінін айтып жатыр. Далаға тасталған мұндай қаптамалар, пакеттер жылдар бойы ыдырамай, ауаға зиянын келтіреді.

Әлбетте, экологиялық таза қаптамаларды қолдануды кәсіпкерлер, тауар өндірушілер бастап, қолға алса, қоршаған ортамызға көп пайда әкелер еді. Былай ауызша айтқаннан біздің қоғам бірден өзгере қоймайтынын көпшілігіміз білеміз. Сондықтан, салық арқылы, басқа да ынталандыру жолдарымен жағдайды оңалтсақ, өзіміз үшін жақсы болмай ма?! Ауамыз біршама тазарып, қалдықтардың да көлемі азайып, жер беті бір тыныстап қалатын еді. Оған қоса, тұрғындар да қоқысты сұрыптап тастауды үйренуі керек, ал биліктегілер оны қайта өңдеуді кеңейтуі керек деп ойлаймын. Экологиялық таза өнім тұтынудың қаншалықты қажеттігін жан-жақты жарнамалау қолға алынса деймін. Әйтпесе, бір ғана экологиялық қаптамаға көшкеннен мәселе шешіліп, жағдай оңала қоймайды.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.