Ипотекалық үйін жалға бергендерге айыппұл салған дұрыс па?

Мам 22, 2025

Қазақстандықтар ипотекаға алған баспанасын басқаға жалға берген жағдайда айыппұл арқалауы мүмкін. Мамандардың айтуынша, айыппұл мөлшері де аз емес. Яғни, пәтер құнының 1 пайызын құрайды екен. Бұл жайсыз жаңалықты естіген ел тұрғындарының басым бөлігі бірден қарсылық білдіруде.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жалға беріліп жүрген пәтерлердің көбі ипотекаға алынған. Сондықтан баспанаға банк арқылы қол жеткізген азаматтар өз пәтерін өзгеге жалдауға бермес бұрын қаржы ұйымының рұқсатын алуы қажет, дейді мамандар. Ал осы талапты орындамай, ережені елемегендер қомақты айыппұл төлейтін болады. Бұл қаншалықты дұрыс? Ипотекалық үйін жалға бергендерге осындай шарт қою орынды ма? Қоғамда қызу пікірталас тудырып, көпшілікті мазалаған мәселені «Алаң» айдарында талқылағанды жөн көрдік.

Арман НҰРҒАЛАМОВ, «Отбасы банк» АҚ-ның бизнес дамыту бөлімінің басшысы:

— «Отбасы банк» АҚ арқылы үйлі болып жатқан жандар аз емес. Алайда біздің банктің өз талабы бар. Соның бірі – осы банк арқылы ипотекаға пәтер алған тұрғындар оны жалға бермес бұрын міндетті түрде рұқсат алуы тиіс. Өйткені, бұл баспана банкте кепіл зат ретінде тұрғандықтан, оны кез келген адамның оңды-солды пайдалана беруіне болмайды. Бұл жөнінде келісімшартта анық жазылған. Егер клиенттеріміз осы құжатпен танысып, қолын қойғанына қарамастан тәртіп бұзып жатса, оларға айыппұл салуға құқығымыз бар. Аталған талап барлық ипотека иегерлеріне қатысты. Сол үшін түрлі себептерге байланысты ипотекадағы үйін жалға бергісі келетіндер алдымен банкке бас сұғып, өтініш жазып, рұқсат алғаны дұрыс. Біз ешбір жанның бетін қайтармаймыз, яғни өз клиенттерімізді әрдайым қолдауға әзірміз. Тек бәрі ашық болған жағдайда ғана ешкімге айыппұл салынбайды. Осыны түсінген жөн.

Тағы бір айта кетерлігі, «Отбасы банк» АҚ жалға берілген үйлерді тексеріп, мониторинг жүргізу сияқты жұмыстармен айналыспайды. Сондықтан әзірге әділ жолмен жүру — әркімнің ар-ұятына сын дегім келеді.

Фарида МҰҚАШЕВА, жеке сот орындаушысы, заңгер:

— «Ипотекаға алынған пәтерді жалға беруге болмайды» деген қатып қалған қағида жоқ. Бірақ бұл жағдайда бірнеше мәселеге назар аударған жөн. Мысалы, ипотекалық үй рәсімделген кезде келісімшартта оның иесі қаржы берген банк деп көрсетілсе әрі ол кепілге қойылған болса, әрине жалға беру үшін банктің келісімі керек. Өйткені, тұрғын үй кепілде тұрғандықтан, оған және ондағы мүлікке зиян келмеуі тиіс. Сондай-ақ, заң бойынша кез келген тұрғын пәтерін жалға берсе немесе кәсіппен айналысып, пайда тапса, кірістің белгілі бір бөлігінен мемлекетке салық төлеуге міндетті. Себебі, жалданған пәтер де, қосымша жұмыс та кіріс көзі болып саналады. Өзім де жеке сот орындаушысы ретінде тапқан пайдамның 10 пайызын мемлекетке төлеймін. Осы орайда, егер ипотекалық пәтерін жалға берушіге қатысты салық жағынан заңбұзушылық орын алып жатса, кіріс комитетінің материалы бойынша әкімшілік айыппұл салынуы ықтимал.

Бір анығы, ипотекаға алған пәтерді жалға берушілер еш себепсіз айыппұл арқалауы мүмкін емес. Бұл туралы ешбір заңда жазылмаған. Сондықтан осы мәселе бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын.

Анипа ТОЙЛАТ, Ақсу қаласының тұрғыны:

— Шыны керек, бүгінгідей қымбатшылық заманда пәтерді қолма-қол ақшаға сатып алатын адамдар саусақпен санарлықтай ғана. Яғни, тұрғындардың көбі баспанаға ипотека арқылы қол жеткізе алады. Мен де болашақта балаларыма арнап облыс орталығынан ипотекаға үй алғым келеді. Бірақ біз ата-анамызбен бірге тұратындықтан, пәтерлі болып жатсақ, оны жалға беріп қоятынымыз анық. Осындай жағдайда не үшін айыппұл төлеуім қажет? Егер бұл шешім рас болса, өз басым қарсы болар едім. Мұны өзгелер де құптамайды деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі қоғамда тапқан табысының жартысын банктегі қарызын өтеу үшін беріп, қалт-құлт етіп отырған отбасылар аз емес. Осындай шаңырақтардың көбі шарасыздан ипотекаға алған баспанасын басқаларға жалға беріп, қарыздарынан құтылудың амалын қарастыруда. Сондықтан онсыз да қысылып жүрген жандарға жығылған үстіне жұдырық болып, айыппұл салу ақылға қонбайды деген пікірдемін. Қарапайым халықты бұлай қинай бергенше, керісінше қос-қостан үйі бар бай-бағыландарға салынатын салық көлемін ұлғайту қажет дер едім.

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.