Бүгінде қолма-қол ақша ұстап, есеп айырысатын адам кемде-кем. Туыстар мен таныстар арасында да электронды ақша жүретін заман болды. Қарыз алу, берешекті қайтару, зат сатып алу немесе қызмет көрсету кезінде мобильді аударымдар әп-сәтте оп-оңай жасалады. Басқасын былай қойғанда, беташардың ақысын той иелерінің нөмірі арқылы аударатын уақыт туды. Бірақ келесі айдан бастап ақшалай алыс-берістің мұндай түрі жан-жақты тексерілетін болады.
Картамен төлеу тиімді
Алдымен мобильді аударым мен мобильді төлем деген екі ұғымның аражігін ажыратып алған жөн. Мобильді аударым дегеніміз – адамдар арасында ақша алмасудың ең оңай жолы. Бірнеше батырманы басу арқылы бір минутқа жетер-жетпес уақытта қалаған адамға қажет соманы еш қиындықсыз аудара аласыз. Бірақ мұндай аударымдар жеке мақсатта болуы тиіс. Яғни, жақын-жұрағат, тамыр-таныс, дос-жаран арасындағы аударымдар ғана болуы керек. Бірақ іс жүзінде мобильді аударымдар кәсіпкерлік мақсатта жиі қолданыла бастады. Тауар сатып алу, қызмет көрсету кезінде ақыны осы мобильді аударым арқылы төлеуге көшті. Бұл дұрыс емес. Мұндай мақсатта мобильді төлем қолданылуы қажет. Ол – банк картасы немесе мобильді қосымшасы көмегімен POS-терминал арқылы есеп айырысу. Мобильді төлем жасалған уақытта кәсіпкер кірістің барлығын декларацияда көрсетіп, соған сәйкес салық төлеуі тиіс. Бұдан айналып өтуді қалайтын кей бизнес өкілдері мобильді аударым арқылы ақы қабылдауды құп көреді. Міне, осындай көлеңкелі кәсіпкерліктің бетін ашу үшін ел билігі осыдан екі жыл бұрын тұрғындардың банктік операцияларын бақылауға көшті. Алдымен мемлекеттік қызметшілер, олардың жұбайларының банк арқылы жасаған қадамдары қаралса, былтыр олардың қатарына квазимемлекеттік органдар қызметкерлері мен олардың жұбайы қосылды. Биыл жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар басшыларының өткен жылы жасаған банктік операциялары «май шаммен» қаралады. Келесі жылы қалған санаттағы азаматтардың осы жылғы аударымдары тексеріледі. Бүгінде екінші деңгейлі банктер тиісті мәліметтерді құзырлы органдарға беруге көшті. Осы орайда Ұлттық банк мынадай деректерді алға тартты: бүгінде қазақстандықтар 80,5 млн төлем картасын пайдаланады және өткен жылы осы карталар арқылы 15,5 трлн теңге болатын 1,11 млрд транзакция жасалды. Бұл тұрғындардың қолма-қол ақша ұстаудан бас тартып жатқанын айқын көрсетеді. Тұрғындар да осы әдістің анағұрлым тиімді екенін айтады.
Айыппұл арқалауы мүмкін
Өкінішке қарай, кейбір сауда және қызмет көрсету орындары қолма-қол ақшамен есеп айырысуды талап етіп жатады. Заң жүзінде олар тұтынушыларға электронды төлем түрін де ұсынуға тиіс екенін айтқан жағдайда ғана сөренің ар жағынан POS-терминалды шығарады. Енді бірі тауардың, қызметтің ақысын төлеу кезінде мобильді аударым жасауды сұрайды. Бұл әрекет те – заңсыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, сатушылардың мұндай өтініші – салықтан жалтарудың амалы.
Сол себепті қыркүйектен бастап мобильді аударымдар бойынша банктердің есебі кеңейтілген форматта беріледі. Енді шот иесінің атына қатарынан үш айдың әрқайсысында 100 және одан да көп адамнан мобильді аударым түссе, оның жалпы сомасы 1 млн теңгеден асса, мұндай тізімге ілігетін клиенттер туралы мәлімет бірден Қаржы министрлігіне жолданады. Бұл ретте бір-біріне туыс адамдардың арасындағы аударымдар есепке алынбайды.
