Жұмыстың нәтижесі – халық алғысы

Қар 13, 2025

Кез келген адам жеке үйінің болғанын қалайтыны анық. Алайда қазіргі нарықтағы жағдай аясында әп-сәтте әрі қолма-қол қаржыға баспана сатып алатын тұрғындар некен-саяқ. Көпшілік мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына иек артып жатады. Ал олардың көптен күткен арманына қол жеткізуіне қаржы саласының өкілдері көмектеседі.

Сондай білікті мамандардың бірі – «Отбасы банк» АҚ Павлодар облыстық филиалының кеңесшісі Диана Қалқамбекова. Бала кезінен қаржыға тиянақты болған ол болашақ мамандығын да осы саламен байланыстырады. Сөйтіп, облыс орталығындағы Инновациялық Еуразия университетіне «Қаржы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2009 жылы аталмыш оқу ордасын ойдағыдай аяқтайды. Жас қаржыгердің алғашқы жұмыс орны – жеке емхана. Бұл емдеу мекемесінде бірнеше жыл қатарынан есепші болып еңбек етті. Ал 2019 жылдан бері «Отбасы банк» филиалында қызмет атқарып, тұрғындардың баспаналы болуына өз үлесін қосуда.

— Кеңесші ретінде тұрғын үй алуға қатысты барлық бағыт бойынша жұртшылыққа кеңес беріп, жол көрсетіп, тиімді әрі оңтайлы бағдарламаны ұсынамын. Қызмет барысында депозит ашу, несие ресімдеу, өтініш берушінің төлем қабілеттілігін тексеру сынды жұмыстың барлығы қамтылады. Былайша айтқанда, салымшы депозит ашып, пәтерінің кілтін алып, тіпті несиесін өтегенге дейін үнемі байланыста болып, кеңес береміз. Қазіргі уақытта біздің банкке кезекте тұрған азаматтарға қызмет көрсету, оларға жеңілдетілген ипотекалар ұсыну тетігі де берілді. Бұл бағытта да қолғабыс етеміз, —
дейді маман.

Бүгінде негізгі мемлекеттік бағдарламалардың барлығы дерлік аталмыш банк арқылы ресімделетіні белгілі. Айталық, 3 қараша «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламаларына өтініш қабылдау басталды. Сәйкесінше, банк кеңесшілерінің жұмысы да көбейе түсті. Олар ипотека ресімдеу арқылы қалаған үйін алуды армандап келген әр адамға көмек қолын созуға әзір.

— Мен жұмысқа алғаш келген уақытта өтініш берушілердің қарасы қалың еді. Себебі, ипотекалық бағдарламалар тиімді, пайыздық мөлшерлемесі төмен, бастапқы жарнасы да көп емес. Бүгінгі таңда олардың қатары тіпті көбейді. Себебі, тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар саны артты. Бұл – бір. Екіншіден, азаматтардың қаржылық сауаттылығы артқаны аңғарылады. Олар бағдарлама талаптарын, шарттарын жақсы біліп, өздеріне қолайлысын таңдай алады. Үшіншіден, қаржы жинау дәстүрі қалыптасып келеді. Салымшылар депозит ашқан уақытта бірден ай сайын аз да болсын қаржы аударуға кеңес беремін. Өйткені, баспана алу – бір сәттік іс емес. Ол үшін біраз жыл тірнектеп қаржы жинау тәртібі қалыптасқан дұрыс, — деп кеңесін берді қаржыгер.

Диана Қалқамбекованың айту-ынша, жұмыс барысында түрлі салымшы кездеседі. Бірі пәтер алатын сәтін тағатсыздана күтіп, мазасызданып, түн ортасында да кеңес алу үшін қоңырау шалса, енді бірі көптен күткен үйінің кілтін қолына алған кезде көз жасына ерік беріп жатады.

— Осындай қуанышқа кенеліп жатқан азаматтардың алғысын
алу – бір бақыт. Қаржы саласының өкілі ретінде бұл — еңбектің нағыз жемісі деп білемін. Өкінішке қарай, кей өтінім берушілердің өтініштері мақұлданбай жататын кездер болады. Бұған дейінгі несиесін уақытылы төлемей, мерзімі өтіп кеткен қарызы болса, төлем қабі-леттілігі расталмаса, өтініші кері қайтып жатады. Мұндай кезде де жағдайды реттеуге қатысты кеңес береміз. Біз үшін әр салымшының баспаналы болуы маңызды, — дейді Д.Қалқамбекова.

Бүгінде білікті маманның көмегімен жүздеген отбасы шаңырақ шаттығына бөленді. Алдағы уақытта да толымды кеңес берудің, дұрыс бағыт-бағдар берудің нәтижесінде талай отбасы үйлі болады деген сенім мол.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.