Бүгінде несиені үйден шықпай-ақ әп сәтте ресімдеуге болады. Бұл тиімді, әрине. Алайда
кері тұстары да бар. Айталық, кімнің қандай несие ресімдеп жатқанын ешкім білмейді.
Әсіресе, отбасы мүшелерінің берешекке белшесінен батып жатқанынан бейхабар болатындар баршылық. Мұның соңы өзара түсініспеушілік, әулет ішіндегі кикілжің, тіпті ажырасуға дейін апаруы мүмкін. Сондықтан таяуда елімізде жаңа талап енгізілмек.

Не үшін керек?

Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер мен микро-қаржы ұйымдары өтініш беру-шінің онлайн немесе қаржы мекемесіне келуі арқылы берген өтініші аясында сұраған қаражатын несиеге ресімдеп береді. Ол үшін басқа түгілі бұрынғыдай жұмыс орнынан анықтама алудың да қажеті жоқ. Жеке басты куәландыратын құжат болса жетіп жатыр. Қалғанының барлығын банк өзі реттейді. Ал алдағы уақытта міндетті түрде талап етілетін тағы бір құжат қосылмақ. Ол – несие алуға жұбайының рұқсат бергенін дәлелдейтін құжат. Оның қандай қажеттілігі бар? Тарқатып көрейік.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бөтен адам түгілі қасындағы жұбайының қандай берешегі барын білмейтіндер бар. Бірі өмірлік серігіне салмақ салмауды қаласа, енді бірі әдейі бүгіп қалып жатады. Сан алуан себебі бар. Бірақ қарыз уақытылы қайтарылмаған жағдайда банк несие алушының туған-туысын, тамыр-танысын іздейді. Сол кезде жасырған дүниенің барлығы жария болады.

— Біз осыдан бір жыл бұрын несиеге көлік алдық. Сол тұста жолдасым ай сайынғы төлем 80 мың теңге болатынын айтты. Жалақының осы сомасын бірден қарызды өтеуге аударып жүргенін де жеткізді. Бірақ бірде телефоныма бейтаныс нөмірден қоңырау түсіп, тұтқаның ар жағындағы банк қызметкері жолдасым несиені кешіктіріп жатқанын хабарлады. Айтуынша, төлем — 130 мың теңге. Сөйтсем, ол менің декреттік демалыста табыссыз отырғанымды ескеріп, «130 мың теңгені қайдан аламыз?» деген уайымға салынбасын деп төлем көлемін азайтып айтқан екен. Қалғанын кешкісін такси қызметін көрсеткеннен түскен табыстан жауып отырған. Кейін екеуіміз алдағы уақытта осы іспетті мәселелер туындамас үшін барлығын ескертіп, бірге ақылдасатын болып келістік. Несие ресімдеуге жұбайының рұқсатын алуға қатысты жаңашылдық осындай сәттерде керек болады деп ойлаймын, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айнагүл Рамазанова.

Иә, жаңа норманың енгізілуіне бұл да себеп. Дей тұрғанмен, оның басты әрі түпкі мақсаты – лудоманияға бейім азаматтардың қаржыға қолжетімділігін шектеу. Себебі осындай ойынқұмар адамдардың алған несиесі кейін бүкіл отбасыға ауыр салмақ болып жатқанын тәжірибе көрсетіп отыр. Тағы бір себеп – берешек жүктемесін азайту. Өйткені, кей адамдар орынды-орынсыз несие ала беруге көшті. Жаңа талап мұндай керек емес несиелердің санын қысқартады деп есептейді мамандар.

Қаншалықты қисынды?

Сонымен, кім және қандай жағдайда жұбайының рұқсатын алуы тиіс? Ережеге сәйкес, егер қазақстандық азамат 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінен асатын сомаға несие алуға өтініш білдірсе, жұбайының рұқсатын алуға міндетті. Яғни, 3,7 млн теңгеден асатын сомаға енді рұқсат алуы керек. Жолдасы рұқсатты қағаз жүзінде немесе электронды түрде бере алады. Қағаз жүзінде құжат ресімдеуді қаласа, екінші деңгейлі банк немесе микроқаржы ұйымына барып, қол қоюы қажет. Егер жолдасының несие алуына келіспесе, қарсы екенін көрсетеді.

