Елімізге шекараның арғы жағынан жеткізілетін тауарлардың барлығында тиісті құжаттары болуы тиіс. Алайда, кей кәсіпкерлер бұл ережелерді елемей, өнімдерді ішкі нарыққа заңсыз әкелуді ойластырады. Мұндай жағдайда «пысықайлар» әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті тұрақты түрде түрлі рейдтер ұйымдастырып, ішкі тауар айна-лымының заң аясында жүруін қадағалайды. Бұл ретте жыл басынан бері 1443 шылым қорабының есеп-бақылау маркаларының талапқа сай болмауы анықталды. Сол сияқты 93 290 бөтелке алкоголь өнімі дүкен сөрелеріне заңсыз түскені белгілі болды. Аталған өнімдердің барлығы тәркіленіп, іс сотқа жолданды. Нәтижесінде заңсыз сатылмақ болған тауарлардың бір бөлігі талапқа сай келмеуіне байланысты жойылды. Сондай-ақ, аталған істерге қатысы бар адамдарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес 43 млн 845 мың теңге айыппұл салынды. Бұл соманың барлығы бюджетке түсті. Бюджет демекші, биыл жергілікті қазынадағы қаржы былтырғыдан айтарлықтай көбейді. Өткен жылы жергі-лікті бюджетке осы уақытта 156,8 млрд теңге түссе, жыл басынан бері бұл сома 48,9 млрд теңгеге артып, 205,7 млрд теңгеге жетті. Бұған қосымша резервтерді іздеу шаралары да оң әсерін берді. Соның нәтижесінде жергілікті «қалта» тағы 4,1 млрд теңгеге толықты. Мәселен, камералдық бақылау арқылы азамат-тарға 4641 ескерту жолданып, соның нәтижесінде 10 млн 607 мың теңге салық салынды. Бүгінде оның 8,1 млн теңгесі төленді.
Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.