Жаңа жобалар іске асуда

Қар 27, 2025

Павлодар облысы бойынша «Даму» қоры өңірлік баспа-
сөз турын ұйымдастырып, журналистер кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. Шара барысында БАҚ өкілдері КЕО мектебі мен металл конструкцияларын өндіретін «Ритам-Павлодар» ЖШС зауытында болды.

«Ритам-Павлодар» компания-сында өндірістік көрсеткіштермен қатар, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Зауыт мамандары үшін екі қабатты жаңа жатақхана дайындалуда. Жалпы ауданы 1400 шаршы метрді құрайтын ғимарат пәтерлік үлгіде салынған.

– «Даму» қорының қолдауына ерекше алғысымызды білдіреміз. Қордың қаржылай көмегінің арқасында жұмысшыларымызға арналған жаңа жатақхананы ашуға дайындалып жатырмыз. «Жұмысшы кәсіптер жылы» аясында мансап орталығы, ауыл әкімдіктері және өзге де ұйымдармен бірлесіп кәсіби мамандарды тарту жұмыстарын күшейттік. Қазір орташа жалақы 300 мың теңгеден асады. Зауытта 120 қызметкер еңбек етеді, олардың 75 пайызы – білікті мамандар, – деді кадрлар бөлімінің басшысы Ардақ.

Бірінші қабатта екі адамға арналған 19 бөлме орналасқан. Сондай-ақ қабатта кір жуатын орын, ортақ ас үй, ванна бөлмелері қарастырылған. Жақын уақытта жаттығу залын және балаларға арналған ойын алаңын  ашу жоспарлануда. Екінші қабатта көп балалы отбасыға арналған бес екі бөлмелі және бес бір бөлмелі пәтер бар. Әр пәтерде ванна бөлмесі мен кең ас үй қарастырылған.

Компания басшылығының айтуынша, құжаттық-техникалық база, өрт қауіпсіздігі жүйелері және күзет дабылы бойынша жұмыстар толық аяқталған. Қазір клинингтік қызмет жұмыс істеуде, сонымен қатар дизайнерлер пәтерлердің ішкі безендірілуімен айналысып жатыр. Жиһаз сатып алу, персоналды жалдау және жатақхананы толық жайластыру жұмыстары да жүргізілуде. Сонымен қатар, жатақхананың  жұмысшылардың  айлығынан  ұсталынып, қатынап  жұмыс істейдің  қызметкерлердің  жол ақысы төледі.

Баспасөз турының екінші нысаны – облыс орталығында орналасқан «КЕО мектебі». Бұл – балалардың жан-жақты дамуына бағытталған жеке білім беру ұйымы. Мектептің негізін қалаушы әрі жетекшісі –
тарих, экономика және құқық пәндерінің маманы, авторлық өлкетану бағдарламасының авторы Елена Кисанова.

2021 жылы бір ғана өлкетану үйірмесі ретінде басталған шағын жоба бүгінде облыстың Баянауыл, Успен, Шарбақты аудандарында, сондай-ақ Ақсу қаласында 40-тан астам үйірмесі бар ірі білім беру орталығына айналды. Арнайы бағдарламалар арқылы ауылдық жерлердегі мыңнан аса бала Artsport және қосымша білім беру жобалары арқылы тегін оқиды. Жалпы оқушылар саны – екі мыңнан асады, оның ішінде 700-ден астамы мемлекеттік қаржыландырумен қамтылған. Мектепте балалар робототехника, танымдық математика, менталдық арифметика, шет тілдері, өлкетану, грек-рим күресі, үстел теннисі және көркем шығармашылық бағыттары бойынша білім алады. Барлық кеңсе тауарлары, үйірме шығындары мен жолақы мектеп есебінен төленеді.

– Ата-аналар ешқандай шығын шығармайды. Біз балаларды толықтай қамтамасыз етеміз. Соңғы жылдары ауыл оқушылары республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алып, Түркия мен Грузияда өткен конкурстарға қатысты, – дейді Елена Кисанова.

Ол 2014 жылы археология мен өлкетануды біріктіретін авторлық бағдарлама әзірлеген. Бағдарлама бірнеше рецензиядан өтіп, Астанада ғылыми тұрғыда мақұлданған.

– Балалар туған жерін танымай елін сүйе алмайды. Сондықтан ең алдымен өз өңірінің тарихын үйретеміз, – дейді білім ордасының басшысы.

Биыл «КЕО мектебі» мектепке дейінгі екі дайындық тобын ашып, 1–4-сынып оқушыларына арналған жаңа бағыттарды іске қосты. Білім беру орталығы алдағы уақытта үйірмелер санын арттырып, ауылдық жерлердегі балаларға қолжетімді білім ұсынуды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Нұрайым  ҚАЛЫБЕК.