Отандық өндіріс дамуда

Қыр 4, 2025

Бүгінде кез келген кәсіппен айналысқыңыз келсе, мүмкіндік мол. Оған «Даму» қорының қолдауынан туған жаңа өндіріс орындары дәлел. Мысалы, жуырда өңіріміздегі бұрын-соңды болмаған кәсіп іске қосылмақ. Оған қоса, нарықта 25 жыл тәжірибесі бар жиһаз салоны да жаңа жобасын жүзеге асыру үшін қордың көмегіне жүгінген.

Кәсіпкерлер бір істі бастамас бұрын нарықты зерттеп, тіпті сол салада еңбек етіп, тәжірибе жинайды. Қанат Қасенов алдымен автосалонда бірнеше жыл қызмет етіп, досы екеуі бірігіп, болашақта автотекстиль өндірісін ашуды жоспарлайды.

«ALFA Textile» ЖШС – Павлодар қаласында бір жыл бұрын тіркелген компания. Олар отандық жеке брендпен автокөліктерге арналған тоқыма өнімдерін өндіреді. Шағын өндірістің негізгі қызмет бағыты – дайын тоқыма өнімдерін өндіріп, соның ішінде автотекстиль саласын дамыту. Жобаны жүзеге асыру мақсатында кәсіпкер «Даму» қорынан қаржылық қолдау алды.

– Алынған екі несие де 85 пайыз мөлшерінде «Кепілдік қоры – 1» аясында берілді. Бұл қаражат тігін өндірісін ұйымдастыру, заманауи материалдарды сатып алу, персоналды оқыту және сынамалық өнім партиясын шығаруға мүмкіндік берді,  – дейді кәсіпкер Қанат Қасенов.

Аталмыш дайын өнім – автокөліктерге арналған қаптамалар мен төсеніштер – автосервистер, дилерлік орталықтар, автоқосалқы бөлшектер дүкендері және онлайн платформалар арқылы сатылады. Жоба импортты алмастыру, жергілікті брендті дамыту және өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Сондай-ақ, қызметкерлердің айтуынша, көліктің салонына берілген тапсырыс 4-5 күнде дайын болады. Онымен қоса, көлікті ауа райының қолайсыздығынан қорғайтын сапалы маталы тысқабы да сатылады.

Ал әке жолын жалғаған кәсіпкер, жиһаз нарығының тәжірибелі кәсіпкері Ерболат Бажаев өнім түрлерін кеңейту мақсатында «Даму» қорынан қолдау алған.

«Magnet Mebel» – жұмсақ жиһаз өндіріп, сатуға маманданған қазақстандық өндірістік компания. Кәсіпорын ассортименті диван, кресло, кереует, пуф, сондай-ақ үйге және кеңсеге арналған басқа да жиһаз түрлеріне бай.

Компанияның негізін қалаушы және басшысы – кәсіпкер Бажаева Дарья Қайыргелдіқызы. Ол бірнеше жылдан бері өндірістік процесті тиімді басқарып, ассортиментті дамытумен қатар, қаржы ұйымдарымен тұрақты әріптестік қарым-қатынас орнатып келеді.

2025 жылы өндірістік қуаттылықты арттырып, өнім түрлерін кеңейту мақсатында компания 51 000 000 теңге көлемінде мақсатты несие алған. «Даму» қоры 17 064 770 теңге көлемінде «Кепілдік қоры – 1» аясында несие берді.

–  Компанияның негізгі бағыты – жұмсақ жиһаз өндіру. Өндіріс заманауи интерьер дизайнының трендтері және тапсырушының қойылатын талаптарына сай жүргізіледі. Әрдайым материалдардың сапасы мен төзімділігіне ерекше мән береміз. Бүгінде қызметкерлер саны 20 адамнан асады, – дейді кәсіпкер Ерболат Бажаев.

2023 жылы компания «Ulttyq Onim» көрмесіне қатысып, отандық өнім өндірушілер арасында кеңінен танылды. Бұл көрме де «Даму» қорының ұйымдастыруымен өткізілді.

Салтанат ҒАББАС

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.