Негізсіз тексерулер азаяды

Сәу 2, 2026

Павлодар облысының бизнес бастап, инвестицияны еселеу бағытында әлеуеті зор. Жергілікті кәсіпкерлер отандық экономиканы ілгерілетіп, жергілікті нарықты өзіміздің өніммен қамтамасыз ету үшін тынбай еңбек етуде. Бірақ көптеген күрмеулі мәселелер кәсіпті дөңгелетуде кедергі келтіруде.

Өңірлік кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер, мемлекеттік қолдау және тағы басқа ауқымды істер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевтың облысымызға жұмыс сапары барысында талқыланды. Ұлттық палата басшысы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелерімен, шағын, орта және ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, жетекші өнеркәсіптік орындарды аралады.

Павлодар облысы дәстүрлі түрде Қазақстанның индустриялық орталығы және елдің негізгі энергетикалық тораптарының бірі болып саналатыны белгілі. Инвестициялық әлеуеті де жоғары. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,288 трлн теңге болса, 2026 жылы өңір қоржынында жалпы көлемі
7 млрд теңге болатын 73 жоба бар. Соның нәтижесінде 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға болады.

Қанат Шарлапаев кәсіпкерлермен кездесу кезінде «Атамекеннің» жаңартылған стратегиясының негізгі басымдықтарын белгілеп, талдамалық жұмысты күшейтуге ерекше тоқталды. Бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылы жекелеген өтініштер мен шағымдарға емес, терең экономикалық талдау мен нақты фактілерге сүйенуі тиіс екенін алға тартты. Бұл ретте ішкі инвесторларды дамыту маңызды бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Микро, шағын және орта бизнес экономиканың негізі ретінде қарастырылып, әлеуетті жергілікті кәсіпорындар пулын қалыптастыру, олардың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, жобаларды іске асырудың ерте кезеңдерінде әкімдік, даму институттары мен Палата арасындағы жұмысты үйлестіруді жолға қою жоспарланып отыр. Одан бөлек, әкімшілік жүктемені азайту, негізсіз тексерулерді қысқарту және бизнестің тұрақты дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді жоюға назар аударылады.

— Павлодар облысы — елдің негізгі энергетикалық, металлургиялық және мұнай-химия өңірі, қуатты индустриялық хаб. Біз үшін бизнесті қорғауды күшейту және шешімдерді талдау мен нақты экономикалық фактілер негізінде қабылдау маңызды. Экономика ішкі инвесторларға мұқтаж. Біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар негізінде инвестициялық жобалар пулын қалыптастырып, бизнес, даму институттары мен мемлекет арасындағы үшжақты өзара іс-қимылды дамытамыз, — деп атап өтті Қ.Шарлапаев.

Кездесу барысында өңір кәсіпкерлері бірқатар өзекті мәселені ортаға салды. Атап айтқанда, Су және Жер кодекстері арасындағы құқықтық қайшылықтар, ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде картопты өткізудегі қиындықтар, павлодарлық экспорттаушылардың теміржол арқылы шекарадан өту проблемалары көтерілді. Киік популяциясының өсуіне байланысты ауыл шаруашылығына келетін залалға, салық салу мәселелеріне және әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мен қолдау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Кездесуде кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау, экспорттық әлеуетті дамыту және үздік талдау тәжірибелерін енгізу мәселелері талқыланды. Отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесін кеңейту жөніндегі бастамалар, бизнес, мемлекет және сауда желілері арасындағы өзара іс-қимыл механизмдері де қаралды.

Тараптар Павлодар облысында тұрақты іскерлік ортаны қалыптастыру және бизнесті одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы сындарлы диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, Ұлттық палата басшысы сапар аясында бірқатар кәсіпорынға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Олардың қатарында жылына 5,8 млрд теңге айналымы бар және 200 жұмыс орнын ашқан Қазақстандағы күркетауық етінен шұжық шығаратын жалғыз кәсіпорын — «Turkey PVL», барлау дрондарын шығаратын және ел нарығын инновациялық технологиялармен қамтамасыз ететін «United Machinery Resources», жылына 300 мың тоннаға дейін алтынқұрамды концентраттарды өңдеп, 94–96 пайыз алтын алу арқылы Қазақстанда аффинаждалған металл өндірудің толық циклін құру бойынша бірегей жобаны іске асырып жатқан «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» компаниялары бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.