Өңірімізде қолға алынған әрбір жобаның жүйелі іске асып, уақытылы ел игілігіне берілгені маңызды. Бюджет қаражатының мақсатты игеріліп, жұмыстардың заң талабына сай жасалуы да – назарда. Аяқталмаған немесе қандай да бір түйткіл туындаған нысандарға облыстық тексеру комиссиясы да көз қырын салып, мәселенің мәнін анықтайды.
Павлодар облысының тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен өткен «дөңгелек үстел» барысында проблемалық және аяқталмаған жобалар және мемлекет меншігіне өткізілмеген нысандар бойынша жүргізілген аудит кезінде анықталған бұзушылықтардың негізгі себептері айтылды. Аталмыш кездесуге аймақтың мемлекеттік мекемелерінің басшылары және жауапты лауазымды тұлғалар қатысты. Сондай-ақ, Zoom қосымшасы арқылы қала-аудан әкімдіктерінің бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері байланыста болды.
Кездесу барысында туындаған барлық сұрақтарға жауап берілді. Бюджет қаражатын жұмсауға бақылау жүйесін жетілдіру бойынша шаралар талқыланды.
Проблемалық жобаларды жүзеге асыру кезіндегі кемші-ліктерді жоюды жеделдету мақсатында мемлекеттік меке-мелелердің жетекшілеріне және қалалар мен аудандардың бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне кеңес берілді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар енгізілетін өзгерістер турасында пікір алмасты, қолданыстағы заңнамада жаңартылған талаптарды ескере отырып, жұмыс процесін ұйымдастыру және жекелеген сұрақтарды қайта қарау барысы егжей-тегжейлі нақтыланды. Түйткілді тұстар сөз етіліп, алдағы уақытқа жоспарлар мен басым бағыттар айқындалды.
Тексеру комиссиясының мүшесі Серікбай Тастембеков талқыланған тақырыпқа қатысты бюджет кодексіндегі жаңашылдықтармен таныстырды. Ол кодекстің 149-бабы, 8-тармағына сәйкес инвестициялық жоспарға басымдықты түрде басталған, жалғасып жатқан жобалар, аса маңызды нысандар, жалпы мемлекеттік маңыздағы жобалар енгізілетінін атап өтті. Мұнда жаңа нысандар құрылысы техникалық-экономикалық негіздемені, типтік жобаларды және құрылыс жобаларының мемлекеттік базасынан жобалық-сметалық құжаттаманы қолданумен іске асатыны қарастырылғаны да ескертілді.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.