Несие алу қиындай ма?

Сәу 9, 2026

Елімізде 1 шілдеден бастап несие алуға өтініш берушіге қойылатын талаптар күшейеді. Алдағы уақытта ресми табысының, зейнетақы аударымының, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемінің болуы қатаң тексеріледі. Сондай-ақ, қаржы ұйымдары ай сайынғы несие төлемі кірісінен көп тұрғындарға қарыз беруден бас тартуы мүмкін. Бұл өз кезегінде курьер, такси жүргізушісі сынды өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қажеттіліктеріне несие алуын қиындатады.

Статистикалық мәліметтерге зер салар болсақ, бүгінде Қазақстан халқының қарыздық жүктемесі тым жоғары. Ұлттық банктің 1 ақпанындағы дерегі бойынша, елімізде 9 миллионнан астам адамның несиесі бар. Олардың 1,5 миллионы қарызын уақытылы қайтара алмай жүр. Елімізде еңбекке қабілетті азаматтар саны 13 миллионнан асатынын ескерсек, олардың басым бөлігі несиенің «шырмауына» ілінгенін аңғаруға болады. Тағы бір дерек: бүгінде отандық екінші деңгейлі банктер барлығы 40 трлн теңге несие берген. Оның 24,8 трлн теңгесі қарапайым азаматтарға ресімделген. Яғни, бүгінде қараша халықтың басындағы берешек бизнес өкілдерінің қарызынан асып түсті. Бұл – алаңдатарлық жайт. Бұған табыстың аздығы, айлықтың басқа түгілі қарапайым заттарға жетпеуі, күнделікті қолданатын тауарлар бағасының өсуі, тұрмыстық қажеттіліктердің көптігі, несиені уақытылы қайтару мүмкіндігінің аздығы әрі қаржылық сауаттылықтың төмен болуы сынды жағдайлар себеп болып жатады. Сондықтан да банктердің табалдырығын тоздырып, мобильді қосымшаларына «маза» бермеуге тура келетін жайттар бар.

Бірақ мұның барлығы екінші мәселені көрсетті: бүгінде қарыз алушылардың басым бөлігінің несиелік жүктемесі мен қаржылық міндеттемелері ай сайынғы табысынан көп. Айталық, кей адамдар 200 мың теңге табыс тапқанымен, оның жартысынан астамын банктен алған берешекті өтеуге, ипотеканы жабуға, коммуналдық төлемдерді жасауға жұмсайды. Сөйтіп, бүгін алған айлығы бірнеше күн ішінде-ақ таусылады.

Ұлттық банк осы және өзге де жайттарды ескеріп, 1 шілдеден бастап жаңа ұғымдарды енгізіп, жаңа ережелерді қолданбақ. Соған сәйкес, борыштық жүктеме коэффициенті мен қарыздың табысқа қатысты коэффициенті деген екі көрсеткіш ескерілетін болады.

Борыштық жүктеме коэффициенті дегеніміз – ай сайынғы жалақының қандай көлемі несиелерді төлеуге жұмсалып жатқанын көрсететін көрсеткіш. Яғни, жалақыңыздың неше теңгесін ай сайын берешекті өтеуге бағыттайтыныңыз тексеріледі. Оның шекті мәні – 0,5. Бұл барлық қарыздар бойынша ай сайынғы төлемдер кірістің 50 пайызынан аспауы тиіс дегенді білдіреді. Мәселен, егер жалақыңыз 300 мың теңге болса, ең жоғары кредиттік жүктеме айына 150 мың теңгеден аспауы тиіс. Демек, бұған дейін ай сайын ипотеканы өтеуге 120 мың теңге жұмсап келсеңіз, бөліп төлеу арқылы тағы бір зат алуды қалап, оның ай сайынғы төлемі 40 мың теңге болса, бұл өтінішіңіз кері қайтарылуы мүмкін. Себебі, мұндай жағдайда ай сайынғы берешегіңіз 160 мың теңге болып, жалақының жартысынан асып кетеді.

Ал қарыздың табысқа қатысты коэффициенті дегеніміз – кіріс пен шығыстың арақатынасының көрсеткіші. Мысалы, сіздің 5 миллион теңге қарызыңыз бар, ал айлық табысыңыз — 300 мың теңге. Банк айлық табысыңызға қарап, әлгі 5 миллион теңгелік қарызды қанша уақытта толық өтей алатыныңызды саралайды. Кейде оны жылдық табыспен де салыстырады. Айталық, 300 мың теңгелік айлықты бір жылға есептегенде 3,6 миллион теңге шығады. Ал қарызыңыз — 5 миллион теңге. Демек, сіздің берешегіңіз бір жылдық табысыңыздан да көп. Бұл қаржылық жүктеменің ауыр екенін білдіреді. Мұндай жағдайда да банк несие алу туралы өтінішті мақұлдамауы ықтимал.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, мұндай жүйе төлеуге қабілетті қарыз алушылардың кредит алуына айтарлықтай әсер етпейді. Сонымен қатар, қарыз жүктемесі жоғары клиенттер үшін жаңа қарыз алу мүмкіндігі белгіленген көрсеткіш аясында шектелетін болады. Жалпы, бұл шара тұтыну кредитінің өсу қарқынын барынша қалыпты деңгейде сақтауға ықпал етеді.

Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап банктер тұрақты табыстың бар-жоғын «май шаммен» қарайды. Бұған дейін кейбір қаржы ұйымдары бұған көз жұма қараса, енді мұндай жеңілдіктер болмайды. Несие ресімдеуге өтініш берген адамның зейнетақы аударымы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы ескеріледі. Бұл төлемдер арнайы деректер базасында болмаса, банктен қарыз алуыңыз екіталай. Мұндай жаңашылдық өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандарға, фрилансерлерге, табысын арнайы банк шоты арқылы емес ақшалай алатын азаматтарға, такси жүргізушісі, курьер сияқты қызметті атқаратын адамдарға кедергі болуы мүмкін.

Оған қоса, бұған дейін алған кредитті өтеу тәртібі ерекше қаралады. Несиені уақытылы төлемеген, өсімпұл, айыппұлдары бар адамдарға тағы қарыз алу қиындайды. Бұл ретте ломбардта тапсырылған алтындардың, басқа да бағалы заттардың да несие ретінде көрсетілетінін ескеру маңызды. Яғни, тапсырған затыңызды уақытылы қайтадан сатып алмасаңыз немесе мерзімін ұзартпасаңыз, ол да өтелмеген қарыз болып есептеледі. Осыны қаперден шығармау қажет.

Мұндай өзгерістер банктер үшін де, қарыз алушылардың өздері үшін де тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Яғни, табысы аз тұрғындарды берешектің батпағына батудан сақтауға бағытталған. Бірақ кей сарапшылар нарықты бұлай тым «қысып» жіберуге болмайды деп пайымдайды. Айталық, қаржы саласындағы белгілі сарапшы Айбар Олжаевтың пікірінше, бұл көлеңкелі бизнестің белең алуына әкеп соғуы мүмкін. Анығын айтқанда, қаржыдан қатты қысылған адамдар өзге адамдардан пайызға ақша алуға мәжбүр болуы ықтимал. Бұл одан сайын тығырыққа тірейді.

Қалай болғанда да қаржы ұйымдарынан қарыз алмас бұрын оң мен солды сараптап, көрпеге қарай көсілу керек. Жаңа ережелер осыған жетелейді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.