Павлодар мұнай-химия зауытында құрал-жабдықтарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Еліміздің батысындағы мұнай өңдеу зауытында таяуда төтенше жағдай орын алып, кәсіпорын өнім шығару ісін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Осының барлығы отандық нарықта отынның тапшылығын тудырмай ма?

 

Қазіргі уақытта тұрғындарды, әсіресе көлік жүргізушілерін осы мәселе алаңдатып отыр. Біздің өңір-дегі мұнай өңдеу орны 20 маусымнан бері жабық. Қазіргі уақытта мұнда тозығы жеткен қондырғыларды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Таяуда оның барысын облыс әкімі Асайын Байханов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев тексерген болатын. Павлодар мұнай-химия зауыты бір ай өнім өндірісін тоқтатқанымен, бұған дейін қор жинап алды. Яғни,
37 мың тонна жанармай мен 47 мың тонна дизель қоры жиналды. Бұл көлем кәсіпорын жұмысын қайта жаңғыртқанға дейін отандық тұтынушыларға жетуі тиіс. Десе де, таяуда Атырауда сыртқы желілерде электр энергиясын таратудағы түйткілге байланысты мұндағы мұнай өңдеу зауыты да жұмысын тоқтатты. «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасановтың айтуынша, сол уақытта зауыт қолда бар қорлардан мұнай өнімдерін жөнелте бастады. Бүгінгі таңда 26 мың тонна автобензин, 33 мың тонна дизель отыны, 1 200 тонна сұйытылған мұнай газы бар. Жалпы, ел бойынша АИ-92 бензині мен дизель отынының қорлары бір айға, АИ-95 екі аптаға жетеді. «Павлодар мұнай-химия зауыты 20 шілдеге дейін жоспар бойынша жөндеуге тоқтатылғанын, ал Шымкенттегі өңдеу орны каталитикалық риформинг қондырғысындағы жұмыстар үшін ішінара тоқтатылғанын ескерсек те, зауыттардан мұнай өнімдерін жөнелту тоқтаған жоқ. Сыртқы желілерде электр энергиясын беру басталғаннан кейін мұнай зауыты технологиялық қондырғыларын тұрақты режимге шығару басталды, — деді Д.Хасанов. Бұл ретте Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес апаттың себептерін тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғанын және кінәлілер жауапқа тартылатынын атап өтті.

— Қазіргі таңда ең бастысы – барлық кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды қажеттілікпен қамтамасыз ету. Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауытын тоқтату туралы алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанас-пайды. Жағдай бақылауда, — деді Үкімет басшысы.

Өз тілшіміз.