Елімізде жалпыға бірдей декларация тапсырудың үшінші кезеңінің аяқталуына 1,5 ай қалды. Аймағымызда бұл кезеңде 70 мыңға жуық азамат 15 қыркүйекке дейін кірісі жайлы есеп беруі тиіс. Алайда, бүгінде олардың тек 42 пайызы декларация
тапсырған.

 

Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасовтың айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, қатысушылары және жеке кәсіпкерлер, олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруға міндетті. Яғни, олар 250-нысанды толтырады. Ал былтыр екінші кезеңде есеп берген мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары осы жылы 270-нысанмен декларация тапсырады. Бір ескеретіні, былтыр мемлекеттік қызметші, бюджет саласында еңбек етіп, кірістері жайлы есеп берген, ал биыл бұл қызметтен кетіп қалған азаматтар да декларация тапсыруға міндеттеледі. Жұбайы немесе зайыбы ажырасып кетсе, бұған дейін есеп бергендер де өмір бойы кірістері туралы декларация тапсыруға тиіс болмақ. Үш кезең бойынша биыл өңірімізде 180 мың жеке тұлға есеп беруі керек. Бүгінде олардың 125 мыңға жуығы тапсырыпты.

Айта кетейік, төртінші кезеңде – 2025 жылдан бастап, елімізде азаматтардың қалған санаты толығымен декларация өткізеді.

Декларацияны қағаз жүзінде де, салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электронды үкімет» порталы (egov.kz) және «е-Salyq Azamat», «eGov mobile», Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz мобильді қосымшалары арқылы электронды нұсқада да ұсынуға болады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, облыста декларация тапсыруы тиіс заңды тұлғалардың 42 пайызы есеп беріп үлгерген. Аудандар арасында көрсеткіш 70-80 пайызға жетеді. Ал қалалықтар асығар емес. Мәселен, Павлодар қаласында есеп беруге міндетті заңды тұлғалардың тек 25 пайызы кірісін көрсетіп, құжат тапсырған. Е.Ғаббасов өзге өңірлермен салыстырғанда аймағымызда көрсеткіш тым төмен екенін атап өтті. Айтуынша, еліміздің оңтүстік облыстарында міндетті жеке тұлғалардың 70-80 пайызы кірісін көрсеткен.

Қазіргі таңда тапсырғандардың есеп-қисабына бақылау жүргізіліп жатқан жоқ. Тек былтыр тапсырғандардың 250-нысанмен биылғы 270-нысанды салыстыру жүргізіліп, айырмашылық тексеріледі.

Декларация тапсырмаған немесе тапсыру мерзімін бұзғандарға алдымен ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда әкімшілік жаза қолданылады. Яғни,
15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.