Жыл сайын тұрғындар мүлік және көлік салығын төлеуі тиіс. Алайда жеке меншіктегі жылжымайтын мүлігі үшін төлем жасауға құлықсыз павлодарлықтар көп. Тіпті, бірнеше жыл бойы мемлекет қазынасына ақша аудармай жүргендер бар. Кейбірінің берешегі 8 млн теңгеден асып жығылады. Ережелерді елемейтін бейқам жандардың жауапкершілігін арттырудың жолы қайсы? Салықты уақытылы төлемейтіндерге қандай шара қолданылады?

Жыл сайын қарапайым тұрғындар төлеуге міндетті салықтың екі түрі бар: бірі – жеке мүлік, екіншісі – көлік салығы. Одан түсетін қаражат – жергілікті бюджеттің бір пайызға жетер-жетпес үлесі ғана. Айталық, былтыр облыстың қазынасына 272 млрд теңге жиналды. Соның небары 2,5 млрд теңгесі – өңір азаматтарының жеке мүлкі үшін жасаған аударымы. Бұл – жалпы бюджеттің 0,9 пайызы. Ал аудандарда салықтың бұл түрі жергілікті бюджеттің үштен бір бөлігін қамтиды. Мысалы, Ертіс ауданының «қалтасындағы» қаржының 30 пайызы мүлік және көлік салығынан құралады. Сондықтан азаматтардың міндетті төлемнен жалтармағаны жөн.
Жыл сайын көлік салығын төлеуге 1 сәуірге дейін уақыт беріледі. Біздің аймақта тіркелген көлік құралдарын есепке алсақ, бір жылда одан шамамен 2,5 млрд теңге түсуі тиіс. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында атап өткендей, оны төлеуге немқұрайлы қарайтындардың қатары қалың. Бүгінде 14 621 тұрғынның көлік салығы бойынша барлығы 732 млн теңге салығы қазынаға түскен жоқ. Бұл міндетті төлемнің үштен бір бөлігі жасалмағанын білдіреді. Оның ішінде 12 мыңнан астам адам берешегін бірнеше жыл бойы «жинап» жүр.
– Сонымен қатар, проблемалық тізімде 20 азаматтың аты-жөні бар. Олардың көлік үшін төлеуі тиіс салығының сомасы 2 млн теңгеден басталып 8 млн теңгеге дейін жетеді. Әзірге олардан аталған соманы толығымен өндіріп алатын мүмкіндік болмай тұр. Кейбірі тіркелген мекенжайында тұрмайды, енді бірі шетелге қоныс аударған. Сондай-ақ, борышкерлердің арасында жазасын өтеушілер, жұмыссыздар, зейнеткерлер бар. Кейбіреуінде салық салынатын көлік қолданыста болмаса да, әкімшілік полицияның тіркеуінде тұр. Қарызды толығымен өтемесе, оны тіркеуден шығара алмайды. Осындай кедергілер жиналған қарызды қайтаруға мүмкіндік бермей отыр, – дейді Е.Ғаббасов.
Ал мемлекеттік кірістер департаментінің құзыретінде жеке тұлғалардың берешегін өндіріп алудың тікелей тетігі жоқ. Тұрғынның қарызы бір айлық есептік көрсеткіш көлемінен асқан жағдайда ғана салықтық бұйрық дайындап, оны жеке сот орындаушыларына тапсырады. Жыл басынан бері осындай 10 126 бұйрық жіберілді. Соның нәтижесінде 1,5 мың азаматтың тұрғын үйіне, 4 мың адамның банктегі жеке шотына бұғаттау қойылды. Сол сияқты 19 көлік айыптұрағына алынды. Тәжірибе көрсеткендей, осындай шаралардан соң тұрғындар берешегін тез өтеуге тырысады.
Бұл ретте Ерболат Ғаббасов мүлік салығын төлейтін уақыттың таяп қалғанын еске салды. Өңір тұрғындары 1 қазанға дейін жеке меншіктегі баспанасы үшін мемлекетке міндетті төлемді аударуы керек. Әдетте жыл сайын салықтың бұл түрінен бюджетке 330-340 млн теңге түседі. Былтырдан бері 24 мыңнан астам тұрғын 67,8 млн теңге болатын мүлік салығын төлемей жүр. Олардың қатарын толтырмас үшін белгіленген көлемдегі салықты «Қазпошта», екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері, «e-salyq Azamat» және банктердің мобильді қосымшалары арқылы уақытылы аударым жасаған абзал.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.