Несие: тағы шектеу керек пе?

Нау 27, 2025

Қазіргі уақытта несиесі жоқ адам кемде-кем екенін жиі айтамыз. Алаяқтың арбауына алданып қалып жатқан азаматтар да аз емес. Оларды сондай қитұрқы әрекеттерден қорғау үшін өткен жылдың қыркүйек айында несие алудан ерікті түрде бас тарту жүйесі енгізілген болатын. Өкінішке қарай, кей алаяқтар мұны да өз «кәдесіне» жаратып, сол арқылы талай жанды сан соқтырып отыр.

Елімізде былтырдан бері жаңа жүйе қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес, кез келген азамат электронды үкімет порталына немесе eGov мобильді қосымшасына кіріп, «стоп кредит» қызметін пайдалана алады. Ол үшін «Салық және қаржы» бөліміне өтіп, «Банктік қарыздар, микронесиелерді алудан ерікті түрде бас тарту» тармағын таңдау керек. Сол арқылы өз атына несие ресімдеуге тыйым сала алады. Таяуда зейнеткерлер мен интернетке қолжетімділігі төмен ауылдағы ағайын үшін оның оңтайландырылған жүйесі де іске қосылды. 1414 нөміріне қоңырау шалып, қызмет көрсету тілін таңдап, «Несиеге тыйым салу» деп айтқан азамат та жарты жылға несие алуға шектеу қоя алады. Ол дыбыстық сигналдан соң ЖСН енгізіп, SMS-код арқылы әрекетті растаса болғаны. Ал несие тарихында несие алудан уақытша бас тартқаны туралы белгі пайда болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай шараны жұртты алаяқтықтан сақтап қалу үшін қолға алған еді. Кредиттік ұйым – банк немесе микроқаржы ұйымы несие бюроларынан клиент туралы деректерді сұрағанда оның атының тұсында шектеу белгісі қойылғанын көреді және заң бойынша автоматты түрде клиентке несие бермеу туралы шешім қабылдауға міндетті.

— Егер адамның атына несие рәсімдеуге дербес тыйым салынғаннан кейін оның атына қарыз рәсімделсе, онда берешек автоматты түрде жойылады. Бұл бас тартуды кез келген уақытта өшіруге болады. Шектеу ломбардтарға, сондай-ақ өз клиенттерінің кредиттік тарихына баға бермейтін басқа ұйымдарға қатысты емес, — деп мәлімдеді агенттік өкілдері.

Өткен жылдың алғашқы үш айында-ақ «Стоп кредит» қызметін 920 мыңнан астам азамат пайдаланған. Олардың қатарында павлодарлық зейнеткер Раушан Омарова да бар.

— Қазір қолымызға телефон алудан қорқамыз. Бұқаралық ақпарат құралдары, WhatsApp мессенджері арқылы алаяқтардың арбауына түсіп, қаржылық қиындыққа тап болған талай адамның тағдыры туралы естіп, көріп жүрміз. Қазір несиесіз өмір сүру қиын. Оны жақсы білеміз. Баспана мен көлік түгілі киім-кешек пен тұрмыстық техниканың өзін банктен берешекке алып жатқандар көп. Онсыз тағы болмайды. Бірақ мұны кейбір алаяқтардың өз пайдасына жаратып жатқаны жарамайды. Жасыратыны жоқ, біздің атымызға да әлдекімдер несие ресімдеп қояр ма екен деп қауіптенеміз. Бейтаныс нөмір қоңырау шалса жауап бермеуге, хабарлама арқылы түсініксіз кодтар келіп жатса елемеуге тырысамыз. Жақында балаларым несие ресімдеуден бас тартатын тетік бар екенін айтып, соны қосып берді. Бұдан соң көңіліміз сәл де болсын түсті. Енді бөтен біреу атыма қарыз ала қоймас деп ойлаймын, — дейді ол.

