Бүгінгі таңда ел бойынша жеке тұлғалардың кірістерін декларациялау науқаны кезең-кезеңімен енгізілуде. Кәсіпкерлік қызметті бұрын тіркемеген азаматтар енді кәсіпкер немесе қызметкер болуы тиіс. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда тиісті салық режимін таңдауы қажет.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық мемлекеттік кірістер департамен-тінің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Галина Бирюкова бүгінгі таңда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми жұмыспен қамтылғандар үшін оңайлатылған салық нысаны жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі кірістің 1 пайызын құрайды. Ал жеңілдікті санатқа жатпайтын кәсіпкер үшін әлеуметтік төлемдердің ең төменгі мөлшері 14 350 теңгені құрайды. Бұл – кәсіпкердің өз пайдасына төленетін төлемдер. Атап айтсақ, зейнетақы жарнасы – 7 000 теңге, әлеуметтік аударымдар – 2 450 теңге, медициналық сақтандыру жарнасы – 4 900 теңге.

– Жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру бойынша мемлекеттік кірістер органдарының жұмысындағы бағыттардың бірі – бірыңғай жиынтық төлем. Ол банкте қажетті соманы төлеу арқылы өзін ресми тіркеуге және төлемді тоқтату арқылы өз қызметін тоқтатуға мүмкіндік береді. Ол үшін есептерді немесе құжаттарды дайындаудың қажеті жоқ. Бірыңғай жиынтық төлем – жеке қосалқы шаруашылық қызметкерлеріне, отбасылық кәсіпорындардың жалақысы төленбейтін жұмыскерлеріне, жұмыскерлері жоқ, айналымы 1 175 АЕК-тен төмен кәсіпкерлерге арналған. 2023 жылдың басынан бері Павлодар облысында 11 000-ға жуық азамат бірыңғай жиынтық төлем бойынша жеке табыс салығынан 14 млн теңгеден астам соманы төледі. Ал 2019 жылдан бері бұл көрсеткіш шамамен 105 млн теңгені құрайды, – деді Галина Бирюкова.

Сонымен қатар, басқарма басшысы жаңа заң нормаларына сәйкес енді такси жүргізушісі жеке тұлға ретінде өз қызметін жүзеге асыра алмайтынын айтты. Ол міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек.

– Жұмыспен қамту платформасы бойынша қазір екі пилоттық жоба іске асырылмақ. Бүгінде бұл мақсатта салық органдарында, Еңбек министрлігінде, «ICRIAP» ақпараттық жүйелерінде және Яндекс интернет-платформасында интеграциялық жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, такси жүргізушісі кәсіпкер болуы немесе такси компаниясының штатында болуы керек екені белгілі. «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі № 476-II Заңының 1-бабының 25-1 тармақшасына сәйкес такси тасымалдаушысы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға болып табылады. Бүгінгі таңда такси жүргізушілерінің көпшілігі өкінішке қарай бұл заңдық саладан тыс, – деді ол.

Сондай-ақ, басқарма басшы-сының сөзінше, 2023 жылдан бастап жаңа форматтағы бөлшек сауда салығын енгізу кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға ынталандыру үшін заңнамалық жағдай жасаудағы үлкен қадам болды. Бұл режим түрін шағын және орта бизнес өкілдері қолдануға құқылы. Бүгінгі күні республикада 3390 кәсіпкер бұл режимге көшті. Жалпы, Павлодар облысы бойынша 105 салық төлеуші Мемлекеттік кірістер басқармасы шеңберінде бөлшек сауда салығы бойынша жеңілдетілген арнайы салық режим қызметін жүзеге асырады.

– Қазір 2 пилоттық жоба дайындалды. Олар – платформалық жұмысқа орналастыру бойынша пилоттық жоба және электрондық коммерцияның пилоттық нұсқасы.  Сондықтан пилоттық жоба аясында жеке кәсіпкерді қарапайым және түсінікті интерфейсте тікелей серіктес интернет-платформасында тіркеуге болады. Кейін кәсіпкер дербес есептеулерден және салық төлеуден босатылады. Мұның бәрін оған интернет-платформа жасайды. Осылайша, қажетсіз әкімшілік кедергілерсіз азаматтар салық міндеттемелерін орындап, әлеуметтік кепілдіктер алады және медициналық көмекке қол жеткізеді, – деді Г.Бирюкова.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл жоба аясында онлайн сауда алаңдары сату деректерін мемлекеттік кірістер комите-тіне жібереді, ал мемлекеттік кірістер комитеті өз кезегінде барлық интернет сайттарынан мәліметтерді жинап, деректерді осы кәсіпкерлерге қызмет көрсететін серіктес банктерге береді. Алынған деректер негізінде банк ай сайын ағымдағы салық сомасын есептеп, салық төлеу үшін клиентке push-хабарлама жібереді. Бұл, біріншіден, салық сомасын кезеңге бөлуге мүмкіндік берсе, екіншіден, салық есептілігін тапсыруды жеңілдетеді. Бүгінгі күні 80 мыңнан астам кәсіпкер онлайн-платформалар арқылы тауар сатуда.

А.МҰҚЫШЕВ.