Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласында жедел штаб отырысын өткізіп, онда Екібастұз жылу-электр орталығында жөндеу науқанының барысын және тұрғын үй қорын алдағы жылу беру маусымына дайындау мәселелерін талқылады.

 

Штаб отырысында берілген мәліметке сәйкес, Екібастұз ЖЭО-да қазандықтар мен жабдықтарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыстарға 270-тен астам адам жұмылдырылған. Бекітілген кестеден артта қалушылық жоқ және қажетті жабдықтар уақытында жеткізілуде. Жұмыстар №11, №12, №13, №14, №15 қазандық агрегаттарында жүргізілуде. Оларда бөлшектеу жұмыстары, газ құбырларын, ауа өткізгіштерді, экрандық құбырларды ауыстыру, қазандықтардың қаптамаларын ауыстыру және тағы басқа тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша, тамыз айының соңына дейін 4 жылу магистралін қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда. Тұрғын үй қорының жылу қабылдауына дайындық та белсенді жүріп жатыр. Екібастұз әкімінің ақпараты бойынша дайындық актілерін 624 көпқабатты тұрғын үй (690 үйден) алды. Мұнда жылу тораптары мен ішкі жүйелерді жуу және нығыздау толық орындалған. 204 тұрғын үйде жүйені баптау жұмыстары орындалды, дроссель құрылғылары орнатылды және шайбалау жүргізілді. Облыс басшысы жылу беру маусымының сәтті өтуі тек жергілікті атқа-рушы органның ғана емес, сондай-ақ, тұрғындардың да бірлескен жұмысы мен жауапкершілігі екенін атап өтті. Осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясының мамандары тұрақты негізде жүргізуде. Көптеген жағдайларда бұл мәселеде халықтың түсінігі бар. Тұрғындардың мақсатты қаражаты есебінен 131 үйдің жылумен, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөнделді. Облыс әкімі жылу беру маусымына дайындық мәселесін жұмыстардың қарқыны мен сапасын төмендетпей ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, тамыз айының соңына дейін Асайын Байханов гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша анықталған ақауларды жоюды тапсырды. Осы кезеңде желілердің ең осал учаскелерінде барлығы 109 ақау анықталды. Бүгінгі таңда 24 ақау жойылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.