Кәсіпкерлер үшін мемлекеттің қолдауы аса маңызды. Әсіресе, еліміздегі қорлардың кәсіп ашамын деген тұрғындарға несие беруі, орасан көмек. Осының нәтижесінде өңірімізде сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, сол арқылы өзімен қоса облыс азаматтарын да жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті кәсіпкерлер қатары едәуір артқан. Сондай-ақ, салаға жауапты мамандар тарапынан халықты кәсіпкерлікке үгіттеу, оқыту секілді жұмыстардың да үздіксіз жүруінен өңір тұрғындары мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатындағы бағдарламаларын тиімді пайдалана бастады.
Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Павлодар облысы бойынша филиалының қолдауымен ашылған кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысып қайттық.
Мемлекеттік қолдауға ие болған жандардың бірі – пластикалық хирург Леонид Глухов. Леонид Викторович пластикалық хирургия саласында еңбек етіп келе жатқанына 15 жыл болған. Павлодар қалалық Теміржолшылар ауруханасында қызмет ету барысында оған жеке клиника ашу идеясы келеді. Сөйтіп, өткен жылы «Даму» қорының демеушілігімен өзінің «GL Clinic» атты жеке клиникасын ашады. Сөйтіп, аталған қордың қолдауымен банктік займын қайта қаржыландырып, 60 млн теңге сомасына медициналық құрал-жабдықтар сатып алады. Одан бөлек, «ForteBank» АҚ-нан ғимаратты жөндеуге 70 миллион теңге несие алады. Қазіргі күні клиникада бет, кеуде, іштің липосакциясы және жалпы хирургиялыққа жататын көптеген ота жасалады.
Оның айтуынша, медици-налық мекеме бір жыл ішінде 30-дан аса науқасты қабылдаған. Олардың көпшілігі блефаропластикалық, маммопластикалық, абдоминопластикалық оталарды жасаған. Бастысы, клиника көрсететін қызмет түрлері халық үшін қолжетімді. Шетелмен салыстырғанда бірнеше есе арзан.
— Біздің клиника пластикалық және жалпы хирургиялық ота жасаумен айналысады. Оталардың көбін өзім жасаймын. Бүгінде штатта 7 қызметкер бар. МӘМС аясында онкологиялық аурудан кейін операциялар тегін жасалады. Оталарды көбінесе ақылы түрде жасаймыз. Қазіргі уақытта келушілер арасында блефаропластикаға сұраныс артып келеді. Оның бағасы 200 мың теңгені құрайды, — дейді Л.Глухов.
Қала тұрғындарына қызметтің алуан түрін ұсынатын медициналық мекеменің жетістіктері баршылық. Клиника басшысы Павлодар қаласының тұрғындарын айтпағанда еліміздің өзге өңірлері мен шет елдерден ем іздеп келушілердің қатары көп екенін алға тартты.
— Бір жыл уақыт аралығында Германия, Канада, Корея және ТМД елдерінен науқастар келді. Болашақта клиниканы кеңейтуді жоспарлап отырмын, — дейді ол.
«Даму» қоры арқылы кәсібін өрге домалатып отырған тағы бір нысан — «Pulman» жартылай фабрикаттар цехы. Осыдан төрт жыл бұрын ашылған цех жартылай фабрикаттар мен дайын тамақ өнімдерін әзірлейді. Олардың қатарында тауық етінен және ірімшіктен әзірленген тұшпара, сиыр еті немесе картоптан дайындалған мәнті секілді өнімдер бар.
Цехқа басшылық етіп отырған бас аспаз Василий Пуль 2020 жылға дайын жергілікті мейрамханалардың бірінде аспаз болып еңбек етеді. Алайда ол кез карантин уақытына сәйкес келгендіктен, орталықтың жұмысы тоқтап қалады. Сөйтіп, қызметкерлердің барлығы жұмыс-сыздыққа ұшырайды. Дегенмен өз ісінің маманы Василий бұл саладан алыстамай, жартылай фабрикаттарды өндіретін цех ашуды жоспарлайды. Мақсатын жүзеге асыру үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына көмекке жүгінеді. Қоғамдық қор Василийдің өтінішін қабылдап, қажетті жабдықтарды сатып алуға 20 млн теңгелік несие береді. Сонымен қатар, 10 млн теңгеге жуық көлемде кепілдік ұсынылыды.
— Цех өз жұмысын 2020 жылы бастады. Алғашында бұл кәсіпті жұбайым екеуіміз бастадық. Уақыт өте келе қызметкерлердің санын арттырдық. Бүгінде 9 қызметкер жұмыс істейді. Әзірге автоматты құрал-жабдықтарды сатып алу ойда жоқ. Өйткені, тұтынушыларға қолдан жасалған дәмді тағамдарды ұсынғымыз келеді. Ал автоматты құрылғылар мұндай дәмді жеткізе алмайды, — дейді кәсіпкер.
Бүгінгі күні кәсіпорын ішкі нарыққа сапалы жартылай фабрикаттар өндіруші ретінде танылған. Бұл жерде дайындалған өнімдер, сондай-ақ, «Лавка» мобильді қосымша арқылы саудаланады. Аталған қосымшаны кәсіпкерлер өздері дайындап, іске қосқан. Қазіргі уақытта бір күнде дайын өнімнің 70 келісі әзірленеді. Оның ішінде балаларға арналған мәзір де бар.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Павлодар облысы бойынша аймақтық филиалының бағдарламаларды насихаттау жөніндегі бас менеджері Мәдина Бәденованың айтуынша, аталған жоба «Дамудың» «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында қолдау тапты. Жобаны «ForteBank» АҚ-ның павлодарлық филиалы қаржыландырған.
Жалпы, «Даму» қоры бірқатар мемлекеттік және жеке бағдарламаны іске асырады. Қордың бағдарламалары екінші деңгейлі банктерге, лизингтік компанияларға, микроқаржы ұйымдарына жүгінетін кәсіпкерлер үшін қаржыландыруды арзандатуға бағытталған. Ал Павлодар облысы бойынша филиалынан кәсіп ашуға ниетті жандар «Бірыңғай кешенді бағдарлама», «Үміт» әйелдер кәсіпкерлігі бағдар-ламасы, «Даму-Оптима» секілді бағдарламалар шеңберінде кепіл тапшылығы кезінде несие және кепілдік бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету үшін субсидиялар ала алады.
Қордың ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, бүгінге дейін субсидиялау құралы бойынша 5 161 жоба – 449 млрд теңге сомасына, кепілдік беру құралы бойынша 3 070 жоба 105,5 млрд теңде несие сомасына қолдау тапқан.
— «Даму» қорының Павлодар облысы бойынша облыстық филиалы өңірде бірінші кезекте өндірістің дамуын мақсат етіп отыр. Бұл жұмыс орындарының ұлғаюына септігін тигізеді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында «Бірыңғай кешенді бағдарлама», «2021-2025 жылдар аралығында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша мемлекеттік қолдау шеңберінде жалпы сомасы 28,3 млрд теңге болатын 140 жаңа жоба бойынша субсидиялау келісім-шарттарына қол қойылды. Осы жылдың бірінші тоқсанында жалпы сомасы 4,8 млрд теңге болатын несиелер бойынша 47 кепілдікке қол қойылды, — дейді Мәдина Бәденова.
Айта кетейік, бүгінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіп-керлерге айналым қаражатын толтыру мақсатында 2 жылға 5 млн теңгеге дейін және инвестиция үшін 3 жылға 20 млн теңгеге дейін субсидияланған несие беруге дайын.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.