Рұқсатты электронды түрде жіберу үшін қаржы ұйымының бағдарламасы немесе е-gov порталы арқылы электрондық-цифрлық қолтаңба көмегімен қол қояды. Бұл ретте ЭЦҚ арқылы келісімді 48 сағат аралығында беруі керек. Биометриялық сәйкестендіруден өтуі де шарт.

Ал рұқсатқағаздың өзінде оның ресімделген күні, рұқсат беретін адамның жеке дерек-тері, несиенің сомасы, қандай мерзімге және қандай пайыздық мөлшерлемемен ресім-делгені туралы мәліметтер көрсетіледі. Аталған өзгеріс осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді. Демек, сол мерзімнен кейін ресім-делетін қомақты несиені алуға жұбайының рұқсаты болмаса, банк қарыз бермейді.

Аталған жаңашылдық қоғамда әр түрлі пікір туғызып, талқыға салынып жатыр. Мәселен, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұны дұрыс деп есептейді.

— Меніңше, бұл жаңашыл-дықты ақылмен пайдалану керек. Айталық, егер ерлі-зайыптылардың бірі 10 млн теңге несие алуды ойласа, бұл қаржылай ауыртпалықты екеуі теңдей көтере білуі тиіс. Отбасы болғаннан соң шешімді ортақ қабылдау керек. Әйтпегенде, жұбайлардың бірінің жауапсыздығы мен немқұрай-лығы салдарынан тұтас шаңырақ зардап шегуі ықтимал, — дейді Ұлттық банк төрағасы.

Ал Қазақстанның қаржы-герлер қауымдастығының заң мәселелері жөніндегі басқарушы директоры Назар Рахимовтың айтуынша, мұндай ереже азаматтардың құқығын бұзады.

— Бұл норма қабылданғанға дейін қоғам өкілдерімен, сарапшылармен талқыланған жоқ. Сондықтан асығыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Ал ереженің өзі адамның жеке тұлға ретіндегі құқығын шектейді. Несиені беретін кезде өтініш берушінің ғана жеке табысы есепке алынады. Бұл ретте жұбайының кірісі ескерілмейді. Себебі несиені отбасы емес, жеке адам алады. Олай болса, жолдасының рұқсатының қандай қажеттілігі бар? – дейді сарапшы.

Павлодарлық Арман Жүнісов жалпы алғанда мұндай ережені енгізу артық етпейтінін алға тартады. Тек керісінше ауқымды сомаға емес, шағын несиелерді алуға рұқсат енгізілуі тиіс деп санайды.

— Жаңашылдыққа сүйенсек, 3,7 млн теңгеден асатын сомаға ғана рұқсат алу талап етіледі. Мұндай қомақты қаржыға сатып алатын көлік, үй сынды үлкен дүниелерді жұбайы онсыз да көріп, біледі. Меніңше, керісінше шағын несиелерді аларда рұқсат енгізу керек. Себебі ойынқұмарлар, бәс тігетіндер қомақты несие емес, микроқаржы ұйымдарынан аз ақша алып бастайды. Әйел адамдар да үйде отырып-ақ түрлі курстар мен марафондарды бөліп төлеу арқылы несиеге ресімдейді. Оны жолдасы білмей жатады. Ережеде осы іспетті дүниелер бірінші кезекте ескерілгені дұрыс болар еді, — дейді ол.

Қалай болғанда да ереже қабылданды, заң бәріне ортақ. Енді шамамен 4 млн теңгеден асатын соманы банктен қарызға алуды қалайтын кез келген адам екінші жартысының ресми түрде ресімделген құжатын алуы қажет. Олай болмаса, несие де жоқ. Мұндай талаптың енгізілуі дұрыс па, әлде бұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.