Импортты алмастыра алады

Мау 19, 2025

Елімізде импортты алмастыру бағытына барынша мән берілуде. Өзгеге тәуелділіктен арылып, өзімізде өндіруге көшу — Үкіметтің бүгінде алға қойған мақсаттарының бірі. Осы үдеден шығып, ел экономикасына елеулі үлес қосады деген үміт «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың бірі – «Еуразиялық экономикалық зауыты» ЖШС-іне артылып отыр.

Елде жоқ ерекше өндіріс

Биыл сәуірде алғашқы кезеңін іске қосқан бірегей кәсіпорын алдағы уақытта машина жасау, металлургия, энергетика салалары үшін алып әрі ауыр бөлшектерді заманауи станоктарда жонып, өңдеп береді. Аталмыш кәсіпорын толық қуатына көшкенде жылына 8700 ірі бұйым өңдеуге шамасы жетеді. Қазіргі таңда теміржол локомотивтеріне қажетті бөлшектер өңделуде. Кәсіпорынның бас инженері Қайрат Қасеновтің айтуынша, өндірісте Германия мен Испанияда өндірілген ең озық 12 станок орнатылады. Оның сегізі жеткізіліп, алғашқылары орнатылып, тапсырыс қабылдау басталып та кетіпті. 2023 жылы арнайы аймаққа енген инвестор жобаға 11,1 млрд теңге құйған. Бөлшектердің шойын құймалары бүгінде Ресейден жеткізілуде. Қазақстандық өндірушілермен де жұмыс істеу көзделіп отыр. Қазірдің өзінде кәсіпорын қызметіне қызығушылық танытып жатқандар бар. Мәселен, ERG компаниясы түрлі өлшемдегі турбина қалақшаларына тапсырыс беруге ниетті. Қос тарап бұл тапсырыстың техникалық мүмкіндіктерін қарастыруда.

— Елімізде шағын станоктары бар кәсіпорындар жеткілікті. Бірақ біздікіндей салмағы 40 тоннаға жететін, ұзындығы 12 метрлік бөлшектерді өңдейтін станоктар олардың ешбірінде жоқ. Нақты тапсырыспен жұмыс істейміз. Зауытымыз импортты алмастыруға бағытталған. Біз бөлшектердің құны мен сапасы арқылы көрші елдермен бәсекелесе аламыз. Десе де, Қытай арзандығымен алда тұр. Алайда, сапасында кемшілік көп. Көп компаниялар тендер арқылы арзанын ұтып алып, кейін орнатуға жарамай, ретке келтіруге жүгініп жүреді. Ал біздің шетелдік жабдықтарымызда дәлсіздік жоқтың қасы, — дейді Қ.Қасенов.

Бүгінде зауытта 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың 8-і — операторлық қызметте. Яғни, станоктарды басқарады.

Нарықтан ығыстырды

Ал арнайы аймақтағы «Қазмұнайхим» ЖШС импорттық өнімді бүгінде біздің нарықтан ығыстырып үлгерген. Бұл кәсіпорын шығаратын негізгі өнімдерінің бірі – ашық түсті мұнай өнімдеріне арнал-
ған қоспа. Зауыт жылына 10 мың тонна өндіруге қауқарлы. Бұл қоспаны жанар-жағармай өндірісінде қолданады. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, аталған қоспа жанар-жағармайдың майлы болуына үлес қосады. Онсыз дизельді отын ауыр көліктердің қозғалтқышының жиі істен шығуына әкеледі. Бүгінде қоспаны Атырау және Павлодар мұнай-химия зауыттарына жөнелтеді. Сонымен қатар, полипропилен өндіретін KPI кәсіпорнын қамтып отыр.

