Облыс орталығында кәріз желілерін салуға бағытталған жобалар сәтті жүзеге асуда. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар Екінші Павлодар, Зеленстрой шағын аудандарындағы көшелерде жалғасуда.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Павлодар қаласында кәріз желілерін салу жұмыстарының орындалу барысын тексерді. Бүгінде Екінші Павлодар шағын ауданында кәріз жүйесінің 3-ші кезеңін салу бойынша екі жылдық жобаны іске асыру жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы жоспарланған 15 көшенің 12-сінде өздігінен ағатын коллекторларды төсеу жұмыстары қолға алынған. Ал биыл шілде айының соңына дейін қалған 3 көшеде (Архангельская, Целинная, Литвинов) 3 мың метрге жуық желі салу арқылы жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Осындай жұмыстар Зеленстрой шағын ауданында да жүргізілуде. Мұнда жоспарланған 12 көшенің ішінен 8 көшеде жұмыстар толығымен орындалды. Қазір мердігер қалған көшелерде жұмыс істей бастады. Айта кетерлігі, бұл жоба түзетілуде. Себебі, бұған дейін жоба бойынша Зеленстройдың барлық көшесіндегі үйлерден Ломов көшесіндегі негізгі коллекторға жалпы ағынды бағыттау қарастырылған болатын. Қазір оларды Қазправда көшесіндегі кәріз коллекторына қайта бағыттау туралы жобалық шешім қабылданды. Барлық қажетті шараларды ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейін жүргізу жоспарлануда. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды белгіленген мерзімінен асырмай, сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Содан кейін міндетті түрде шағын аудан көшелерін абаттандыру жүргізілуі тиіс екенін айтты. Бұдан бөлек, аймақ басшысының тапсырмасы бойынша «Коммунсервис» мекемесі Зеленстрой шағын ауданында сумен жабдықтау желілерінде қосымша бекіту арматурасын орнату жұмыстарын жүргізді. Бұған дейін тұрғындар Зеленстрой көшелерінің біріндегі су құбырына зақым келген кезде бекіту арматурасының болмауына байланысты бүкіл шағын аудан сусыз қалғанын айтқан еді. Енді бұл мәселеге қатысты еш қауіп жоқ, дейді мамандар. Бүгінде барлығы 20 жаңа ысырма орнатылды. Бұл апаттық жағдайда зақымдалған жерлерді оқшаулауға мүмкіндік беретін болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.