Картамен төлеу — тұтынушының өз еркі

Ақп 6, 2025

Бүгінде ірі сауда орындарында, азық-түлік дүкендерінде және басқа да қызмет көрсету нысандарында банкомат іздеп, әуре-сарсаңға салынатын жағдайлар жиі кездеседі. Яғни, сатушылар мен қызмет көрсетушілер мобильді төлемді де, карталық төлемді де қабылдамай, «Тек қолма-қол ақшамен сауда жасаймыз» деп тұтынушыны тығырыққа тірейтін кездер талай болып жүр. Бірақ мамандар мұндай «қағиданың» заңға қайшы екенін ескертеді. Егер саудагер тұтынушыға мұндай орынсыз талап қойып, оның құқығын бұзатын болса, заң алдында жауап беріп, айыппұл арқалайды. Осы ретте, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Кенинадан тауар мен қызмет үшін ақы төлеудің жөн-жосығын түсіндіріп беруді сұрадық.

— Жанат Хайруллақызы, бүгінде кей сатушылар банк-тердің құралы арқылы QR-код көмегімен, банк картасымен төлем қабылдау кезінде банкке белгілі бір пайызын төлейтінін алға тартып, сатып алушыдан қолма-қол ақшамен есеп айырысуды талап ететін болды. Бұл қаншалықты негізді?

— Тұтынушылар қандай жолмен қалай төлем жасағысы келсе де – өз еркі. Сіздің кез келген жерде өзіңізге ыңғайлы нысанда төлем жасауға мүмкіндігіңіз бар. Қызмет көрсетушілер қандай жағдайда да тұтынушының сұранысына сай қызмет көрсетуі міндетті. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жекелеген кәсіпкерлер тарапынан сатылған тауар, көрсетілген қызметтер үшін карталық төлемнен немесе мобильді төлемдерді қабылдаудан бас тартқан жағдайлар орын алуда.  Яғни, кәсіпкерлер сауда нысандарында төлемдерді тек қолма-қол ақшамен қабылдаймыз деген уәж айтатын көрінеді. Бұл – заңсыз әрекет. Сол арқылы тұтынушының құқығы бұзылады. Оған жол бермеу әрбір тұтынушының өзінің заңдық сауаттылығына байланысты. ҚР «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының 25-бабында төлемнің әртүрлі тәсілдері көрсетілген. Атап айтсақ, банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен төлеу көзделген. Көпшілік осы бапқа сүйене отырып, өз құқығын қорғай алады.

— Егер кәсіпкер қолма-қол ақша талап ету арқылы тұтынушының құқығын бұзған жағдайда қандай шара қолданылады?

— Кәсіпкерлердің төлем карталарын пайдаланатын төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Атап айтар болсақ, заң бұзушылық бірінші рет орын алса, ескерту беріледі. Ал тура сол жағдай бір жылда қайталанатын болса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 194-бабына сәйкес 40 АЕК (157 280 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

— Тұтынушылар мұндай жағдайға тап болса, қайда хабарласуы керек?

— Кәсіпкерлік орындары қолма-қол ақшаны ғана қабылдаймыз деп, сіздің сұранысыңыз бойынша қызмет көрсетуден бас тартатын болса, бірден мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуіңізге болады. Яғни, барлық деректер мен фактілерді көрсете отырып өтініш жазасыз. Сонымен қатар, тура осындай өтінішті «e-Otinish» порталы арқылы да жолдай аласыз. Оған аталған кикілжіңді растайтын құжаттарды міндетті түрде қоса беруі керек. Содан кейін біздің мамандар іске кірісіп, тексеру шараларын бастайды.

— Қарапайым халыққа осы мәселе бойынша, яғни өздерінің құқығын қорғап үйрену бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме?

— Әрине, тұтынушыларға өздерінің құқығын заң аясында қорғай білу бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда арнайы посттар жарияланса, құзыретті басқарма өкілдері телеарна, газет, сайттарда арнайы сұхбаттар беруде.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.