Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен өңірдегі бірқатар инвестициялық нысандарды аралады. Мұнда қаламызда бой көтеріп жатқан жаңа қонақүйдің құрылысымен, автокөліктерге арналған қондырмалар өндіру және жабдықтаумен айналысатын компания жұмыстарының қарқынымен танысты. Инвестициялық бастамалардың жүзеге асу мерзімі, құрылыс сапасы, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері назарға алынды.

Ең алдымен Асайын Байханов қала орталығында салынып жатқан «Novotel» қонақ үйінің құрылыс алаңында болды. Құны 7,8 млрд теңгені құрайтын бұл жобаның инвесторы — «Orient Group kz» компаниясы. Қонақ үй құрылысының неліктен кешеуілдеп жатқанын «Novotel» құрылыс жобасының үйлестірушісі Инна Равчеева айтып берді.
— Нысанның құрылыс жұмысы қонақ үй операторларының басқаруына берілу үшін жүзеге асуда. Мұнда өрт және санитарлық қауіпсіздік, экологиялық және энергия үнемдеу сынды жоғары талаптар қойылған. Халықаралық стандарттар мен Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары арасында айырмашылық байқалатын болса, қатаң талаптар қолданылады. Ғимарат құрылысы төрт жұлдызды қонақ үй негізінде салынбақ. Мұнда 120 әртүрлі форматтағы бөлме, «Accor Group» желісінің жоғары стандарттарына сай келетін мәжіліс залы, мейрамхана, SPA және фитнес залдары кіреді. Құрылыс жұмыстарынан соң ғимарат мемлекеттік пайдалануға қабылдау актілерінен бөлек, халықаралық стандарттарға сай келетін нысан екені мақұлдануы керек. Қазіргі таңда халықаралық нормалардың сәйкестендіру салдарынан құрылыс жұмыстары кешеуілдеуде. Бұл жоғары стандартты құрылысты орындау үшін салу қалыпты жағдай болып табылады, — деді ол.
Айта кету керек, қазіргі таңда құрылыс алаңында 18 қызметкер еңбек етуде. Құрылыс жұмыстары барысында жұмыскерлер саны 50-ге дейін жетіп, нысанда 150 адам қызмет ететін болады. Қазіргі уақытта нысанда нөлдік қабатты тұрғызу жұмыстары аяқталып, ғимарат қаңқасының құрылысы басталды. Мердігерлердің сөзінше, қаңқа құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында аяқталмақ. Француздық «Novotel» брендіне тиесілі 10 қабатты қонақ үйдің ашылуы 2027 жылға жоспарлануда.
— Бұл — өте маңызды жоба. Өңірде мұндай жоғары деңгейдегі нысан алғаш рет салынуда және ол Павлодар өңірінің туристік тартымдылығын едәуір арттыратын болады. Жобаның сәтті жүзеге асуын күтеміз, — деп атап өтті облыс басшысы.
Осыдан соң А.Байханов қаламыздың өнеркәсіп аймағында орналасқан Пикап базасындағы автокөліктерге арналған қондырмалар өндіру және жабдықтаумен айналысатын «DQB Group» компаниясының қызметімен танысты. Компаниялар тобының бас директоры Ержан Әуезовтің айтуынша, кәсіпорынның даму стратегиясы аясында 2022 жылы Павлодар қаласынан өндірістік база сатып алынған. 2023-2024 жылдары жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. Аталған өнеркәсіп ошағында командалық-штабтық көліктер, жедел әрекет ету автокөліктері, жедел-қызметтік және өзге де техникалар шығарылады.
Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгеге Пикап базасында арнайы автокөліктер өндірісі (жылына 100 бірлік), багги шығару (жылына 50 бірлік) іске қосылған. 2026 жылдың екінші тоқсанында оптикалық-электрондық өнімдер (жылына 1000 бірлік), сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын (жылына 800 бірлікке дейін) шығару өндірісін іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар бойынша жалпы инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден асады.
Асайын Байханов көлік жасау кластерін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, еліміз бойынша қазақстандық өніммен қамту үлесін арттыру, өткізу нарықтарын кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, өндіріс орнына арнайы шақыртылған білім саласы мамандарына студенттерді дуалды негізде оқыту шеңберінде осындай кәсіпорындармен, шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуын тапсырды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс басшысы салалық басқармаларға инвестициялық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуді және өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Сара ӘБДОЛ.
