Осыдан бір ай бұрын Павлодар мұнай-химия зауыты кезекті жөндеу жұмыстарына байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Бүгінде жоспарлы істің жартысынан көбі аяқталды. Мамандар белгіленген жұмыстарды артығымен орындап үлгерді.

 

 

Павлодар мұнай-химия зауытында жүріп жатқан жоспарлы алдын алу жұмыстарының негізгі кезеңі басталды. Зауытты іске қосу үшін жалпы дайындық жоспар бойынша 45,4 пайыз болса, бүгінгі күнде іс жүзінде 68,8 пайызға жетті.

Мұнайды бастапқы өңдеу өндірісінде жұмыстың 54 пайызы (жоспар бойынша — 41,4 пайыз), мұнайды терең өңдеу өндірісінде 56,5 пайызы (жоспар бойынша — 52,9 пайыз), ауыр мұнай қалдықтарын өңдеу өндірісінде жұмыстың 69,5 пайызы (жоспар бойынша — 44,5 пайыз) орындалды.

Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде өндіріс толық іске қосылғанға дейін мұнай өнімдерін бұдан бұрын жинақталған қордан жөнелтуде. Жөнелту ҚР Энергетика министрлігі келіскен жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Жоспарлы алдын алу жұмыстары аясында көзделген барлық іс-шара қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау қағидаларына қатаң сәйкестікте жүзеге асырылады. Энергетика министрлігі бекіткен кесте бойынша кәсіпорын осы айдың ортасында толық іске қосылатын болады.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.