Еліміздегі үш мұнай өңдеу орнының бірі – Павлодар мұнай-химия зауыты күрделі жөндеудің жүргізілуіне байланысты жұмысын бір айға тоқтатады. Бұған дейін қордың мол көлемде жиналуына байланысты жанар-жағармаймен қамту бойынша қиындық туындамауы тиіс.

Павлодар мұнай-химия зауыты өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарын бастады. Атап айтқанда, 20 маусым мен 19 шілде аралығында кәсіпорында өнім өндірілмейді. Бұл кестені Энергетика министрлігі бекітті.

Кәсіпорында күрделі жөндеу кезінде жүргізілетін жұмыстың негізгі бөлігіне технологиялық жабдықтардың (құбырлар, пештер, бу құбырлары және т.б.) өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық тұрғыдан куәландыру, жөндеу және сараптау кіреді. Бұл жұмыстарды орындау кезінде зауыттың технологиялық нысандарын пайдалану толығымен тоқтауы тиіс.

– Зауыт жұмысы тоқтайтын кезеңге жанармай мен дизель қоры жеткілікті мөлшерде жинақталған. Нақтысын айтсақ, жанармай қоры – 37 мың тонна, дизель қоры – 47 мың тонна. Бұл көлем кәсіпорынды жөндеу кезінде өнімді бірқалыпты жөнелтіп отыруға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды кәсіпорын басшылығы.

Демек, зауыттағы күрделі жөндеу жұмыстары тұтынушыларды мұнай өнімдерімен қамтуда кері әсерін тигізбеуі керек.

 Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.