Жаңа реформа: мақсаты қандай?

Ақп 20, 2025

Соңғы уақытта қоғамда қосымша құн салығының пайыздық мөлшерлемесін арттыруға қатысты мәселе қызу талқыланып жүр. Көпшілік салықтық өзгеріс қарапайым халықтың қалтасын қағады деп алаңдайды. Ал бизнес өкілдері қосымша жүктеме табыстың азаюына әкеп соғады деген күдігі барын жасырмайды. Жуырда бұл мәселе жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен өткен кеңейтілген жиында жан-жақты талқыланды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Жан-жақты түсіндірді

Бүгінде қосымша құн салығы – мемлекеттік қазынадағы қаржыны көбейтудің бірден-бір жолы. Қазіргі уақытта оның мөлшерлемесі 12 пайызды құрап отыр. Алайда мұндай мөлшерлеме «жыртықты» жамап, бюджетті көбейтуға келмейтін көрінеді. Сол себепті Үкімет салық мөлшерлемесін арттыруды ұсынып отыр. Бастапқыда оның көлемін 20 пайызға дейін жеткізу болжанған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлермен өткен жиын барысында бұл мөлшерлемені азайтып, өңірдегі бизнес өкілдерімен әлі де жан-жақты талқылауды жүктеген болатын.

Ендігі ретте мөлшерлемені 16 пайыз көлемінде бекіту қарастырылуда. Яғни, төрт пайызға арттыратын болсақ, мұнайдан түсетін кіріске тәуелді болып «байланып» қалмай, керісінше әлеуметтік жобаларды қаржыландырудың мүмкіндігі туады. Сонымен қатар, салық реформасы сәтті жүзеге асқан жағдайда ел бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады деп болжанып отыр. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға, мемлекеттік қарыз деңгейін төмендетуге, инвестициялық жобаларды қолдауға, даму институттарын нығайтуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және жылу-энергетика жүйесін жаңғыртуға қосымша ресурстар бөлуге мүмкіндік береді.

Жуырда өңірімізге арнайы келген ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жергілікті бизнес-қауымдастықпен жүздесіп, жаңашылдықтың жай-жапсарын түсіндіріп, салық заңнамасына жақын арада енгізу жоспарланып отырған негізгі өзгерістер таныстырылды.

Ержан Ерікұлының айтуынша, негізгі жаңалықтардың бірі — табысы жылына 15 млн теңгеге дейінгі жеке тұлғалар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеу мүмкіндігі. Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көптеген санат өкілдеріне – курьерлер, такси жүргізушілері және қолөнершілерге – агрегатор операторларының платформалық жұмыспен қамтылуын қажетсіз бюрократиялық рәсімдерсіз пайдалануға жағдай жасалады.

— Бұл режимде төрт пайызды алып қою көзделуде: екеуі – зейнетақы жарналары, біреуі – медициналық сақтандыру, бір пайызы – әлеуметтік аударымдар, — деп түсіндірді Е.Біржанов.

Бұған дейін табыстың бір пайызы жеке табыс салығына кетіп отырды. Ал қазір бұл ақша өзін-өзі жұмыспен қамтығандарда болашақ зейнетақы және әлеуметтік жинақ ретінде қалады. Табыс шегінен асқан жағдайда ғана кәсіпкер қосымша құн салығын төлеуші мәртебесіне ауысуға міндетті болады.

Бұл ретте көпшіліктің көкейінде қосымша құн салығының өсуі күнделікті қолданылатын тауарлар, әсіресе азық-түлік бағасының күрт өсуіне әсер етеді деген күдіктің бары рас. Вице-министр бұл күдікті сейілтті. Айтуынша, салық жүктемесінің өзгеруі әлеуметтік маңызы бар мұндай тауарларға салқынын тигізбеуі тиіс.

— Салық жүктемесінің артуына байланысты азық-түліктің қымбаттауы туралы мәселе жұртшылықты алаңдатып отырғанын білеміз. Бірден атап өтерлігі, ауылшаруашылық өнімдеріне салық салынбайды. Ал бөлшек сауда салығы қолданыстағы қалпында қалады. Сондай-ақ, Қаржы министрлігі тиімсіз салық жеңілдіктерін қысқартуды, табысы жоғары қазақстандықтар үшін жеке табыс салығы бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізуді қарастыруда, — деп атап өтті вице-министр.

Яғни, агроөнеркәсіптік кешенді қосымша құн салығынан толық босату ұсынылып отыр. Есесіне 10 пайыздық мөлшерлеме көлемінде аралық салық енгізілмек. Ол жеке меншік бағытта жұмыс істейтін компанияларға қатысты болмақ. Мәселен, коммерциялық медицинадан түсетін түсімнің көлемін арттыру үшін денсаулық сақтау салығын салу ұсынылды. Министр орынбасарының сөзінше, мұндай тізім алдағы уақытта толықтырыла түспек.

Ержан Біржанов бизнеске жыл сайын мемлекеттік бюджеттен бөлінетін шығындардың 48 пайызы әлеуметтік салаға бағытталғанын да тілге тиек етті. Олардың қатарында төлемдерді, зейнетақыларды, жәрдемақыларды қамтамасыз ету, индекстеу, атаулы әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау бағдарламалары бар.

