Қазір кәсіп бастаймын деген адамға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау зор. Бизнес идеяны жүзеге асыруға ықпал ететін қайтарымсыз грант талай жастың арманын орындады. Осындай қамқорлықты сезінген кәсіпкерлер өз ісін дөңгелетіп, аймақ экономикасының дамуына үлестерін қосуда.
Павлодар қаласының тұрғыны Индира Сәдуақасова әу баста кәсіпкер боламын деп армандаған жоқ. Тек екі баласының жанында болуы үшін зауыттағы қызметінен бас тартып, үй жағдайында қолынан келетін іспен айналысуды жөн санайды.
— 2020 жылы тұрақты жұмы-сымнан өз еркіммен шығып, балаларыма қарайласқым келді. Күнделікті нан мен сүтке табыс табу үшін үйде отырып жұмыс істеймін деп шештім. Өзім дәмді ас әзірлегенді ұнатамын. Сөйтіп алғаш рет қалтамдағы 15 мың теңгеге 5 келі ет сатып алып, манты дайындадым. Ешбір жарнамасыз, біреудің қолдауынсыз әрі тұрақты тұтынушысыз басталған ісімді 500-ге жуық оқырманы бар интстаграм желісіне салдым. Бес минуттан кейін бір танысым 3 келі мантымды сатып аламын деп жазды. Сөйтіп,
1,5 жыл көлемінде жалпы аумағы 9 шаршы метр ас үйімде жартылай дайын өнімді әзірлеумен айналыстым, — дейді Индира Сәдуақасова.
Кәсіпкер пандемия кезінде де ісін тоқтатпаған. Өйткені дәмі тіл үйірер мантысын ұнататындардың қатары арта түскен. Уақыт өте келе Индираға жанашыр достары қолдау көрсетіп, кәсібін үлкейтуге кеңес береді. 2023 жылы «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алады. Мемлекет тарапынан берілген қолдау арқылы өз өнімін патенттеп әрі сертификат алады. Жалпы аумағы 50 шаршы метрді құрайтын орынды жалға алып, жұмысқа адамдарды қабылдайды. Кәсібін әлеуметтік желі арқылы жарнамалайды. Қазіргі уақытта кәсіпкердің командасы Усолка шағын ауданы Ткачев көшесі,
17/4 мекенжайында жұмыс істейді. «Магия вкуса» деп аталатын
орында тағамның түр-түрі әзірленеді.
— Біздің өнім сапалы әрі дәмді деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені тұтынушылар үнемі оң пікір қалдырады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудан кейін түрлі жобаларда бақ сынай бастадым. Етті 4 жыл көлемінде тек бір жеткізушіден аламын. Одан манты, тұшпара, котлет, қырыққабат орамасы, тоқаш әзірленеді. Тағам биологиялық ыдырайтын қаптамаға салынады. Яғни, ыдыстан табиғатқа ешқандай зиян келмейді, — дейді Индира Сәдуақасова.
Жартылай дайын өнім әзірленетін орында тағы бір ерекше ас дайындалатынын атап өту керек. Мұнда 20 сағат қайнатылып пісірілетін сүйек сорпасы сатылады. Бұл тағам қант диабеті, артрит, артроз сынды буын ауруларына шалдыққандарға ем болады. Өйткені сүйек сорпасын үй жағдайында 20 сағат қайнату оңай емес.
Индира қазір «Іскерлік байланыстар» бағдарламасына өтініш берген. Егер өтінімі мақұлданса, отандық коллаген әзірлемек. Жоғарыда атап өткен сүйек сорпасын сұйық түрден желе түріндегі қою асқа айналдырмақ. Мұндай технология Германияда жасалады екен.
— Корей, Қытай елдерінің коллагендері бар. Сол сияқты отандық коллагенді шығару үшін қолдау әрі инвестор керек. Бәрі —
уақыт еншісінде.
Өздеріңіз білетіндей, қазір еттің бағасы өте қымбат. Сәйкесінше, өнімдеріміз де арзан емес. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, сапалы. Себебі, мантыға ет, пияз, картоп, тұз және бұрыш қана қосылады. Қандай да бір қоспа немесе дәмдеуіштер салынбайды. Манты жылқы және сиыр етінен дайындалады. Бір келісі 4500—5200 теңге аралығында сатылады. Тұшпараның келісі 4500—5000 теңге, котлет және қырыққабат орамасының келісі 4500 теңге, самса мен тоқаштың келісі 4 мың теңгеден саудаланады. Біздің өнімді тұрақты тұтынатындар бағасына қарамай алады, — дейді кәсіпкер.
— Әу баста кәсіп ашамын деген ойымда болған жоқ. Сол себепті қолдау көрсеткен мемлекетке алғыс айтамын. Бағдарлама-
лардың көмегімен бизнесім алға басты. Қазір 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мемлекеттің көмегімен баспанаға да ие болдым. Қазір бизнес әлеміне еніп, түрлі оқуларға қатысудамын. Үйренгенім әрі үйренерім көп. Кәсіп тек шыңдай түседі екен. Сондықтан бизнес бастағысы келетін жастарды тәуекелге баруға шақырамын, —
дейді Индира Садуақасова.
Бүгінде Индира — тек табысты кәсіпкер емес, екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ардақты ана. Жуырда облыс көлемінде жастар арасында бизнес номинация-
сында бақ сынап, «Тәуелсіздік ұрпақтары» премиясын жеңіп алды. Жоғары жетістіктерді бағындырып жүрген кәсіпкердің ісіне береке тілейміз!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