— Бұрын бұл қоспаны еліміз Еуропа мен Америкадан алып келген. Себебі, жабдықтардың бәрі осы елдерде жасалғандықтан, лицензия иелері өз ережелерін жазып келген. Ал пандемия кезінде шетелдік компаниялар толық локдаунға кетіп, біздегі өндірістен өзімізден іздей бастады. Өнімімізді ұсындық. Зертханаларында зерттелді, жарайтын болды. Осылайша, импорттық тауарды өзіміздікіне оңай алмастырып алдық. Өніміміз шетелден әкелетіннен әлдеқайда арзан. Нәтижесінде, «Қазмұнайгаз»
компаниясы  шығындарын оңтай- ландырды, — дейді кәсіпорынның бас директоры А.Кенжебаев.

Қоспаны павлодарлық кәсіпорын алдын ала дайындамайды. Себебі, өнімнің белсенді негізінің жарамдылық, тиімділік мерзімі бар. Соған байланысты тапсырысқа сай өндіреді. Қазіргі таңда кәсіпорын жаңа өнім — полимерлеу катализаторын шығаруға бекініп отыр. Жабдығы – реакторлар құрылып дайын тұр. Оған қажетті шикізат – сирек металдарды Қытайдан сатып алады. Бүкіл әлем аталған елден алатын көрінеді. Біздің нарыққа катализатор жеткізіп жүрген америкалықтар әлі күнге дейін аталған шикізатты Қытайдан тасиды. Бұл елімізге келетін өнімнің қаншалықты қымбатқа түсетінін білдіреді. «Самұрық-қазына» ұлттық компаниясының импортты алмастыру бағдарламасы арқылы дайын өнімін KPI кәсіпорнына өткізбек. Бес жылдық келісімшарт жасапты. Павлодарлық өндіріс орны катализаторға алюминийдің күлін пайдалануды көздеп отыр. Құжаттық рәсімдері аяқталған соң өндірісті бастайды. Бұдан бөлек, компания шетелдік нарыққа енуге де талпынуда. Әзірге, көрші елдің іргелес өңірлерінің мұнай өңдеу зауыттары аз көлемде алып көрген. А.Кенжебаев жылдар өте экономикалық тұрғыдан тиімді, сапасы талапқа сай өніміне таңдау түсетініне сенеді.

Құйылған қаржының қайтарымы бар

Жалпы, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында бүгінде инвестициялық портфель сомасы 509,7 млрд теңге болатын 38 жоба іске асуда. Оның 20-сы жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, жалпы құны  510 млрд теңгенің 10 жобасы бойынша жұмыстар пысықталуда. Арнайы аймақтың 1200 гектары аумағының бүгінде тек 333 гектары бос. Қалғанында инвесторлар іргелі жобаларын жүзеге асыруда. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасы Мәдениет Ахметовтің айтуынша, қазірдің өзінде қосымша аймақтар іздестірілуде. 180 гектар аумақ дайындалып жатқан көрінеді. Яғни, қажеттілік туындаса, әзір тұрады.

Бүгінде арнайы аймақтың 65,8 пайыз аумағы инженерлік коммуникациялармен қамтылған. Автомобиль жолдары мен теміржол торабы бар. 2018 жылы салынған теміржол құрылысында кеткен кемшіліктер жойылып, локомотивті жүргізіп көрген. Жолды салған фирма банкроттық ұшырап, ал иесі қайтыс болғандықтан, құжаттарын да қалпына келтіруге тура келген. Енді ол кәдеге жаратылады.  Бұған дейін кәсіпорындар «Каустик» өндірісінің теміржолын пайдаланып келген. Ауызсу мен техникалық су құбыры да істеп тұр. Шаруашылық-тұрмыстық кәріз жүйесі жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы, істеп тұрған 20 кәсіпорынға мемлекет тарапынан 13,8 млрд теңгенің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы тартылған. Жалпы, арнайы аймақ ашылғаннан бүгінге дейін аймақтағы кәсіпорындар жобаларына 164,3 млрд теңге инвестиция салған. Оның 86,9 млрд теңгесі – шетелдік инвестиция. Атап өтсек, Ресей, Түркия, Қытай, Еуропа елдерінен инвесторлар бар. Жылдар бойғы жұмыстар нәтижесінде арнайы аймақта 395,2 млрд теңгенің өнімі шығарылған, оның 48 пайызы экспортқа жөнелтілген. Қазынаға 33,7 млрд теңге салық түскен. Бұл арнайы аймаққа бюджеттен шығындалған қаржыны 2,5 есеге өтеді деген сөз. 1628 тұрақты жұмыс орны құрылған. Бүгінде мұндағы кәсіпорындар өнімнің 117 түрін шығарады. Тауарлары 15 елге экспортталады.

