Жаңа желілер іске қосылады

Там 28, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысында өндірістің барлық саласы дамып, аймақ экономикасының қуаты артып келеді. Жуырда өңірдің инфрақұрылымы мен өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайту мақсатында облыс әкімі Асайын Байханов бірқатар ірі кәсіпорынды аралап, олардың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы мекемелердің өндірістік жоспарларының орындалу барысын бағалап қана қоймай, олардың дамуына кедергі келтіретін мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырды.

Облыс әкімі алдымен 2004 жылы негізі қаланған «KazBitumService» ЖШС-інің тыныс-тіршілігімен танысты. Компания аймақтағы төбе жабу мен гидрооқшаулағыш материалдарын өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі болып есептеледі. Кәсіпорында рукан, битум праймері, модификацияланған битум және мастика өндіріледі. Бүгінде кәсіпорын жыл сайын 1,2 млн шаршы метр рукан мен 8 мың тонна модификацияланған битум өндіреді. Тұтынушылар тарапынан жоғары сұраныс наурыздан қазан айына дейін байқалады.

Компанияда барлық өндірістік процестің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін 86 маман жұмыс істейді. Сондай-ақ, жақын арада зауыт жаңа өндірістік желіні іске қосуды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде төбе жабу материалдарын шығару көлемі жыл сайын тағы 15 млн шаршы метрге артатын болады.

«КазБитумСервис» ЖШС-нің бас директоры Ферхат Қайратовтың айтуынша, компанияның өндірістік қуаты жылына шамамен төрт миллион шаршы метрді құрайды. Алайда іс жүзінде бір млн шаршы метрге дейін өнім шығарылады.

Кәсіпорын басшылығы компанияны Қазақстан Республикасының көлік министрлігімен жол ұйымдары үшін бөлінетін арзандатылған битумды алушылар тізіміне енгізу мәселесін көтерді. Бұл мәселе кәсіпорынды одан әрі дамыту және өнімнің нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды болып есептеледі. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бұл мәселе орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп нақты шешімдер әзірлеу үшін пысықталатын болады.

Бұдан кейін аймақ басшысы 2009 жылы жұмысын бастаған «Проманалит» кәсіпорнында болды. Аталған кәсіпорын заманауи газ анализаторлары мен экологиялық мониторинг кешендерін, сондай-ақ газ аналитикалық жабдықтары мен автоматтандыру құралдарын шығаруға маманданған.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Асайын Байханов Павлодар облысы әрқашан елдің жетекші өнеркәсіптік орталықтарының бірі болғанын және болып қала беретінін атап өтті.

— Бұл жерде қолдау мен дамытуды қажет ететін маңызды өндірістік әлеует шоғырланған. Мемлекеттік органдардың міндеті — өндірістің өсуі, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және жаңа технологияларды енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасау, — деді А.Байханов.

Photo Valeriy BUGAYEV

Сапар соңында аймақ басшысы жауапты құрылымдарға кәсіпорындардың инвестициялық жобаларын іске асыруды ерекше бақылауда ұстауды, кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетуді, сондай-ақ мемлекеттік қолдау көрсетуге байланысты мәселелерді белсенді шешуді тапсырды.

* * *

Бұрнағы күні облыс әкімі  Асайын Байханов «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына барды. Мұнда «Еуразия механикалық зауытының» алаңында дайын металл бұйымдарын өндіру бойынша іске асырылып жатқан жоба барысымен танысты. Кәсіпорында құны 9,8 млрд теңге болатын жоба жүзеге асуда. Өнді-рістік қуаты жылына 8 700 өнімді құрайды. Сондай-ақ, 60 тұрақты және 16 уақытша жұмыс орны ашылды.

Зауыттың бас директоры Игорь Атапин осы жылдың наурыз айында зауыттың бірінші кезеңі іске қосылғанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда өндірістегі 11 станоктың 9-ы жұмыс істеп тұр. Испания елінде дайындалып жатқан тағы екі станок («Nicolas Corea MAGNA» және «VERXA») жыл соңына дейін жеткізіледі. Кәсіпорын жобаның екінші кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі де 9,8 млрд теңгеден 11,6 млрд теңгеге дейін өседі. Кәсіпорынға ауданы 2 гектар қосымша жер учаскесі берілді және қосымша 1 мВт электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «ҚазМұнайХим» ЖШС-інде болды. Кәсіпорында жеңіл мұнай өнімдеріне арналған қоспалар мен аз тоннажды химия, нарықта жоғары сұранысқа ие өнім — деэльмугаторлар өндіріледі. Жобаның жалпы инвестиция көлемі — 2,5 млрд теңге. Өндірістік қуаттылығы — жылына 4 750 тонна. Қосымша 43 жұмыс орны құрылды.

«ҚазМұнайХим» ЖШС-інің бас директоры Ален Кенжебаев бүгінге дейін 10,6 млрд теңгеге өнім, оның ішінде 1,5 млрд теңгеге жуық өнім 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірілгенін атап өтті. Экспорт көлемі 800 млн теңгені, бюджетке түскен салық аударымдары 700 млн теңгені құрады.

Облыс әкімі кәсіпорынның өсу қарқынын көрсетіп отырғанын, экспорттық бағыттарды ұлғайту бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Асайын Байханов әкімдіктің басты міндеті — бизнесті дамытуға қолдау көрсету, инфрақұрылымдық мәселелерді уақытылы шешу және инвестициялардың өсуіне жағдай жасау екенін атап өтті.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.