Астана қаласында Павлодар облысының әкімдігі мен «Railways Systems KZ» ЖШС компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Аталмыш келісімшартқа Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева және «Railways Systems KZ» ЖШС бас директоры Роман Павлингер қол қойды. «Railways Systems KZ» компаниясы Екібастұзда жаңа буынды электрометаллургиялық зауыт салуға ниетті. Зауыт кеншілер қаласының индустриялық аймағында 100 гектар аумақта орналасатын болады. Инвестиция көлемі — 208 млрд теңге. Бұл сома меншікті және қарыз қаражатынан құралып отыр. Кәсіпорында 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. Металлургия зауытын 2028 жылы іске қосу жоспарда бар.
— Бұл жоба — біздің өңір үшін жоғары шекті кластерлерді құруға бағытталған басымдықтардың бірі. Жоғары технологиялық кәсіпорын Екібастұздың әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейтеді әрі жаңа жұмыс орындары құрылады.
Зауыттың әу бастан жоғары экологиялық және әлеуметтік стандарттарды ескере отырып жобалануы да маңызды, — деп атап өтті Әйгерім Қабылтаева.
«Rail Way Steel» жылына 1 млн тонна жоғары технологиялық болат өндіруге қауқарлы болмақ. Металлургия өнімдерінің 40 пайызға дейінгі көлемін ТМД және ЕО елдеріне экспорттау жоспарлануда. Жоба электрометаллургия саласындағы ірі еуропалық инжинирингтік компаниямен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.
— Құрылыста, көлік жасауда, цемент және энергетика өнеркәсібінде сапалы болат құймалары мен сорттық прокатқа қажеттілік бар. Біз мемлекеттің жаңа ауқымды жоспарларды іске асыруға қолдау көрсетуін жоғары бағалаймыз, — деп атап өтті Роман Павлингер.
Озық технологиялардың көмегімен балқыту және легирлеу процесі әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда 20-50 пайызға дейін жеделдетіледі. Осының нәтижесінде энергия қуатын тұтыну жартылай азаяды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.