Биыл тұрғындардың отандық көліктерді несиеге тиімді шарттар бойынша ресімдеуі үшін мемлекеттік бағдарлама басталғанды. Бастапқы жарнасыз, пайыздық мөлшерлемесі небары 4 пайыз болатын бұл несиеге деген жұрттың сұранысы жоғары болды. Жоғары болғаны соншалық, онлайн-өтінімдерді қабылдау бар-жоғы 18 секундта аяқталғаны ел есінде. Енді оның өзі көзден бұл-бұл ұшты. Бұдан былай жеңілдетілген автонесие берілмейтін болды.

Бастапқыда «Бұл бағдарлама 30 жылға арналған» деп жарнамасы «жер жарған» бағдарламаның ғұмыры қысқа болды. Жұрт оның игілігін көріп те үлгерген жоқ. Ақпан айында 761 азамат қана сол арқылы темір тұлпар алды. Әу баста өтініштерді қабылдау әр айдың алғашқы он күнінде жүргізіледі дегенмен, содан бері бағдарлама жалғасын тапқан жоқ. Алдағы уақытта мүлде болмайды да. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

– 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта жаңартылады. Соған сәйкес, автокөліктер алуға берілетін кредитті автобустарды несиелеу бағытына ауыстыру жоспары бар. Себебі, елімізде қоғамдық көліктердің көбі тозған. Мысалы, Қостанайда автобустардың 90 пайызы, Орал, Талдықорғанда 70 пайызы ескірген. Біз бағдарлама аясында түскен қаржыға қанша адам жеңіл көлік, қанша кәсіпорын автобус ала алатынын есептеп, сараладық. Мәселен, қоғамдық көліктерді күніне 9 млн 300 мың қазақстандық пайдаланады. Сондықтан қаражатты сол қоғамдық көліктерді жаңартуға жұмсаған әлдеқайда дұрыс әрі тиімді болады деп ойлаймыз, – деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзінше, мұндай жаңашылдық – қарапайым жұртшылық автонесиелеу бағдарламасынан мүлде қағылып қалады деген сөз емес. Оларға арналған бағдарламаның екінші бағыты бар көрінеді.

– Жеңілдетілген автонесие-леу бойынша екі бағдарлама бар. Оның біріншісі – «Оператор РОП»-тан бөлінген 100 млрд теңге көлеміндегі револьверлік қаражатты игеру. Сол бойынша тұрғындар банкке қайтарылған қаражат есебінен 4 пайыздық мөлшерлемемен несие алып келді. Енді бұл сома автобустар алуға бағытталады. Екіншісі де –
револьверлік әдіспен бөлінген 82 млрд теңгелік бағдарлама. Оның талабы бойынша, тұрғындар банктерге 10-15 пайыз көлемінде бастапқы жарнаны төлей отырып, жылдық 5 пайыздық мөлшерле-мемен көлікті несиеге ала алады. Бұл бағдарлама әрі қарай жалға-сады, – деді М.Қарабаев.

Айта кетейік, автонесие айна-лысындағы өзгеріс бұл ғана емес. Осыдан бір ай бұрын дәл осы министрлік тұрғындарға арналған бағдарлама талаптары өзгергенін жариялаған-ды. Соған сәйкес, көлік бағасының 10 пайызы көлемінде жарнаны төлеу, несие алған азаматтардың аты-жөнін жалпақ жұртқа жариялау, айлық табысты ескере отырып, жоғары жалақы алатындардан өтініш қабылдамау, KIA Sportаge, Hyundai Tucson маркалы көліктерді бағдарлама тізімінен алып тастау сынды талаптар қосылған болатын. Маусым айында осы шарттар негізінде өтініш қабылдауы тиіс еді. Байқағанымыздай, бағдар-лама тағы өзгерді. Алдағы уақытта да өзгерістер енгізіліп жатса, таңғалмайтын болдық.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.