— 2024 жылдан бастап инвес-торларға түрлі жеңілдіктер қарас-тырылған. Нақтысы, корпоративтік кіріс салығынан, қосымша құн салығынан, жерді жалдау ақысынан, мүлік салығынан және кедендік баж салықтарынан босатылады. Мұндай жеңілдіктер 11,8 млрд теңгеге дейін инвестиция салғандарға жеті жылға берілсе, 12-57 млрд теңге көлемінде қаржы құйғандар қолдауды 15 жыл көреді. 57 млрд теңгеден жоғары инвестиция салғандар 25 жылға жеңілдіктерге ие болады, — дейді Мәдениет Қайыргелдіұлы.

Бізге берген мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары арнайы аймаққа инвестиция көптеп тартылғаны көрінеді. Мысалы, 2021 жылы 4,3 млрд теңге болса, 2022 жылы 3,8 млрд теңге тартылған. 2023 жылы 15,2 млрд теңге, 2024 жылы еселеніп, 48,2 млрд теңгеге жеткен. Биыл 50 млрд теңгеге инвестиция тартылады деп күтілуде. Алғашқы тоқсанның өзінде 12,7 млрд теңге құйылған.

Жыл соңына дейін төрт жоба іске қосылмақ. Ал 2028 жылы жұмысын бастайды деп жоспарланған «Ертіс» гидрометаллургиялық комбинаттың еліміз үшін маңызы зор. Инвестиция көлемі 485 млрд теңгені құрап отыр. Бұл жүзеге асса, Қазақстанның ғана емес, көрші елдердің де құрамында алтын-күміс бар концентраттарды толығымен қауіпсіз қайта өңдеуге мүмкіндік береді екен. Түптеп келгенде, еліміздің алтын валюталық резервін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Ал арнайы аймақта уәдесін орындай алмай, тиісті кестеге сай қаржы құймаған инвесторларға талап қатаң. Былтыр 8 инвестормен шарт бұзылыпты. Әлбетте, арнайы аймақ басқармасы инвесторға ескерту жасайды, 60 күн түзетуге мүмкіндік береді. Нәтиже шықпаса, қош айтысуға тура келеді.

Басқарма төрағасының мәлім-деуінше, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы бүгінде мұндай аймақтар арасында үздік үштікке кіреді. Алдағы уақытта өндіріс ашуға келгендерді қажеттінің бәрімен қамту үшін басқарма қазірден бастап қамдануда. Мәселен, электр қуатының қосымша көздерін іздестіруде. Әзірге, сұрағандарға электр энергиясы жеткілікті көрінеді. Электрмен қамтудың сыртқы сзыбасын жасап, оны сәтті қорғап, «КЕГОК» компаниясымен келісіпті. Содан кейін 40 мегаватқа техникалық шарт алған. Алдағы уақытта екі қосалқы станция салынбақ. Біреуі — жекеменшік, екіншісін арнайы аймақ тарапынан салынады. Жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткен соң келесі жылға қаржыландыруға өтінім беру жоспарланған. Одан бөлек, басқарма «Павлодарэнерго»-мен бірлесіп, электр қуаты бойынша ревизия жүргізген. Электрмен жабдықтау компаниясы 10 мегаватт қосымша электр энергиясын
беріпті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

WhatsApp