Бұған дейін өңірдегі кейбір әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысында жергілікті силикатты ақ кірпіш қолданылатын. Бұл өнім өз өңірімізде өндірілгендіктен, оның бағасы қолжетімді, сапасы жоғары еді. Алайда соңғы екі жылдан астам уақыт бойы аталмыш зауыт жұмысы тұралап тұр. Бұған не себеп? Тығырықтан шығудың жолы қайсы?
Павлодарлық «Домстрой ПВ» кәсіпорнының атауы жергілікті және көрші өңірлердегі құрылыс компанияларына жақсы таныс. Себебі басым бөлігі дәл осы зауытта шығарылған кірпіш арқылы талай нысанның қабырғасын қалаған еді. Бұрынғы темір-бетонды зауыт аймақтағы нарықты силикатты кірпішпен толығымен қамтып отырды. Әу баста әлеуметтік бағдарламалар бойынша салынатын көпқабатты баспаналарға өнім дайындауды мақсат еткендіктен, бұл кәсіпорынның кірпіші өзгелерге қарағанда едәуір арзан еді. Ал қуаттылығы жоғары. Мұнда айына бір миллион данаға дейін кірпіш құйылып, бірден құрылыс алаңдарына жөнелтілетін. Негізгі тұтынушылардың қатарында «Павлодар-Құрылыс», «Жәрдем», «Портал-ПВ» сынды ірі компаниялар бар. Ал бұл компаниялар облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген әлеуметтік нысан, тұрғын үй салумен айналысады.
Алайда, табысты жұмыс істеп тұрған «Домстрой ПВ» ЖШС-нің кейінгі кезде кәсібі тұралап қалды. Зауыттың директоры міндетін атқарушы Владимир Репаловтың сөзінше, Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде орын алған ірі апаттың салқыны аталмыш кірпіш кәсіпорнына өз салқынын тигізді.
— Бірнеше жыл бойы павлодарлық және астаналық компаниялармен келісімшарт жасап, оларға силикатты кірпішті уақытылы жеткізіп отырдық. Келісімге қол қойған тұста бұл тапсырыс берушілер соманың бір бөлігін беретін. Сол қаржыға шикізат пен қондырғыларға қажет бөлшектер сатып алып, жалақы мен салық сынды міндетті төлемдер бойынша жоспар да жасайтын. Одан соң өндірісті бастап, тапсырыс түскен көлемде кірпіш дайындап, компанияларға жеткізетін едік. Олар да бірден есеп айырысады. Осылайша, барлығы жоспарлы түрде жүріп отырды: кәсіпорын тұрақты жұмыс істеді, еліміздің әр түрлі қаласына кірпіштерді жөнелтті, жұмысшыларға жалақы, ал мемлекетке салық төледі. Алайда Екібастұздағы төтенше жағдайдан соң бұл қалаға қатысты жобалар бойынша келісімшарттар бұзылды. Салдарынан жұмысшыларға жалақыны уақытылы төлеу, банктер алдындағы берешекті қайтару, салықтық төлемдер жасау бойынша қиындықтар туындап, компанияның шоттары бұғатталды, — дейді В.Репалов.
Сөйтіп, 40 адам еңбек ететін кірпіш зауыты тығырыққа тірелді. Соған қарамастан, кәсіпорын басшылығы 2023 жылы жұмыс орындарын сақтап қалу үшін тырысып бақты. Бірақ шоттар бұғаттаулы болғандықтан, тапсырыс та, табыс та түспеді. Кірпішті құю кезінде керек буды шығаратын негізгі агрегат – қазандық та істен шығып, оны жөндеуге қаржы табылмады. Бұл ірі өндіріс орнының түбегейлі жабылуына әсер етті.
— Біз жұмысты жандандырып, бұрынғыдай мол көлемде тапсырыс алып, құрылыс материалын дайындауды қалаймыз. Қазіргі таңда кәсіпорын тұралап тұрғанымен, әлі де сұраныстар түсіп жатады. Себебі бұл кәсіпорын – өңірде силикатты ақ кірпішті шығаратын бірден-бір зауыт. Алайда оңалтуға қатысты берген өтінішіміз бірнеше рет кері қайтарылды. Заңға сәйкес мұндай өтінішті беруге құқығымыз болғанымен, екінші жыл қатарынан мақұлданбай отыр. Ал шоттар бұғаттаулы болған кезде кәсіпорын ісін қайта жалғастыру мүмкін емес. Сондықтан қолымыз байлаулы болып отыр, — дейді компания өкілі.
Жергілікті құзырлы органдар кәсіпорынның күрмеулі мәселесін жақсы біледі. Облыстық эконо-микалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерік Есенов кірпіш зауытының жұмысын талдай келе, күмәнді сипат байқамағанын алға тартты.
— Бұл – табысты түрде жұмыс істеп тұрған, алдағы уақытта да ісін жандандыруды қалайтын компания. Сондықтан оның оңалып, қайта «тыныстауына» мүмкіндік беру керек деп есептеймін. Өнім шығаратын өндірістік базасы, тұрақты сатып алушылары – құрылыс компаниялары бар. Банкрот болуды қаламайды. Сол себепті облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне қолдаухат жазатын боламыз, — деді Е.Есенов.
Кейін бұл мәселе Өңірлік кәсіпкерлер жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесте де қаралды. Жиналғандар мәселені талдап, тараптарды тыңдай келе «Домстрой ПВ» ЖШС басшылығына кәсіпорынды оңалту үшін тағы да сотқа жүгінуге кеңес берді. Сот кірпіш шығаратын кәсіпорынның өтінішін қанағаттандырып, шоттарының ашылуына жағдай жасаса, зауыттың тіршілігі жанданып, жергілікті компанияларды сапалы әрі қолжетімді бағадағы кірпішпен қамтитын мүмкіндік болар еді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.