Иә, бұл жүйе енгізілген уақытта көпшілік сенім артып, тіркеліп, несиеден бас тартып жатқаны рас. Бірақ алаяқтар да қарап қалсын ба?! Олар да халықтың бұл жүйеге бет бұра бастағанын байқап, одан да «пайда» табуға кіріскен көрінеді. Жаңа жүйені өз қажеттілігіне жаратудың жолын тапқан пысықайлар құрбанына қоңырау шалғанда, өзін электронды үкімет порталының қызметкері ретінде таныстырады. Кейін «Стоп-кредит» жүйесінде қате кеткені туралы хабарлап, оны дереу жөндемесе, «алаяқтардың тұзағына түсетінін» түсіндіреді. Бұған кей адамдар кәдімгідей иланады. Олай болмай қайтсін? Алаяқтар сөздің барлығын алдын ала реттеп, адам сенетіндей етіп айтады. Сөйтіп, «ақауды» түзету үшін адамға ұялы телефонына жіберілген сілтемемен тез арада өтуді ұсынады. Ал сол сілтеме зиянкес фишингтік сайтқа бастайды. Ол парақша безендірілуі жағынан ресми электронды үкімет сайтынан «аумайды». Бір қарағанда көзі ашық адамның өзі аңғармай қалуы әбден мүмкін. Аталмыш жалған порталға кірген пайдаланушы өзінің нағыз логині мен паролін терсе, алаяқтарға шынайы электронды үкімет порталындағы жеке кабинетін ашып береді. Сөйтіп, арам пиғылдылар азаматтың дербес деректеріне қол жеткізеді. Оның атынан түрлі мемлекеттік қызмет ала алады. Дербес деректерін пайдалану арқылы адамның банктік шоттарына кіріп, оның атынан онлайн несие рәсімдеуі де ықтимал.

Мұндай жүйе Мәжіліс депутаттарының құлағына да жетті. Бұған дейін азаматтарды алаяқтардан қорғау үшін жаңа жүйе енгізуді құптаған депутаттар енді басқа шектеу енгізуді ұсынып отыр. Тіпті, кейбірі еңбектеген баладан зейнетке шыққан қарияға дейінгі 20 миллионнан астам адамды «несие алмаймын» деп өз-өзіне тыйым салуға мәжбүрлеу – қателік. Керісінше,  несие алуды қалайтындар ғана рұқсат сұрағаны жөн екенін алға тартады.

Айталық, мәжілісмен Асхат Аймағамбетов бір топ депутат «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасына былтыр тиісті өзгерістерді ұсынды. Алайда бұл бастама әзірше құпталған жоқ.

— Қазір азаматтар eGov.kz порталына кіріп, арнайы тетікті басу арқылы несие алудан бас тарта алады. Оның статистикасын қарасақ, мұндай мүмкіндікті пайдаланғандардың саны аз. Өйткені көп азамат бұл туралы білмейді және бұл ақпаратты жеткізу де өте қиын. Сондықтан біздің ұсынысымыз ‒ by default, яғни автоматты түрде келіспеу презумпциясын енгізу. Керісінше, тек «несие аламын» деген азаматтар eGov порталында несие алуға дайын екенін растауы керек, – деген ойымен бөлісті депутат.

Асхат Қанатұлының пайымынша, 10 миллионға жуық адам банктен қарыз аламын деген күннің өзінде бір ғана тетікті басып, келісімін береді. Оның еш қиындығы жоқ. Сонда аляқтардың арбауына түсуі де екіталай болатын еді.

Қалай болғанда да қазір алаяқтардың «дәурені» жүріп тұр. «Қайтсем, адамдардың ақшасын алып аламын?» деген ойдың жетегімен сан түрлі қитұрқылыққа баруда. Олардың қармағына түсіп қалмас үшін күмәнді немесе белгісіз дереккөздерден жіберілген сілтемелер өтпеуді тағы бір мәрте ескертеміз. Алаяқтардан абай болыңыздар!

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.