Елімізде осы жылдан бастап көпбалалы отбасылар үшін салық жеңілдіктері енгізілді. Яғни, шаңырақтағы ата-ананың біреуі жұмыс істейтін болса, ай сайын 90 мың теңге, егер екеуі де еңбек етсе, 47 мың теңге көлемінде жеке табыс салығын төлеуден босатылмақ. Бірақ бұл жеңілдік көпбалалы отбасының барлығына бірдей берілмейді. Неге? Жауап іздеп көрген едік.
Биыл көпбалалы отбасылардың табысын салықтан босатуға мүмкіндік беретін жаңа жеңілдіктер туралы құжат күшіне енді. Мамандардың айтуынша, аталмыш жеңілдіктер ерлі-зайып-тылардың екеуіне де қолжетімді болмақ. Алайда шегерім 282 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 1 108 824 теңгеден аспауы тиіс. Нақты түсіндіре кетсек, көпбалалы отбасының ата-анасының біріне әр айға 23 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 90 436 теңге, ал екеуінің әрқайсысына 12 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (47 184 теңге) табыс салығынан босату жеңілдігі қарастырылған. Салық кодексінің 342-бабына сәйкес, көпбалалы шаңырақтар салық шегерімдерін басқа жеңілдіктермен біріктіре алады. Атап айтқанда, оған міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары және стандартты салық шегерімдері жатады. Соның нәтижесінде көпбалалы ата-аналар салық түріндегі шығындарын үнемдей алады.
Ескерте кететін жайт, аталған жеңілдіктер «көпбалалы отбасы» деген мәртебесі бар барлық ата-анаға бірдей берілмейді. Бұл жөнінде түсіндірген Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің байланыс орталығының операторы:
— Салық туралы заң талабы бойынша табыс салығына жасалатын жеңілдіктерді кәмелет жасына толмаған төрт және одан көп баласы бар отбасылар ғана иелене алады. Ал бүгінгі күні елімізде төрт және одан көп баласы бар, бірақ олардың алды 18-ден асып кеткенімен студент болса, 23 жасқа толғанға дейін мемлекеттен көпбалалы отбасыларына тағайындалатын жәрдемақы алуға құқылы. Әлеуметтік мәртебесі бойынша да «көпбалалы отбасына» жатады. Өкінішке қарай, мұндай шаңырақтарға салық табысына қатысты жеңілдіктер қарастырылмаған. Мәселен, бір отбасында кәмелет жасына толмаған 1 немесе 2-3 бала және 18-ден асып кеткен бірнеше студент бар делік, олардың ата-анасы салық жеңілдігін ала алмайды. Себебі, заңда бұл мәселе қарастырылмаған. Тек қана отбасындағы кәмелет жасына толмаған бала саны есепке алынады. Алайда көпбалалы отбасыларының студент баласы ақылы бөлімде оқитын болса, онда ата-анасы жұмыс орнынан белгілі бір салық шегерімдерін жасатуға құқылы, — дейді.
Сонымен, бүгінгі таңда еліміз бойынша 577 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алғанымен, олардың барлығы табыс салығынан босатылмайды.
Нұржайна ШОДЫР.