Қаржы саласы тұтас елдің дамуына тікелей әсер ететін бағыттардың бірі десек, артық айтқандық емес. Себебі елдегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, әлеуметтік нысандар мен жолдардың салынуы сияқты келелі істердің барлығы қазынадағы қаражатқа келіп тіреледі. Сондықтан аталмыш сала қызметкерлеріне артылатын жауапкершілік жүгі зор.

Сол жауапкершілікті 40 жылдан астам уақыт бойы қайыспай көтеріп, ісін тиянақты атқаруы арқылы талай мәселелердің шешім табуына сүбелі үлес қосқан қызметкерлердің бірі – Фанар Қайыргелдина. Салық саласының ардагері Фанар Дәулетқызы 1962 жылы Ақмола облысына қарасты Тайтөбе ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Целиноград ауданы Қосшы ауылындағы орта мектепті тәмамдаған соң қаржы мамандығын меңгеруді қалады. Сөйтіп, балалық арманның жетегімен жоғары оқу орнына түсіп, 1983 жылы Целиноград қаржы экономика техникумын мемлекеттік бюджет мамандығы бойынша тәмамдады. Білімін одан әрі жетілдіру үшін Алматы қаласындағы Қазақ басқару академиясында қаржы-несие мамандығын да оқыды. Еңбек жолын осыдан тура 40 жыл бұрын Целиноград қаласы Целиноград ауданындағы қаржы бөлімінен бастады. Сол жылы Павлодар облысына қоныс аударып, қызметін Екібастұз қалалық қаржы бөлімінде жалғастырды. Араға төрт жыл салып салық саласына ауысты. Сол 1991 жылдан бері мемлекеттік кіріс бағытында табан аудармастан еңбек етті. Яғни, тәуелсіз елдегі салық жүйесі құрылуының негізінде болды. Қызметтік жолын қатардағы инспектордан бастап, бөлім басшысы лауазымына дейін жоғарылады. Бұл қызметті 16 жылдан астам уақыт бойы атқарды.

— Қаржы саласында еңбек ету — оңай іс емес. Соған қарамастан әріптестерім мемлекеттік кірісті ұлғайту, бұл жүйені жетілдіру бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Бір мекемеде өз ісіне берілген жандармен қызметтес болғанда ұжымың шынымен екінші үйіңе айналады. Қаржы саласы, оның ішінде салық жүйесі өмірімнің ажырамас бөлшегі болды. Мұндай салада еңбек ету, тәжірибемен бөлісудің өзін бақытқа балаймын, — дейді ол. Бұл ретте Фанар Дәулет-қызының жаңашылдықтарды енгізудегі үлесін де атап өткен жөн. Барлық ақпараттық жүйелердің қатысушысы болып, оларды сынақтан өткізіп, кем-кетігін түзеді. Салық Кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды да електен өткізді. Сондай-ақ, қатарға қосылған жастарға бар білгенін үйретіп, бағыт-бағдар көрсете білді. Саланың тереңін түсінетін, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын шәкірттерді де тәрбиеледі. Осындай қамқорлығы, жана-шырлығы, зор қолдауы арқасында да ұжым алдында сый-құрметке ие. Осы бағыттағы сан жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қаржы министрлігі, мемлекеттік кірістер комитеті, жергілікті биліктің бірқатар марапаты табысталды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне – 100 жыл» белгісімен марапатталды. Фанар Дәулетқызы ісін ілгерілетумен қатар, отбасына көп көңіл бөліп, бала-ларының тәрбиесіне баса назар аударды. Жолдасы Мұрат Амангелдіұлымен бірге екі ұлды өсіріп, тәрбиеледі. Бүгінде немерелеріне тәлім үйрететін бақытты әже. Осы орайда өмірлік серігі Мұрат Қайыргелдиннің 2020 жылы «Еңбек ері» атағының иесі атанғанын да айта кеткен жөн. Осындай отбасылар кейінгі толқынға үлгі көрсетіп, өнеге бола алады. Талай жылғы еңбектің жемісін көру де – бір бақыт.

Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.