— Қазіргі таңда қолданыстағы талаптарға сәйкес мобильді аударымдар туралы мәліметтер алынып жатыр. Енді 1 қыркүйектен бастап жаңа талап қолданысқа енгізіледі. Оған сәйкес, соңғы үш айдағы аударым көлемі 1 млн теңгеден асқан жағдайда ғана тексеру жүргізіледі. Бұл құжат Салық кодексінің қабылдануына байланысты күшіне енеді. Бірақ анасы қызына, әкесіне немесе бауырына ақша жіберсе, бұл үшін ешқандай сұрақ туындамайды. Сома 1 млн теңгеден асса да назарға алынбайды. Тексеру жүргізілуі үшін барлық шарт қатар орындалуы тиіс. Яғни, үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан аударым түсуі қажет, — деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Сол арқылы министрлік көлеңкелі экономиканы сыртқа шығарып, заңсыз кәсіпкерлік қызметке тосқауыл қоюға бейілді. Сонымен қатар, бұл арқылы тұтынушылардың құқығы қорғалмақ. Мобильді аударым жасаған тұста кәсіпкерлер қандай да бір түбіртек бермейді. Егер мобильді төлемге толығымен көшсе, түбіртек беруге міндеттеледі.
Егер қандай да бір азаматтың шотына жоғарыда көрсетілгендей қатарынан үш ай бойы 100-ден астам адамнан 1 млн теңгеден артық сома түссек, салық органдары қаржының қандай мақсатта түскенін тексеруге кіріседі. Мұндай камералдық тексеріс екі негізгі кезеңді қамтиды. Біріншісі – тұрғынның декларациясының болу-болмауы. Екіншісі – декларацияда мүліктің жасырып қалуы, табысты төмендеп көрсетуі қаралады.
Егер тұрғын тарапынан ереженің еленбеуі тіркелсе, алдымен ескерту жіберіледі. Бұл ретте жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, түскен қаржыны декларацияда көрсетуге мүмкіндік беріледі. Салық органдарының уәжімен келіспеген жағдайда түсімдердің кәсіпкерлікке байланысы жоқ екенін дәлелдей алады. Айталық, ем-дом алып, ота жасау үшін халықтан қаржы жинайтын тұрғындар оның мақсатын айғақтап көрсетуі тиіс. Атап өтерлігі, тиісті органдарда тіркелмей кәсібін дөңгелетіп отырған жандарға 15 айлық есептін көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Яғни, 393 200 теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Мобильді аударымды қабылдау арқылы нақты табысын жасырған кәсіпкерлер төленбеген салықтың 200 пайызы көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Қолма-қол ақшаны ғана талап еткен сатушылар мен қызмет көрсетушілер 40 АЕК, түбіртек бермеген кәсіпкерлер 50 АЕК-ке дейін айып ақысын өтеуі ықтимал.
— Кей кезде салонға келетін қыз-келіншектерге қызмет ақысын қолма-қол ақшамен төлеуге өтінетінім рас. Себебі, жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелетін болсам, сақтандыру жарнасы, зейнетақы жарнасы, салық сынды міндетті төлемдер көбейеді. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер POS-терминал арқылы түсетін қызмет ақысының белгілі бір пайызын ұстап қалып отырады. Оған қоса, тырнақ әрлеуге сатып алатын материалдар, жұмыс кабинетімнің жалдау ақысы бар. Мұның барлығын ескерер болсақ, қызметімнен пайда көрмеймін. Сол себепті қолма-қол ақша немесе мобильді аударым жасауды сұраймын, — дейді Яна есімді сұлулық салонының қызметкері.
Тұрғындардың енді бір бөлігі керісінше, табыс тапқан адамның барлығы ел қатарлы салық төлеп, заң жүзінде әрекет етуі тиіс деп пайымдайды. Сондықтан ел билігінің бұл бағыттағы бастамасын құп көреді.
— Жақында салық органдары тексеріп жүргізіп, соның нәтижесінде есімі елге белгілі шоу-бизнес өкілдерінің, блогерлердің қазынаға миллиондаған теңге салық қарыз екенін анықтады. Меніңше, міндетті төлемді жасамайтын азаматтардың әрекетін осылай әшкере ету керек. Ережені айналып өтіп, кірісті аударым арқылы қабылдауға болмайды. Кейбірі, «Көретін пайдамыз онсыз да аз» дегенді алға тартып, салықтан босатуға сұрап жатқанын көзім шалып қалды. Бірақ айлығы елдегі ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңгені құрайтын еден жуушы, күзетші сынды жұмысшалырда сол аз-маз айлығынан 10 пайызды «жырып» беріп, салық ретінде төлеп отыр емес пе? Ендеше, неге кейбір пысықай кәсіпкерлерге жеңілдік жасалуы керек?! – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ермағамбет Мұратұлы.
Бір анығы, кәсіпкерлер тауар мен қызмет ақысын заңда көрсетілген жолдармен қабылдауы қажет. Яғни, арнайы банк терминалы арқылы төлемді алып, түбіртек беруге міндетті. Кей сатушылардың «Осы нөмірге аудара салыңызшы» деген өтініші бойынша әрекет ету арқылы оның салықтан жалтаруына үлес қосып жатқаныңызды ұмытпаңыз, тұтынушы!
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.