Облыс мектептерінде бастауыш сынып оқушыларының барлығы бірдей тегін тамақтанатыны белгілі. Ол үшін мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қаржы төленеді. Алайда салаға жауапты орган мамандары есептерді дұрыс жүргізбегені анықталды. Соның салдарынан жергілікті кәсіпкерлер шығынға ұшырады.
Павлодар облысының прокуратурасы мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі шарттардың орындалуына талдау жүргізіп, бірқатар олқылықты анықтады. Атап айтқанда, Кәсіпкерлік кодекстің, тамақтануды ұйымдастыру ережелерінің, салық және бюджет заңнамасының талаптарын бұза отырып жүргізілгенін көрсетті.
Білім басқармасы бюджеттік өтінімдерді жасау барысында бірреттік мектептегі тамақтану құнының есебіне қосымша құн салығы ставкасын, яғни 12 пайызды назарға алмағаны анықталды. Тамақтануды ұйымдастырғаны үшін төлем салықты шегере отырып жүргізілген. Соның салдарынан бір оқушы үшін төленуі тиіс 450 теңгенің орнына 402 теңге аударылып келген. Сөйтіп, қоғамдық тамақтану саласындағы қызметті жүзеге асыратын 33 кәсіпкерлік нысанының құқығы бұзылды.
Қадағалау актісі бойынша бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру практикасы қайта қаралды. Нәтижесінде кәсіпкерлерге 90 млн теңге көлемінде негізсіз ұсталған қосымша құн салығы төленді. Аталған заң бұзушылықтар үшін облыстың білім беру басқармасы басшысының орынбасары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.