Құзырлы органдар мұнай өнімдерінің «көлеңкелі» тасымалына тосқауыл жасауға мән береді. Бұл әрекет ішкі нарықты қорғап, баға көрсеткіштерін тұрақты ұстап тұруға аса қажет. Аймағымызда аталған акцизді өнімдердің заңсыз айналымының жолын кесуге күш салынуда.
Нәтижесі болар, соңғы екі жылда облыста мұнай өнімдерін заңсыз шығаруға қатысты бірде-бір қылмыстық іс орын алмаған. 2022 жылы аймағымызда теміржолмен заңсыз сыртқа шығаруға байланысты екі қылмыстық оқиға тіркеліп, арампиғылдылар қылмыстық жазаға тартылған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Қамбар Қабдуллин мәлімдеді.
Биыл көктемде мұнай өнімдерінің шығарылуына жол бермеу мақсатында еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі мен Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетімен бірлескен жол картасына қол қойылған. Жүргізілген талдау барысында тиісті растау құжаттарынсыз жұмыс істеген бірнеше
тәуекелі бар кәсіпорын анықталыпты.
Айта кету керек, бүгінде облыс аумағында мұнай өнімдерін шығаратын бір ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Ол – Павлодар мұнай-химия зауыты. Сонымен қатар, «Меркурий 5», «Рымжан Трейд» және «Alef Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кіретін үш шағын мұнай өңдеу кәсіпорны бар. Құзырлы департамент ірі зауыттың мұнай өнімдерінің айналымына тұрақты талдау жүргізіп отырады.
Биыл алты айда 2,7 млн тонна мұнай өңделіп, одан 799 мың тонна бензин, 907 мың тоннадан астам дизель отыны, 122,1 мың тонна авиациялық отын және 230 мың тонна мазут өндірілген. Сонымен қатар, мұнда 153 мың тонна битум шығарылған.
Аймағымызда жанар-жағармайдың көтерме саудасымен 104 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 26-сы – өңірімізде, қалғаны еліміздің өзге облыстарында тіркелген.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.