Еліміздің бюджетіне әртүрлі салық аударылады. Сол арқылы қазына толығып, ары қарай ел дамуына жұмсалады. Сондай түсімдердің бірі – көлік салығы. Темір тұлпары бар әрбір тұрғын жыл сайын көлігі үшін мемлекетке салық төлейді. Көліктің көлеміне қарай оның сомасы да әртүрлі. Қазіргі таңда жаңа Салық кодексі әзірленуде. Бұл құжатта салықтың дәл осы түрі бойынша өзгерістер қарастырылмақ. Нақтысы, «жасы» 10 жылдан асатын автокөліктердің салығын 20 пайызға, ал өндірілгеніне 20 жылдан астам уақыт өткен көліктердікін 50 пайызға  төмендету көзделуде. Мұндай қадам қаншалықты дұрыс? Қазынаға түсетін қаржы кеміп қалмай ма? Оның орнын қалай толтыруға болады? Көлік көбейіп, ауаның ластануына кері әсер етпей ме? Жалпы, көлік салығының жүйесі қандай болғаны жөн? Осы және өзге де мәселелерді «Алаңда» талқыламақпыз.

Ерлан КӘРІМОВ, тәуелсіз сарапшы (пікірі интернеттен алынды):

— Көлік салығын төмендету бастамасы  мемлекеттің «жасыл» бағытымен және көмірсутектік бейтараптылық бойынша міндеттемемен келісілмеген. Мәселен, үлкен мегаполисте атфосфераға шығатын улы газдың 60 пайызы автокөліктерге тиесілі. Ал ескі машиналарға салықты айтарлықтай төмендетуден халықаралық міндеттемелерді орындау мүмкін болмай қалуы ықтимал. Сонымен қатар, ескілеріне салықты азайтса, халық машинасын жаңартуға құлық танытпау қаупі туындайды. Бұл заманауи технологияларды енгізуді және Қазақстанда анағұрлым экологиялық машиналардың көбеюін баяулатады. Сондықтан, көлік салығынан мүлдем бас тартып, алып тастаған жөн деп санаймын. Себебі, салықтың бұл түрі мемлекеттік бюджеттің салықтық кірістерінің небәрі 2 пайызын құрайды. Яғни, шамамен 700 млрд теңге. Оның орнына жанаржағармай акциздерін арттыру керек. Бұл автомобилистерге салық салудың едәуір әділ түрі болар еді. Себебі қазіргі таңда көлемі үлкен машиналар көп жүрмесе де, «қымбат» салық салады. Ал кішірек көліктер, әсіресе, таксистер 24 сағат қатынап, ауаны қаншама ластайды. Алайда, төлейтіндері аз. Демек, салыққа бензиннің құнын қосса, ауаны ластап, көп жүретін көліктердің қазынаға аударатыны да артық болар еді. Айта кетейін, қазіргі таңда көлікке салықтық базаның төмендігінен әрі жеңілдікті автонесиелендіру бағдарламасының нәтижесінде жеке көлік алып жатқандар көбейді. Бүгінде 100 адамға шаққанда 22,4 көліктен айналады. 20 жылда көрсеткіш 3 есеге артқан.

Жұмагелді АКИЖАЕВ, ҚР Салық қызметінің үздігі, салық қызметінің ардагері:

— Алдымен, көпшілік салықтың не екенін, не үшін жиналатынын түсінсе деймін. Заң сөзімен айтсақ, бюджетке аударылатын міндетті қайтарылмайтын түсім. Ал қарапайым тілмен түсіндірсек, сізге әлеуметтік жақсылық ретінде айналып келетін қаражат. Сондықтан, бюджетті толтыратын түсімді мүлдем алып тастауға болмайды. Өйткені, арлы-берлі қатынап, ауаға улы газ шығарады, жолдың да тозуына әсер етеді. Демек, көлік салығын жою қисынға келмейді. Әрине, 30 жылдық көлік пен үш жылдық көлікті салыстыруға келмейді. Ескі көліктер жаңасындай алыс қашықтыққа қатынап, жарыта қоймайды. Сәйкесінше, ескі көліктің салығы төменірек болғаны дұрыс. Ал бензин акцизімен байланыстыру тіпті қисынсыз. Мұндайда бақылау мүмкін емес деп санаймын. Қазіргі жүйе бойынша көліктің иесі бар, базада тұрады, салығы да белгілі.

Асылбек СӘБИТ, көлік жүргізушісі:

— Күн сайын барлық қызмет түрлері мен тауар құны шарықтап жатыр. Төлейтін салықтың да түр-түрі бар. Көлігі бардың бәрі бай емес деп ойлаймын. Көбі қажеттілік үшін қарызданып, несиеге сатып алады. Оны өтеу керек. Шамасы жеткендер жаңасын алар. Ал қалтасы көтермейтіндер ескі машинаға қанағат етеді. Ескінің аты ескі. Ол бұзылады, жөндеуі бар, басқа да шығындары жетерлік. Соны ескеріп, мемлекеттің машиналардың жылына қарай салықты төмендетуге қатысты бастамасы халық үшін өте қажет-ақ. Алайда, білуімше, кейбір азаматтар көліктердің ауаны ластайтынын алға тартып, жанаржағармай құнын салыққа қосуды ұсынып отыр. Бұл көлік жүргізушілеріне үлкен салмақ болады. Қаншама адам жолаушылар тасымалдап нанын тауып отыр. Енді келіп, көп қатынағаны үшін қалтасы қағылса, қиынға соғады.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.