«Жасыл» энергияға жол

Сәу 2, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Аймақта еліміздің энергетика саласы үшін маңызды жобалардың бірі қолға алынды. Қуаты 1 ГВт-қа жететін, энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған заманауи жел электр станциясының құрылысы басталды. Ауқымды бастаманы «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен халықаралық State Power Investment Corporation компаниясы бірлесіп жүзеге асыруда.

Жуырда Екібастұз қаласына қарасты Шідерті ауылының маңында аталмыш жобаның жаңа кезеңге өткенін айғақтайтын уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға мемлекеттік құрылымдар, ұлттық компаниялар мен шетелдік серіктестердің өкілдері қатысып, жобаға сәттілік тіледі.

Шара барысында инвесторлар – «Самұрық-Энерго» және Qazaq Green Power PLC компаниялары жобаның негізгі бағыттарын таныстырды. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь құттықтау сөз сөйлеп, бастаманың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы да халықаралық әріптестер пікір білдірді.

«Самұрық-Энерго» басшысы Қайрат Мақсұтов бұл жобаның стратегиялық мәніне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жаңартылатын энергия көздерін дамыту – уақыт талабы. Ал мұндай ірі жобалар еліміздің энергожүйесінің тұрақтылығын арттырып қана қоймай, «жасыл» экономикаға көшу үдерісін жеделдетеді.

— Жаңартылатын энергетика саласындағы ауқымды жобаны іске асыру энергожүйенің тұрақтылығын арттыруға және Қазақ-станның «жасыл» экономикасын дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосады, — деп атап өтті Қ.Мақсұтов.

Өз кезегінде облыс әкімі Асайын Байханов шараға қатысушыларды бұл маңызды жобаның басталуымен құттықтап, оның тек өңір үшін емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

– Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттердің нақты жүзеге асуы. Жоба аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экологиялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. Құрылыс кезеңінде 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Жалпы инвестиция көлемі 600 миллиард теңгеден асады. Сонымен қатар, инвесторлар тарапынан өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл – біздің облыс үшін де, бүкіл ел үшін де маңызды қадам, – деді аймақ басшысы.

Жалпы, Павлодар өңірі – ел энергетикасының тірегі болып есептеледі. Мұнда өндірілетін электр энергиясының көлемі республика бойынша жоғары үлеске ие. Екібастұз энергетикалық торабы секілді алып өндірістік кешендер -осының айқын дәлелі.

Бүгінде аймақ жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Электр станцияларын жаңғырту, жаңа өндіріс орындарын ашу және жаңартылатын энергия көздерін дамыту  өңір экономикасының басым бағыттарына айналған. Ал жел электр станциясының құрылысы – экологиялық таза, тұрақты болашаққа бет алған нақты қадам.

Жобаның әлеуметтік маңызы да ерекше. Инвесторлар алдағы 25 жыл бойы жыл сайын 200 мың АҚШ долларын өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағыттамақ.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа экономикалық өсім нүктелерін қалыптастырады. Сонымен қатар, өңірдің заманауи энергетикалық технологияларды енгізу орталығы ретіндегі рөлін нығайтып, кәсіпкерлікке тың серпін береді.

Айдана БОРАНБАЕВА

Шідерті кенті,  Екібастұз қаласы.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.