Естеріңізде болар, жуырда Екібастұздағы ГРЭС-1 станциясындағы мұржалардың бірінің бүйірлерінен қою түтіннің будақтағаны түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Осы оқиғаға жекелей тоқтаған облыс әкімі екібастұздықтарға алаңдайтын негіз жоқтығын мәлім етті.

Яғни, сарапшылар комиссиясының қорытындысына сәйкес еш қауіп жоқ. Аймақ басшысы Асайын Байханов кеншілер шаһарындағы станцияға арнайы барып, жағдаймен жақын танысып қайтты. Оған «Самұрық Энерго» акционерлік қоғамы басшылары да барған.

— Нысанды тәуелсіз сараптамалық компания зерттеді. Олар қорытындысын шығарды. Қазіргі таңда станцияның жұмысына айтарлықтай қауіп жоқ. №1 мұржасының терезелері деңгейінде, яғни ішкі бағанындағы қаланған керамзиттік кірпіштері ішінара құлаған. Негізгі мұржаның монолиттік конструкциясына ешқандай зақым келген жоқ және жұмыс істеуге жарап тұр, — деп мәлім етті Асайын Байханов Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Қыс маусымы аяқталған соң станцияда №1 мұржаға күрделі жөндеу жүргізілмек. Бұл энергоблокта өндірілетін 500 мегаваттық энергия қуаты өзге ішкі және сыртқы нарықтардан сатып алынатын көрінеді.

Г.МАҒЖАН.