Интернет дүкен иелерінің жауапкершілігін күшейтетін заң керек пе?

Мам 15, 2025

Интернет дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы кәсіп істейтін онлайн саудагерлер тұтынушылар алдындағы жауапкершілікті барынша күшейту керек! Мұндай мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов көтеріпті. Депутаттың айтуынша, қазіргі қолданыстағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасы дәстүрлі бөлшек саудаға негізделген. Ал қазіргі нарықтың үлкен бөлігі онлайн-алаңдарға көшкен. Сондықтан, онлайн саудамен айналысушы кәсіпкерлердің жауапкершілігін анықтайтын жаңа ереже керек. Депутаттың ұсынысын тұтынушылар тарапы бірауыздан құптаса, интернетпен сауда жасайтын кәсіпкерлер қауымы ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ дейді. Тақырыпты «Алаңның» талқысына салып, тараптарды сөйлеттік.

Нұрсұлу ӘУБӘКІРОВА, Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

— Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне электрондық саудамен айналысатын кәсіпкерлерге қатысты мәселелер бойынша өтініштер түсіп тұрады. Көбінесе уақтылы жеткізбеу, сапасыз тауар салу немесе тауар сипаттамаға сәйкес келмеу секілді т.б мәселелермен жүгінеді. Қазір Instagram арқылы тауарға тапсырыс беру көбейді. Осы тұста тауар сапасыз болып шықса, сипаттамаға сәйкес келмесе немесе жеткізу мерзімі бұзылса қарапайым халық келтірілген залалды өтеу туралы өз талаптарын қайда жіберу керектігін білмей қалып жатады. Бұған басты себеп Instagram-дағы сатушылар кәсіпкерлік нысан туралы толық ақпаратты көрсетпеуі болып отыр. Яғни, кәсіпкерлік субъектісінің атауы (ЖК, ЖШС), БСН, кәсіпкерлік субъектісінің орналасқан жері және басқа да деректер. Сонымен қатар, төлем негізінен жеке тұлғаға аударым арқылы жүзеге асырылады. Ал мұндай жағдайда құзырлы департаменттің өзі шара қолдана алмайды. Сондықтан, инфо-бизнес өкілдеріне қатысты жауапкершілікті заңмен күшейту керек деген мәселемен толық келісемін. Бүгінгі күні тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңының жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралуда. Бұл заңда интернет дүкендерінің жауапкершілігін реттейтін тармақтар да болады деп ойлаймын.

Нұрқанат ҚАЙРАТ, жеке кәсіпкер:

— Менің онлайн саудамен айналысып жүргеніме біраз жылдың жүзі болды. Біз тауарларымыздың 95 пайызын онлайн жүйемен сатамыз. Осы уақытқа дейін қандай да бір жауапкершіліктен сытылып, тұтынушының сеніміне селкеу түсірген жайымыз жоқ. Негізі онлайн сауда жасаушы кәсіпкерлер маркетплейстерде өздерінің заңды деректерін жасырып қалады дегенмен келіспеймін. Мысалы kaspi.kz сауда желісін қолданатындар жеке кәсіпкерлік ұйымының атауларын, мекен-жайларын, ұялы байланыстарын толық көрсетіп жүр. Өзіміз соңғы уақытта tiktok әлеуметтік желісімен сауда жасап жүрміз. Онда компания атауы, мекен-жайы барлығы ашық көрсетіліп тұрады. Ал жоғарыдағы депутат айтқан мәселелер жаңа тіркелген кәсіпкерлерге қатысты болса керек. Сондықтан, онлайн сауданың айналасында депутат айтқандай күрделі мәселе жоқ. Ең бастысы тұтынушы өз құқығын жақсы білсе, мұндай мәселе орын алмайды.

Зұлқағда АМАНЖОЛ, қала тұрғыны:

— Халық онлайн саудаға үйреніп қалды, қазіргі қарбалас уақытта өте қолайлы екені түсінікті. Яғни, қазіргі телекоммуникацияның мүмкіндігін жан-жақты пайдалануымыз керек. Бірақ, осы онлайн сатумен айналысатын инфо-бизнес өкілдері қолдарынан шыққан әр тауарға жауапкершілікпен қарау керек. Сондай-ақ, оның тапсырыс берушінің қолына дұрыс жетуіне де жауапты болуы тиіс.

Жақында осындай интернет дүкендерінің біріне кішігірім үй жиһазына тапсырыс берген болатынмын. Бірақ, үйге жеткен соң ақауы бар екенін аңғардым. Ал сатушыларға болған жағдайды айтсам олар бұл жеткізуші компанияның қателігі екенін айтып, бастарын алып қашады. Ал тұтынушы ретінде сотқа жүгінейін десем өзге қалада орналасқандықтан оның ретін де таппадым. Оның үстіне «Тауарды өздерің қол қойып, қабылдап алғансыңдар» деп мойындағысы келмейді. Міне, сондықтан халық қалаулыларының көтерген мәселесі орынды. Оларға заңмен жауапкершілік жүктелуі керек.

«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.