Ломбард қарызы несие тарихына әсер ете ме?

Ақп 27, 2025

Бүгінде қарызсыз адам кемде-кем. Кейде жоспардан тыс жағдайлар туындап, шұғыл түрде қаржы керек кездер болып жатады. Мұндайда кей адамдар алтын сақина, сырға, алқа, білезігін ломбардқа өткізіп, ақшаға айналдырады. Ал сол ломбардтан алған сома несие тарихына жазылып, кейін ипотека немесе несие ресімдейтін кезде есепке алынады.

Иә, қазіргі уақытта қарыз алатын тетіктер баршылық. Үйден шықпай-ақ екінші деңгейлі банктен немесе микроқаржы ұйымынан несие алуға болады. Бірақ көп жағдайда олардың пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары болып, қайтаратын сома шарықтап шыға келеді. Енді бірде тұрғынның берешек жүктемесі тым жоғары екені ескеріліп, кей банктер мен шағын несие ұйымдары өтінішін мақұлдамай, кері қайтарып жатады. Сондай сәттерде ломбардтардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Мұнда несие мерзімін ұзарту, бұйымды ломбардқа сату сынды тетіктер қарастырылғандықтан, кей адамдарға осы жол ыңғайлы көрінеді.

— Жасыратыны жоқ, шұғыл түрде ақша керек болса, ломбардтың «есігін» қағатынымыз бар. Себебі жолдасымның айлығы ипотека, несие, коммуналдық қызметтер төлемінен арылмайды. Декреттік демалыста отырғаным үшін берілетін ақы баланың күнделікті жөргегіне, азық-түлікке жетеді. Кейде балабақша, мектептегі балаларымның үйірмеге, спорттық секцияға баруына, жаңа спорт формасын алуға қаржы болмай қалады. Мұндайда үйдегі алтынды ломбардқа өткіземіз. Жолдасым екеуіміз екі сақинамды «Ломбардтың қонақтары» деп қалжыңдап атайтынымыз да бар. Қиналып қалған кезде сол алтын көмектеседі. Оның үстіне қосылатын сома да шағын несиелерге қарағанда әлдеқайда төмен. Мәселен, екі сақинаны тапсырған кезде 104 мың теңге шығарады. Бір айдан соң оның үстіне шамамен 15 мың теңге қосып, 120 мың теңгеге сақиналарымды қайта сатып аламын. Ағайын-туыс, дос-жараннан қарыз сұрағаннан гөрі өзімізге осы ыңғайлы, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Әсемгүл Смағұлова.

Иә, бүгінгі таңда ломбардтар да тұтыну-шыларды көптеп тарту үшін оларға ыңғайлы мүмкіндік жасауда. Айталық, мерзімді ұзарту, қарыздың бір бөлігін өтеу, жартылай сатып алу сынды қызметтер онлайн түрде ұсынылады. Нарықтағы жағдайды саралап қарасақ, ломбардтар алтын қабыл-даса, берген сомаға күніне орта есеппен 0,3-0,4 пайыз қосады. Ал микроқаржы ұйымдарының бір күндік пайыздық мөлшерлемесі 0,5 пайыздан басталып, 2,8 пайызға дейін жетеді. Бұл – ломбардпен салыстырғанда өте жоғары мөлшерлеме.

Сонымен қатар, ломбард алдындағы  қарызды өтеу мерзiмi өткен жағдайда мекеме қызметкерлері қарыз орнына қабылдап алған бағалы бұйымды кемiнде тағы 30 күн сақтауға мiндетті. Осы уақыт өткеннен кейін ғана аталған бұйымды сата алады. Кепiлге салынған мүлiктi сату кезiнде бұған дейін жасалған шарт бұзылып, қарыз алушының мiндеттемелерi жойылады. Былайша айтқанда, тапсырған алтыны, теріден тігілген тон, тұрмыстық техникалар өзге адамдарға қарыздың өтемі ретінде сатылып кетеді.

Бұл ретте ломбардтардың тұрақты тұтыну-шылары ескеруі тиіс мәселе – мұндағы қарыздың несие тарихында көрсетілуі. 2020 жылдан бастап заңнамаға сәйкес, ломбардтар Бірінші кредиттік бюроға несиелендірудің бұл түрі туралы ақпаратты беруге міндетті. Яғни, алтынды, тонды, ұялы телефонды немесе басқа да бұйымды тапсырып, ол үшін алған сома, қайтару мерзімі, берешек көлемі – барлық дерек несие тарихының бөлігі ретінде қарыз алушының есептерінде көрсетіледі.

Бұл өз кезегінде екінші деңгейлі банктерден ипо-тека, ақшалай несие, автонесие ресімдейтін кезде ескеріледі. Себебі азамат банкке несие алу туралы өтініш берген тұста қаржы ұйымы оның жағдайын, қарыздарын төлеуге қабілетін тексереді. Сол тұста ломбард алдындағы берешек те бірден көрсетіледі. Бұл ипотека немесе несие алуға кедергі болмайды, дегенмен олардың мақұлдануына әсер етеді. Өйткені, ломбард алдындағы қарыз жалпы қарыздық жүктемені есептеу кезінде назарға алынады.

— Кепілге салынған мүлікті сату кезінде ломбардтағы заттарды кепілге беру туралы шарт бұзылады. Бұл ретте қарыз алушының міндеттемелері жойылады. Қарыздың тоқтатылғанын кепілдікті сату актісі немесе оны ломбардтың меншігіне айналдыру туралы шешім, қарызды өтеу туралы анықтама сияқты құжаттар растайды, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департамент басқармасының басшысы Бағдат Зәуірбеков.

Жалпы, тұрғынның қарыздық жүктемесін есептеген кезде ломбардтағы қарызымен қатар, басқа да несиелер, алимент, айыппұл да ескеріледі. Сондықтан банктен қомақты сома алатын кезде, әсіресе ипотекалық несие ресімдейтін тұста осындай төлемдерді өтеп, «тазарып» алған дұрыс. Бұл банктің өтінішті мақұл-
дауына тікелей әсер етеді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.