Бүгінде баспана жағдайын жақсар-туды қалайтын тұрғындардың дені жинақ ақшасын «Отбасы банк» АҚ-да сақтайды. Енді мұндай депозиттерде қаржыны сақтау мерзімі алты жылға ұзартылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тиісті бұйрыққа қол қойды. Бұйрыққа сәйкес, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізілді.

— «Отбасы Банк» АҚ-да тұрғын үй сатып алу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған депозиттерде қаражат жинақтау мерзімі 3 жылдан 6 жылға дейін ұзартылды. Бұдан бөлек, аталған депозитті ерлі-зайыптыларға және (немесе) жақын туыстарына беру көзделген. Бұл ретте, үшінші тұлғаларға беруге жол берілмейді, — делінген құжатта.

Жақын туыстарына берген кезде зейнетақы жинақтары өтініш беруші растайтын құжаттар ұсынылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде аударылады. Бұйрық ресми жарияланған соң, яғни 10 күннен кейін күшіне енеді. Содан соң 240 мыңға жуық салымшының мерзімді ұзарту мүмкіндігі туады. Яғни, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан аударған біржолғы төлемді енді бұрынғыдай үш жыл емес, алты жыл сақтауына болады. Сонымен қатар, ата-анасына, балаларына, аға-әпкелеріне біржолғы зейнетақы төлемімен ашылған шотты бере алады. Бірақ мұндай депозитті тек бір рет аударуға болады.

Бұған дейін қазақстандықтарға коммерциялық банктерде де тұрғын үй алуға ақша жинау мүмкіндігі берілуі қарастырылған еді. Әзірше мұндай мүмкіндік тек тұрғын үй бағдарламаларының операторы ретінде мемлекеттік «Отбасы банкінде» ғана бар.

Реттеуші мемлекеттік органдармен және банктермен бірге тиісті түзетулер әзірлеген. Өзгеріс қабылданса, банктер қаражат тарта алады. Қаржыландыру шарттарын ескере отырып, тұрғын үйге қарыз бере алады. Сондай-ақ, олардың мақсатты пайдаланылуын бақылап, қамтамасыз ете алады. Бастамаға нақты қандай банктер қатысатыны және мұндай шешімнің қай уақытта қабылданатыны әзірше белгісіз.

Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында ипотекалық несие нарығында 4 банк тұрақты жұмыс істейді. Олар — «Отбасы Банк», «Банк ЦентрКредит», Bereke Bank және Freedom Bank.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.