Несие шартын қатаңдату қайда апарады?

Қаз 9, 2025

Биыл 30 қыркүйектен бастап елімізде тұтынушылық несие беру ережелері өзгерді. Бұл тарапта шарт жасасу тәртібі, қаражатты аудару мерзімдері мен қарыз алушылардың келісімін алу және жас ерекшеліктері бойынша өзгерістер енгізіледі. Оған Мемлекет басшысының қаржы нарығы мен қызметтерін дамыту туралы заңға қол қоюы себеп. Несие алу жолының күрделенуі әлеуметтік мәселенің шешілуіне ықпал ете ме? Әлде алдымен халықтың күнкөріс деңгейін көтерген жөн бе? Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені «Алаң» талқысына салып көрдік.

Айдар Құрымбаев, облыстық мәслихат депутаты:

– Бүгінде халқымыздың жартысынан көбі қарызға байланған, яғни кез келген қазақстандықтың мойнында бірнеше несиеден бар. Осыған орай, шағын несие ұйымдарынан немесе кәдімгі банктен несие алып, 30 күн аралығында төлемесе, ондай адамдарға келесі жолы несие берген жөн емес. Кез келген жағдайға тап болған кезде мәселені несие арқылы жеңіл жолмен шешсе, соңында тығырыққа кіріп, шыға алмауы мүмкін.

Несие алудың жолын біліп, қайтарудың амалын таппаған адамның жағдайы ушығады. Несие тақырыбы – соңғы кездері аға буын өкілдері мен жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі. Мұндай жүйелі мәселені мемлекет несиенің ережесін күрделендіру арқылы  шешіп жатқаны дұрыс деп ойлаймын. Алайда жалақысына сай несие алып, уақытылы төлейтін адамдар да баршылық. Ал басым көпшілігі несие сомасы еңбекақы мөлшеріне сәйкес келмей, қарызды өтейтін уақытта төлей алмайтыны рас. Соның кесірінен ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік пайда болады. Сол себепті қаржылық сауаттылықты арттыратын заңның қабылданғаны еліміздің әрі қарай дамуына ықпал етуі әбден мүмкін.

Нұргүл Қошқарбаева, банк кеңесшісі:

– Жалпы, бұл мәселеде таяқтың екі ұшы барын ескерген жөн.Нарық заманында несиесіз болмайды. Несие алушы қарызын 2-3 рет кешігіп төлесе, мұндай клиенттерге несие бермеген жөн. Неге десеңіз, несие тарихы ипотека арқылы пәтер немесе үй алған кезде кері әсер етуі мүмкін. Клиенттеріміз өтінім берген кезде олардың шығыны мен табысын тексеріп, оның қабілеттілігін қарастырамыз. Оған қоса, кепілдік ретінде әлеуметтік қарыз алушы да болу керек.

Адам басында қаржы несиелері көп болса, тек екі апта аралығында толығымен төлеген соң, банк арқылы баспаналы бола алады. Сондай-ақ, клиент бірнеше жыл бұрын төлемін өткізіп алса, бұл несие тарихына әсер етіп, «скоринг» жүйесі арқылы көрсетіледі. Тіпті бүгінде жалақысы жоғары болғанмен, өткенде жіберген қателіктері жаңа қадам басуға кедергі келтіреді. Менің ойымша, алдымен несие алушы адамның еңбекақысы мен несие тарихын нақпа-нақ тексеріп, төлем мерзіміне сай қайтаратын жауапкершілігі мол адамдардың қатарында болса, қаржылық несиені және ипотеканы еш алаңсыз беруге болады.

Қымбат Ахметова, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Меніңше, алдымен жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын көтерген жөн. Несие беруді қиындату арқылы халықтың әлеуметтік мәселесі шешілмейді. Табыстылықты көтеріп, еңбекақысы инфляциядан жоғары болған жағдайда ел мәселесі шешімін табады деп ойлаймын. Иә, бүгінде несиені алып, оған немқұрайлылық танытып, уақытылы төлемейтін адамдар көп. Дегенмен, тұрақты жұмысы бар, ай сайын жалақысын алып, мерзімінен бұрын төлейтін азаматтар да баршылық. Біз – көпбалалы отбасылардың біріміз.

Бүгінде бес баланы дүниеге әкеліп, әрқайсысына сапалы білім беріп, дамуына жан-жақты жағдай жасаудамыз. Қазіргі таңда шаңырағымызды кеңейтіп, екі қабатты үй салып жатырмыз. Оған қосымша қаражат керек. Үнемі банктің көмегіне жүгініп, алған несиені уақытында төлейміз. Жаңа заңның талабына сәйкес шектеу көп болса, қиын жағдайға тап болуымыз мүмкін. Жақыныңнан қарыз алғанша, банктен несие алғанды жөн көремін. Жаңа заңды екі тарапта қарастырған абзал.

«Алаңды» үйлестірген – Салтанат ҒАББАС.