— Мұның бәрі бюджеттен қаржыландырылады. Соңғы жылдары әлеуметтік қамсыздандыруға сұраныс артып келе жатқандықтан, жоғары кірісті де қамтамасыз етуіміз керек. Соңғы бірнеше жылда біз Ұлттық қордан қаражат алдық. Оның басты міндеті — біздің байлығымызды сақтау, болашаққа инвестиция салу. Егер біз Ұлттық қордан қаражат алудың осындай динамикасын жалғастыратын болсақ, онда 2035 жылға қарай оның қаражаты таусылуы мүмкін. Сондықтан бізге салық саясатын қайта қарау қажет, — деп түйіндеді сөзін ол.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек салық жүйесі теңгерімді болып, бизнес пен мемлекеттің мүдделері ескерілуі керек екенін еске салды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлермен кездесу барысында дәл осы жайтқа баса мән бергенін де атап өтті.

Жиын барысында сөз алған өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов салық жүйесі бойынша жаңашылдықтарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, көпшіліктің ұсыныс-тілектерін ескерудің маңызы зор екенін айтты.

— Қазіргі уақытта қоғамда қосымша құн салығына қатысты түрлі ой-пікір айтылуда. Министрлік өкілінің арнайы келіп, бизнеске салық салу тәсілдерін нақты түсіндіргені жөн болды. Себебі бұл – өзекті мәселе. Бизнесті салық саласы қызықтырады, себебі ертең оларға осы заңнамамен жұмыс істеу қажет болды, — деді Е.Әбенов.

Жалпы, аталмыш кездесу кезінде жергілікті кәсіпкерлер тарапынан 15-тен астам ұсыныс түсті. Олардың барлығы назарға алынып, тағы да талқыланып, жаңашылдықтарды енгізу кезінде ескерілетін болды.

Көпшілік не дейді?

Жалпы, салық жүйесіне неліктен өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады? Бұл – жоқ жерден көтерілген мәселе емес. Белгілі болғандай, бүгінде кей пысықай кәсіпкерлер міндетті төлемді азайтып, тіпті одан жалтару үшін түрлі әрекетке баратын болған. Айталық, кей бизнес өкілдері қосымша құн салығын төлемеу мақсатында ірі кәсіпорнын бірнеше ұсақ құрылымға бөліп тастайды. Сөйтіп, тиісті мөлшерлеме бойынша белгіленген салықты төлемейді. Ал соның салдарынан мемлекет жыл сайын шамамен 800 млрд теңге көлеміндегі табыстан қағылып отыр. Демек, осынша көлемдегі қаржы қазынаға түсім ретінде келмей отыр.

Осындай заңсыздықтың жолын кесіп, жүйедегі жұмысты реттеу үшін бірнеше нақты өзгеріс енгізу қарастырылып отыр. Анығын айтқанда, жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесін қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға дейін арттыру мүмкіндігі талқылануда. Осы орайда, азық-түлік және дәрі-дәрмек өндірушілерін қосымша құн салығынан толық босату, ал бірқатар салалар үшін 10 пайызбен аралық мөлшерлеме болады. Осылайша, Үкімет саралау механизмін, яғни 16, 10, 0 пайыздық және толық босату жүйесін талқылауда.

Экономика саласындағы сарапшы, PR маманы Айбар Олжаев осындай екі жаққа да тиімді шешім қабылдау әлдеқайда дұрыс екенін алға тартады.

— Мемлекет басшысы компро-мистік шешімге алып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Біріншісі, бизнес иелерінің табыс айналымы белгілі бір шектен асса, қосымша құн салығын төлейді. Ал айналымы аз болса, сәйкесінше салықты да аз төлейді. Бұл прогрессивті шкала бойынша жүзеге асады. Барлық бизнес өкілдеріне ортақ ҚҚС белгілеу — орынсыз. Бизнес иелерінің мүмкіндіктерін зерделеп, салықтық жүктеме арту керек. Бұл әділ шешім болмақ. Үкімет қосымша құн салығын көтеру арқылы бюджет тапшылығын жоюды көздеп отыр. Оның прогрессивті түрде жартылай көтерілуі бюджет мәселесін түбегейлі шешпеуі де ықтимал, — деген ойын білдірді сарапшы.

Көпшіліктің назарын аудартқан аталмыш мәселеге қатысты редакциямызға да оқырмандардың пікірлері келіп түсіп жатыр. Мәселен, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Май ауданының Құрметті азаматы Рашид Бектеміров тұтас елге қатысты осындай мәселе талқыға салынған тұста әр азамат өз ойын білдіруі тиіс деп пайымдайды.

— Әу баста қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеру мәселесі айтылды. Әрине, мұндай жаңалық халықты алаңдатып қойды. Сондықтан Мемлекет басшысы да бұл бастаманы құптамай, әлі де саралап, жан-жақты талқылауды тапсырды. Егер құн салығы жоғарыласа, соңынан тарифтер, тауарлар қымбаттап кетпей ме деген алаңдаушылық туады. Қазіргі уақытта құзырлы министрліктердің өкілдері өңірлерді аралап, осы мәселені талқылау үшін жиналып жатыр. Басқа да кездесулер өтеді. Сондай тұста әр адам салықты көтеруге, оның мөлшерлемесін саралауға қатысты пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдіргені жөн, — дейді ақсақал.

Әзірше қосымша құн салығын арттыруға қатысты нақты шешім қабылдана қойған жоқ. Үкімет өкілдері пайыздық мөлшерлемені арттырып, аз табыс табатын кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырудың қаншалықты негізді екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп, ел аралауда. Бұған қатысты кәсіпкерлер талап-тілектерін білдіріп жатыр. Бір анығы, жаңа салық реформасы қарапайым тұтынушыларға кері ықпалын тигізбеуі тиіс. Яғни, барлығына тиімді тарифтердің қабылданғаны абзал.