Ақсу қаласында осыдан алты жыл бұрын құрылысы басталған қалалық қазандықтың «жыры» әлі бітер емес. Қаланы қосымша жылумен қамтамасыз етуі тиіс маңызды нысанның іске қосылатын түрі де жоқ. Бұлай жалғаса берсе, металлургтер шаһарында Екібастұздағы жағдай қайталануы бек мүмкін.

Ақсу қаласы жарты ғасырдан астам уақыт бойы жергілікті ферроқорытпа зауытындағы қазандықтар арқылы жылытылады. Тұрғын үйлер, әлеуметтік және бизнес нысандарға орталықтандырылған жылу берудің жалғыз көзі – осы. Бірақ мұндағы құрал-жабдықтың басым бөлігі ескірген. Осыдан 10 жыл бұрынның өзінде тозу деңгейі 70 пайыз болған. Жыл сайын ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, ауқымды жаңғырту бола қойған жоқ.

Осыны ескерген жергілікті билік 2015 жылы жаңа қалалық қазандық салуды ұйғарды. 2017 жылы стратегиялық маңызды нысанның қазығы қағылды. Алты жыл аралығында оған қазынадан 11 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Осындай қыруар қаражаттың қарастырылғанына қарамастан ақсулықтар әлі күнге дейін оның игілігін көре алмай отыр. 2019 жылы қолданысқа тапсырылуы тиіс болған кәсіпорынға қатысты істің не себепті сиырқұйымшақтанып кеткеніне қатысты сылтау көп. Шаһар басшысы Нұрлан Дүйсембинов былтыр күзде мердігер күлді үгітетін құрал орнатқан соң қазандық жұмыс істеп кетеді деген-ді. Бірақ олай болмады.

Таяуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбеков ақсулық қазандықтың уақытылы іске қосылмауын былай түсіндірді:

– Қазандықты іске қосуға дайындық жұмыстары барысында қазандықтар екібастұздық көмірге лайықталып жобаланғаны анықталды. Ал іс жүзінде бұл қазандықтар оған есептелмеген. Яғни, көмірді ауыстыру керек. Соның салдарынан тариф та көтеріледі. Қазір мердігер компания жобаға енгізілмеген, сараптамадан өтпеген құралды орнатуды сұрап отыр. Бұл ретте әкімдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке іске қосу кампаниясы мен мердігер ұйымның әрекетіне баға беруге қатысты өтініш жолдады, – деді Хасар Хабылбеков.

Ақсу қаласындағы қазандық жобасына Үкімет пен Парламент те араласты. Жуырда Павлодар облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай бұл жобаның болашағына алаңдаушылық білдірді. Сөйтіп, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің атына депутаттық сауал жолдады.

– 73 мыңдай халық тұратын шаһар бүгінде Ақсу ферроқортпа зауытының қазандығы арқылы жылытылып келеді. Оның да қазандықтарының тозығы жетіп тұрғандығы жасырын емес. Оған қаланың ескірген ішкі жылу жүйесін қосыңыз. Алда-жалда апат орын ала қалса, Екібастұздың күйіне түсуі мүмкін екендігін ескертеміз.

Ақсу қаласының құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша 10 млрд 698 млн теңге бөлініп құрылыс жұмыстары басталған. Алайда қаржы жекіліксіз деп танылып, осы уақытқа дейін жалпы алғанда 12 млрд-қа жуық қаражат жұмсалды. Бірақ салынып бітіп, іске қосылған қазандық жоқ! Енді, ел бюджетінен миллиардттаған қаражат жұмсалған «сақалды» құрылыс үшін кім жауап береді? Бұл – арнайы тексерісті, жеке-дара талдап қарауды қажет ететін сауал. Сондықтан ертең қыстың көзі қырауда Ақсу қаласының тұрғындары да жылусыз қалуы мүмкін деген қауіппен дабыл қағып отырмыз, – дейді депутат.

Бұған қатысты құзырлы ведомство басшысы түсініктеме берді. Оның айтуынша, мәселенің бары жасырын емес. Тек түйткілдің қашан және қалай тарқайтыны белгісіз.

– Ақсудағы қазандыққа қатысты болжам, жоспар жоқ. Себебі ондағы технология түсініксіз. Мердігер жобада қарастырылмаған үгіткіштерді өз қаржысы есебінен қойып жатыр. Ол кейін жұмыс істей ме, жоқ па – оны да ешкім айта алмайды. Жалпы, жобалауға, жұмысты орындауға қатысты проблемалар бар, – деп қайырды министр.

Ал көптің көкейінде жүрген, депутатты да мазалаған миллиардаған қаржының есебі міндетті түрде болады. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунованың сөзінше, қаржының игерілуіне қатысты құжаттар құқық қорғау органдары беріледі.

– Қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көріп отырмыз. Сол себепті құзжаттар құзырлы органдарға тапсырылады. Дәл қазір мемлекетке келтірілген шығын көлемін дөп басып айту қиын. Ол тергеу амалдары жүргізілген соң белгілі болады. Бір анығы – жоба сапасыз, – дейді Наталья Годунова.

Бастысы, алдағы жылыту маусымында Ақсу қаласының жұртшылығы екібастұздықтардың кебін киіп, қиындыққа тап болмаса екен дейміз. Ал құрылысы сағызша созылған нысанды ел игілігіне беретін күн әлдеқашан келді. Қазынаның қаражатына салынған қазандық уақыт оздырмай пайдалануға тапсырылуы тиіс.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.